Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Электоралдық белсенділік азаматтық бірегейлік факторы ретінде» тақырыбында жалпы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. «АМАNАТ» партиясының Қоғамдық саясат институты, АҚДМ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірігіп ұйымдастырған шара оффлайн форматпен қатар онлайн режимде де жүрді. Оған республикамыздың түкпір-түкпірінен отандық және шетелдік сарапшылар қосылды. Ал университеттің бас кампусындағы Ғылыми кеңестің мәжіліс залында «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров, Парламент Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская, ҚХА Төрағасы орынбасары Марат Әзілханов, университет ректоры Ерлан Сыдықов сәлем сөз сөйлеп, Президент жанындағы ҚСЗИ, М.Ломоносов атындағы ММУ (Ресей), Сан Пабло CEU университеті (Испания), «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметкерлері мен израильдік құқық қорғаушы баяндама жасады. Өз сөзінде «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек дауыс берушілердің электоралдық белсенділігін арттыру маңыздылығына тоқтала кетті.
«Дамыған және еркін азаматтық қоғам – тиімді мемлекеттік институттар жүйесінің, сындарлы қоғамның және елдегі заңдылық пен тәртіптің қалыптасуының кепілі. Әрі біздің осы мемлекетіміздің әрі қарай дамуының өзегі болмақ. Бүгінде мемлекеттік билік қоғамның жеке азаматтық және саяси пікірін білдіру мүмкіндіктерінің аясын кеңейту үстінде. Өздеріңіз білесіздер, ол қазір еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі ең маңызды трансформация кезеңінен өтуде. Ол – саяси реформалар пакеті институционалдық қайта құруға бағытталған жаңа бастамалар және үздіксіз сайлау жүйесі. Бұл қадамдар біздің еліміздің, жалпы әділеттілігіміздің негізіне айналмақ. Мәселен, жергілікті әкімдерді сайлау, яки ауыл әкімдерін сайлау үрдісіне көштік. Мұның өзі – осы азаматтық бірегейлікті сақтаудағы алғышарттардың негізі. Одан бөлек, пропорционалды, мажоритарлық сайлаудың енгізіліп жатқаны да осы бірегейлікті одан сайын нығайта түсетін болады», – деді Дәулет Жамаубайұлы.Сондай-ақ өз сөзінде Партия хатшысы көппартиялық мүмкіндіктер, мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер күшке ие платформалар туралы тоқтала келіп, қоғамдағы түрлі көзқарасты ортақ мүддеге жұмылдыра алатын негізгі қадамдарға назар аудартты. Соның бірі – Ұлттық құрылтай. Жаңа реформалардың арқасында халықтың саяси мәдениеті де арта түсетін болады. Оның ажырамас бір бөлшегі – электоралды белсенділік. Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Юлия Кучинская электоралды кезеңнің мүмкіндіктерін қолайлы пайдалану жайын айтты.
«Бүгінде әлемде де, біздің қоғамда да өтіп жатқан оқиғалар ғылыми түрде зерделеуді талап етеді. Оларды терең талдап түсінгенде ғана біз алдағы күнге қателеспей болжам жасап, шешімдер қабылдайтын боламыз. Соның ішінде электоралды процестердің де алатын орны ерекше. Әсіресе, электоралдық циклдардың сақталуы азаматтық қоғамның нығая түсуіне сеп болмақ. Мұндай мүмкіндікті дұрыс пайдалана білген маңызды. Өйткені кез келген мемлекетте сайлау дегеніміз – үлкен маңызға ие кезең. Бұл жолы да біз түбегейлі өзгерістерге ие сондай кезеңнен өтудеміз. Осы ерекшелігі электоралды белсенділіктің азаматтық бірегейліктегі маңыздығын еселеп отыр. Сондықтан да біз оны барынша игілікті мақсатта пайдаланып қалуымыз керек», – деді ол. Жиында одан да өзге көптеген түйінді ой, тұжырымды пікірлер айтылды. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Президент сайлауын өткізу елдің болашағы үшін қажет екенін айтты. «Президент сайлауы – тұрақтылық пен өз елінің тағдырына араласу таңдауы. Әділ сайлаусыз демократия болмайды. Бұл Ұлы дала заманынан келе жатқан дәстүр. Тарихтан «ақ киізге көтеріп хан сайлаған» замандарды білеміз. Ендеше сайлау дәстүрі Қазақстанда кеше-бүгін пайда болған жоқ. Солардың қайсысында да әділеттілікті ту еткен», – деді ол.Баяндамашылар арасында да электоралды процестердің маңыздылығына дәл баға беріп, оның Қазақстандағы ерекшелігін жоғары бағалағандары көп болды. Солардың ішінде халықтың белсенділігі, Жаңа Қазақстандағы жаңғыру, халықаралық тәжірибе мен баға жайы сөз етілді.
«Елімізде жастардың электоралдық белсенділігі артып келеді. Оны мен үш әлеуметтік саяси зерттеулерге сүйеніп жасап отырмын. Мысалы, 2019 жылы елімізде жастардың сайлауға келу үлесі 30%-дан астамды құрады. Ал 2020 жылы пандемияға байланысты ол төмендеп кетті. 2021 жылы өткен Парламент сайлауында 26-27%-ға жетті. Бұл қалай дегенде де бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда біраз артқаны. Мысалы, Еуропа елдерімен салыстыратын болсақ, ол жақта бұл көрсеткіш ең төмен дегенде 38%-ды құрайды. Айталық, Ұлыбританияда 2015 жылы сайлауда жастардың үлесі осындай болған болса, 2016 жылы өткен BREXIT кезінде бұл көрсеткіш 56%-ға жетті. Франция, Германия елдерінде бұл үлес 60-70%-ға дейін барады. Сондықтан да түрлі шараларды қолданып халықтың, соның ішінде жастардың белсенділігін арттыру керек», – дейді «АМАНАТ» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Садуақасова. Сарапшының айтуынша, электронды дауыс беру тәсілін, праймериз әдісін, әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, жастардың электоралды белсенділігін арттыруға болады екен. Одан бөлек, мектепте жүргенде-ақ сайлау заңдылықтарын оқытып, мектеп «президентін» сайлау сияқты тәжірибені жандандыра түсу керек.Іс-шараның соңында сайлау үрдістері мен азаматтық бірегейлік мәселелері талқыланып, конференцияға қатысушылар сайлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастырудың маңызды аспектілерін көрсететін қарар қабылдады.