Ертең, яғни 18 қараша күні Шымкенттегі «Көрме» орталығында Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтеді. Іс-шара сағат 09:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғаспақ. Еліміздегі әсем қалалардың бірі, үшінші мегаполистен үй алғысы келгендер осы уақыт аралығында жәрмеңкеге қатысып, мұнда ұсынылатын тұрғын үйлерді және оларды тиімді шарттармен алу жолдарын біле алады.
Тұрғын үй жәрмеңкесін еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк – «Отбасы банк» ұйымдастырып отыр.
«Шымкент қаласында ертең өтетін кең ауқымды жәрмеңкеде 20-ға жуық ірі құрылыс компаниялары өздерінің тұрғын үй нысандарын таныстырады. Олардың қатарында: BI Group, Базис-А, OKS, Батсу, Kanfar, Orda Invest, Отаu Group, Art Kurylys, СПК Шымкент, Эристайл, Capital City, Altyn Land, Feb group, Ердам, South company, 01 kz bulding және Дамдес сияқты құрылыс салушылар бар. Бүгінде қаламызда құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Келушілерге таныстырылатын үйлердің ішінде құрылысы жүріп жатқан, аяқталған, тіпті 2024 жылы пайдалануға берілетін нысандар да бар. Салымшылар іргетасы енді қаланып жатқан үйлерге алдын ала тапсырыс беріп қойса, әлдеқайда арзан бағада қол жеткізеді. Бұл туралы ертең өтетін іс-шарада банк өкілдері жан-жақты түсіндіріп береді», – дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиал директорының орынбасары Еркін Бақытбекұлы.