Сочи қаласында ХІІ халықаралық «АтомЕХРО – 2022» көрмесі өтіп жатыр. Мақсат – атом энергиясын адамзаттың игілігіне пайдалануды жүйелеу. Бұл туралы Aikyn.kz тілшісі хабарлайды. Пандемиядан кейін өтіп жатқан халықаралық жиында әлемнің түкпір-түкпірінен келген делегаттар атом энергиясын пайдаланудың тиімділігі, артықшылығы, қауіпсіздігі мәселесін екі күннен бері талқылап жатыр. Жиында «Росатомның» бас директоры Алексей Лихачёв журналистердің өзекті сауалдарына жауап берді. Оның ішінде «Росатом» Қазақстанда атом электр стансасының құрылысына атсалысуы мүмкін бе?» деген сауалға қатысты пікірін айтты. «Біз әрқашан жобаларды тапсырыс берушінің талаптарын ескере отырып, жүзеге асырамыз. Яғни, Қазақстанға ыңғайлы болатындай етіп жұмыс істейміз», – деді Алексей Лихачёв. Сондай-ақ ол Қазақстанмен етене жақын ынтымақтастықта жұмыс істеуге «Росатом» тарапынан қызығушылық жоғары екеніне де тоқталды.
«Біз үшін Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеу өте маңызды. Кеңес заманынан бері атомға қатысты жобаларды бірлесіп іске асырғанымыз тарихтан белгілі. Қазақстанда ядролық жобаларды зерттеу, іске асыруға мүмкіндік бар, білікті мамандар көп. Ерекше атап өтер жайт, бұл жобаны жүзеге асыруға түбегейлі шешімді тапсырыс беруші, яғни Қазақстанның Президенті мен Үкіметі анықтайтынын баса айтқым келеді», – деді Алексей Лихачёв.Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуінде атом энергиясын халықтың тек қана бейбіт өмірі үшін пайдалану керек екенін айтқан болатын. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-мен тығыз ынтымақтастықта Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың негізгі қағидаттарын сақтауды қолдайтынын атап өтті.
– Ядролық қаруды қолдану туралы қауіпті мәлімдемелердің артқаны байқалады. Атом энергиясы адамзаттың орасан зор жетістігі екенін есте ұстаған жөн. Оны жойқын қару ретінде емес, халықтарымыздың тек бейбіт өмірі үшін пайдалану керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.