Көкшетауда қоқыс – ондаған жылдан бері қордаланып келе жатқан күрделі мәселелердің бірі. Қаладағы кез келген үйдің маңы аузы-мұрнынан шыға үйіліп, шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтардан арылмайды. Түйінді жағдай талай мінберден көтерілсе де, күні бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Қаланың бірнеше қоқыс контейнерлері алаңында кәдімгі кеміргіш – егеуқұйрықтардың қаптап кеткені жөнінде әлеуметтік желілерде жария болған жайт отқа май құйды. Ушыққан жағдай мен халық наразылығының көбеюіне байланысты қала әкімдігінде СЭС, қоқыс тасушы компания және атқарушы құзырлы органдар өкілдерімен дөңгелек үстел өтті. Қоқыс өңдейтін зауыт түгіл полигон жоқ Өңірдегі қоқыс мәселесін осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген. Облысқа Президент ретінде келген алғашқы сапарында-ақ Тоқаев қоқыс пен оны өңдеуді жолға қоюды шегелеп тапсырған. Бірақ арада үш жыл уақыт өткенімен, баяғы жартас сол жартас күйі қалған. Тіпті мүлде ушыға түскен десе де болады. Қаладағы басты екі қоқыс полигонының бірі Омбы трассасы бойындағы қоқыс орны толып, экологтар қоқыс төгуге тыйым салған. Краснояр және Элитное селосының маңындағы қоқыс полигоны тұрғындардың жанған қалдық түтіні мен газынан зәрезап болып, наразылық білдіруінен кейін жабылған. Алайда, полигонның жабылып, қоқыстың төгілмеуі экологиялық жағдайға оң әсерін тигізбеген. Өндірістік процестің тоқтауы салдарынан қалдықтардың тұтанып, жағымсыз иістің елді мекендерге қарай тарауы халықты әбден қинаған. Қоқыс төгетін басқа заңды полигон болмағаннан, Омбы трассасындағы ескі полигонға қоқысты төгу одан әрі жалғасты. Ал Мемлекет басшысы жүктеген тапсырма – қоқысты қайта өңдеп, зауыт салу құр сөзге айналған сияқты... Өйткені күні бүгінге дейін зауыт салынбақ түгілі, өнеркәсіп салатын инвестор да табылды. Қоқыс тасушы компаниялар мен тиісті мемлекеттік органдардың басын қосқан дөңгелек үстелде аталған жайлардың бәрі жіпке тізілді. Қала әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісовтың айтуынша, қоқыс өңдеу зауытын салуға арналған жер, басқа да құжаттардың барлығы дайын. Дегенмен осыған дейін қоқыс өңдейтін зауыт саламыз деп келісімге келген кореялық компания сол күйі хабарсыз кеткен. Басқа да инвестиция саламын деп келген бірнеше кәсіпкермен де келіссөздің еш нәтижесі болмапты. Әкім орынбасарының есебінше, қалада жаңа қоқыс полигонын салуға кемінде 4-4,5 жыл уақыт қажет.
– Жергілікті атқарушы орган ретінде қоқыс өңдеу зауытын салуға бірнеше компаниямен келіссөздер жүргізілген. Бірақ компаниялардың сол күйі еш байланыссыз қалуынан әзірге бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр. Кореялық компанияның жоспарына сәйкес барлық экологиялық талаптарға сай қоқыстар жағылып, қалдықтар энергия шығаруға пайдаланылуы тиіс болатын. Қазіргі уақытта Ақтөбеде қоқыс өңдеу зауытын салған «Клин Сити» фирмасымен жұмыс жүргізбекпіз. Әзірге мәселе ашық күйде. Жаңа қоқыс полигонын салу үшін құжаттар әзірленіп жатыр. Біз кез келген инвестормен жұмыс істеуге әзірміз. Қоқыстардың шығарылуы бойынша күрделі мәселелер бар. Қазіргі уақытта қалада «Көкше Тазалық» ЖШС-і, «Елемесов А.Р.» ЖК және EcoGroup 2020 ЖШС-і айналысады. Бірақ қоқыс контейнерлері мен алаңдарының жетіспеушілігі, тарифтің көтерілуі, халықтың уақытында төлем жасамауының салдары бірталай қиындық тудыруда. Қазіргі уақытта әкімдік уақытша қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін аумағы 20 гектар жер учаскесін бөлу жайын қарастырып жатыр. Менің есебім бойынша жаңа қоқыс полигонын салуға кемінде төрт яки төрт жарым жыл уақыт қажет, – дейді Дәулет Жүнісов.Егеуқұйрықтар өріп жүр Қиындықтар демекші, шаһардың бірнеше қоқыс алаңында, атап айтқанда, Әуелбеков көшесі 160, 162 мекенжайларында кеміргіш егеуқұйрықтардың қаптап кеткені жөнінде бейнероликтер әлеуметтік желілерде жүр. Бірі тіпті Ю.Гагарин атындағы балабақшаның жанында тұрғаны жұрттың ызасын тудырған. «Қоқыс төгуге қорқамыз», «Қыс басталса пәтерлерімізді басып кетуі де ғажап емес» деген тұрғындар қоқыста егеуқұйрықтардың тайраңдап жүргеніне бірнеше жыл болғанын да айтып қалды. Сонымен қатар тұрғындар ернеуінен асып шашылып жататын тұрмыстық қалдықтардың төгілмейтіні жөнінде талай шағымданған. Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі егеуқұйрықтар «сайрандаған» қоқыс алаңдарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілгенін жеткізді. Дегенмен тұрғындар тұтас қала аумағында егеуқұйрықтардың өріп жүргенін айтады.
– Қоқыс уақытында төгілмейді. Үнемі аузы-мұрнынан асып шашылып жатады. Ал бұл – кеміргіштер үшін «керемет жағдай». Ештеңеден қорықпастан шиқылдап өріп жүреді. Екі мекенжай емес, қаланың барлық аумағындағы қоқыс контейнерлерінде, тіпті үйлердің жертөлелеріне, подъездерінде егеуқұйрықтар өріп жүр», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Арай Шәкеева.Қоқыс контейнерлері мен алаңдарында егеуқұйрықтардың өріп жүргеніне байланысты облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина да түсініктеме берді.
«Қалалық ТҮКШ бөліміне жыл сайын дератизация жүргізуге қаржы бөлінеді. Биыл аталған қызметті өткізуге 782 745 теңге бөлінген. Мердігер – ArtStroy NS компаниясы. Кеміргіштерді жою шарасы биыл 15 мамырдан 15 қазанға дейінгі аралықта 220 учаскеде жүргізілген. Қазіргі уақытта «Көкше-Тазалық» ЖШС-і, Greensiti және «Елемесов» ЖК аталған контейнерлер алаңындағы қоқысты шығаруда. Контейнер алаңдары жоғарыда аталған кәсіпорындардың балансында жоқ. Яғни иесіз болып табылады. Осыған байланысты ПИК-ке (КСК) профилактикалық шараларды уақытында өткізбеу фактісімен жоспардан тыс тексеріс өткізу мәселесі қаралуда. Сондай-ақ ПИК-тер, жергілікті атқарушы органдар, профилактикалық дератизация өткізуші кәсіпорындармен жиын өткізу жоспарланды, – дейді Айнагүл Мусина.Қоқыс тасушы компаниялар мәселеге қатысты өз уәжі барын жеткізді. Айтуынша, қала тұрғындары адамдардың санын жасырып, уақытында төлем жасамайды. Қоқыс тасушы компаниялармен келісімшарт жасаудан қашады. Салдарынан қоқыс компанияларына тұрғындардың жылдар бойы төленбеген қарызы миллиондап саналатын болған.
– Жанармай, қосалқы бөлшектер, басқа да материалдар қазір екі-үш есеге дейін қымбаттап кетті. Ал тұрғындар нақты тұратын адамдардың санын жасырады. Қоқыс үшін уақытында төлем жүргізбейді. Қазіргі таңда «Көкше Тазалық» ЖШС-не тұрғындардың қарызы 55 миллион теңге, «Елемесов» ЖК қарызы 20 миллион теңгеден асып жығылды. «Шанхайда» (Станционный кенті) осы көктемде 300 үйді аралап келісімшарт жасаспақ болдық. Соның тек жиырмасы ғана келісімшарт жасасты. Қалғаны бас тартты. Заңдастырылған қоқыс алаңдары мен контейнерлері де жетіспейді. Біздегі қолда бар деректер бойынша 110 мың адам болғанымен, шын мәнінде 165 мың, кей деректерде 190 мың халық бар делінеді. Қазіргі уақытта 756 контейнер жетіспейді. Туындаған мәселелерге байланысты біз осы жылдың желтоқсанында өз жұмысымызды тоқтатқалы отырмыз, – дейді «Көкше-Тазалық» ЖШС-нің директоры Олег Топорков.Қоқыс тасушы компаниялар заңнамаға сәйкес контейнер алаңдарын салу, иесіз контейнерлердің құқықтық құжаттарын жасау, ірі габаритті қоқыстарды төгу сияқты мәселелерге байланысты тариф бағасы көтерілетінін де атады. P.S.
Қысқасы, Көкшетаудағы қоқыс «қуырдақты түйе сойғанда көресің» дейтіндей жағдайда тұр. Онсыз да күрделі мәселе одан сайын ушығып, егеуқұйрықтар мен басқа да кеміргіштер қаптап кете ме деген қауіп те жоқ емес. Әкімдік пен тиісті органдар жұмыстардың жүргізіліп, тиісті шешімнің табылатынын айтады. Бәрін уақыт көрсетер...
Ақмола облысы