Ақмола облысында да кезектен тыс президент сайлауына қатысушылардың белсенділігі жоғары. Қазіргі уақытқа дейін өңірдегі 517 031 сайлаушының 51,04 пайызы дауыс беріп үлгерген. Тәуелсіз байқаушылардың мәліметінше, сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде әзірге ешқандай заңбұзушылықтар тіркелмеген. Сайлаудың әділ және ашық өтуін партиялық және облыстағы қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктермен қатар тәуелсіз байқаушылар мен шетелдік байқаушылар да бақылауға алған. Облыста жалпы саны 737 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Облыстық партиялық емес байқаушылар орталығының төрағасы Ерлан Зәкірияновтың айтуынша, кезектен тыс президент сайлауына сайлаушылар таңмен таласа барып сайлауға белсенді түрде қатысуда. – Ақмола облысында партиялық емес сайлаушылар орталығынан 1467 байқаушы жұмыс атқаруда. Көкшетау қаласында 57 сайлау учаскесі бар. Барлық сайлау учаскесінде болмасақ та, 3-4 сайлау учаскесінде болып, сайлаудың ұйымдастырылуы мен өту барысын байқап қайттым. Біздің мақсатымыз – сайлау процесіне араласпай, сайлаудың әділ әрі ашық өтуін қадағалауға күш салу. Жалпы, қазіргі уақытта еліміздегі қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің сайлауға байқаушы болып қатысуға қызығушылығы жоғары. Бұл сайлаудың басқа сайлаулардан ерекшелігі – байқаушылардың барлық сайлау учаскелерінде көбейіп, дауыс берудің әділ әрі ашық түрде өтуіне зор назар аударылып отыр. Өңірде Италия және Литвадан келген байқаушылар да сайлау процесін бақылауға алған. Заңға қайшылық болған жағдайда оны дереу тоқтатып, әділдік болуын талап етеміз. Егер сайлау учаскесінде заңбұзушылықтар анықталған жағдайда арнайы бекітілген акт құжаттары толтырылып, сайлау учаскесінің төрағасына тапсырылады. Қазіргі уақытта өңірдегі партиялық емес байқаушылар орталығы облыстағы 19 аудан мен екі қаладағы байқаушыларымызға барып шықтық. Байқаушылардың көзқарасы ашық. Байқаушыларға арнайы семинарлар ұйымдастырылып, арнайы заң құжаттары бар блокноттар тапсырылып, барлық ситуацияда қандай әрекет жасау қажеттігі түсіндірілді, – дейді Ақмола облысы партиялық емес байқаушылар орталығының төрағасы Ерлан Жәкімұлы. Байқаушылардың мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін Ақмола облысында ешқандай заңбұзушылықтар анықталмаған.