Түркістанда Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық түркітанушылар конгресі өтті.
Конгреске қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
«Ұлт ұстазы» атанған Ахаң түбі бір, тарихы тамырлас елдер үшін аса құнды ғылыми-танымдық мұра қалдырды. Сол себепті оны барша түркі жұрты құрмет тұтады. Әзербайжан, башқұрт, өзбек, түрік халықтарының белгілі ғалымдары бас қосқан бүгінгі конгресс соның айқын дәлелі» делінген құттықтау хатта.
Конгресте ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Рамос Габриеланың Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған құттықтау сөзі бейнежазба арқылы берілді. Сонымен бірге ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билял Чакыджы құттықтау сөзін оқыды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында атқарылған маңызды іс-шаралар жөнінде баяндама жасады.
Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей ғалымдары қатысып, мазмұнды баяндамалар жасап, тұлғаның болмысын ашты. Шара аясында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық жинағының, сондай-ақ таңдамалы шығармаларының 4 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) әзірленген кітабының, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» 3 томдығының, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықовтың «Серт», «Ұстаз жолы» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Түркістан облысы