5 қараша күні Мемлекет басшысы бірқатар заңға жария түрде қол қойды. Соның ішінде «Прокуратура туралы» конституциялық заң да бар. Бұл еліміздегі конституциялық реформалардың жаңа белесі саналары сөзсіз. Осы орайда біз аталған заңның маңызы, қоғам дамуындағы рөлі туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевке бірқатар сұрақ қойып, сұхбаттасқан едік. – Әсет Қазақбайұлы, жаңа конституциялық заңның қабылдануына не себеп болды? Бұл заңның қабылдануын прокуратура органдары тарихындағы елеулі оқиға деп айтуға бола ма? Өйткені прокуратура қызметі алғаш рет конституциялық заңмен реттеліп отыр ғой. – Тәуелсіздік жылдары прокуратура туралы бірнеше заң қабылданды. Бұл заң – төртінші және оның басқалардан басты ерекшелігі – конституциялық мәртебеге ие болып отыр. Әрине, «Прокуратура туралы» конституциялық заңның қабылдануына бірқатар негіз болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қыркүйектегі өз Жолдауында заң үстемдік орнатпай және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмей, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын, ал заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуі керек екенін атап өткен еді. Президенттің осы айтқан сөздері прокуратура қызметін жандандыруға арқау болды. Сонымен қатар биылғы наурыздағы Жолдауында Президент прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау туралы тапсырма берді. Бұл құжаттар заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет екенін тілге тиек етті. Сол себепті 5 маусымда референдум арқылы Конституцияға енгізілген өзгерістердің бірі – прокуратураның құзыретін, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібін конституциялық заңда белгілеу жөнінде болды. Бұл түзетулер Конституцияның 83-бабына енгізілді. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы мен конституциялық реформаны жүзеге асыру мақсатында тиісті конституциялық заңның жобасы әзірленіп, оны Парламент бекітті. Осы аталған мәселелер әділетті Қазақстанда жаңа прокуратураның негізін қалауға бастау болады. – Енді «Прокуратура туралы» конституциялық заңның негізгі ережелеріне тоқтала кетсеңіз, оның басты бағыты не туралы? – Сұрағыңыз өте орынды. Конституциялық заң қадағалау қызметіне гуманистік бағыт беруді және прокуратураның құқық қорғау әлеуетін арттыруды көздеп отыр. Мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету прокуратураның негізгі міндеті болып бекітілді. Бұл құндылықтардың мемлекет үшін маңыздылығы Конституцияның 1-бабында көзделген. Конституциялық заңда прокуратура органдарының жүйесі толық ашылып жазылды және аудандық буыннан бастап орталық органға дейінгі прокуратуралардың құзыреттері айқын көрсетілді. Яғни, прокуратура қызметін реттейтін заңнама еліміздің қатардағы азаматтары үшін түсінікті, ережелері анық және оқуға жеңіл болып жазылды. Енді прокуратураның қызмет бағыттарына тоқталсақ. Прокуратура қызметінің басты мақсаты – заңның бұзылуына жол бермеу, азаматтардың құқықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау, бұзылған жағдайда оларды қалпына келтіру. Жоғарғы қадағалау қызметі әлеуметтік-экономикалық, еңбек, жер қатынастары, денсаулық сақтау және басқа да мәселелерді қамтиды. Сонымен қатар азаматтық, әкімшілік, қылмыстық процестерде, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істерді қарауда, атқарушылық іс жүргізуде заңдылықтың сақталуына қадағалау жасалады. Конституциялық заң прокуратураның қадағалау өкілеттіктерін жүйеледі, оның жұмысының кепілдіктерін нығайтты. Прокурорлардың қадағалау бойынша талаптарын орындау шарттары, тексеру жүргізудің негіздері мен тәртібі, тексеруге жататын субъектілердің құқықтары мен міндеттері жіктеліп көрсетілді. Күшіне енген актілерге баға беру функциясының мәні толық ашылып берілді. Прокуратура органдары қарайтын өтініштерге келсек, денсаулығына және өзге де жағдайларға байланысты өз бетінше қорғана алмайтын адамдардың, кәмелетке толмағандардың, шектелмеген адамдар тобының, мысалы, бір елді мекен тұрғындарының құқығын қалпына келтіру үшін, заңдылықтың бұзылу фактілері адам денсаулығына зиян келтіретін болса және басқа да реттерде прокуратура арыз-шағымдарды қарай алады. – Конституцияға енгізілген өзгерістермен Бас прокурорға жаңадан құрылған Конституциялық Сотқа өтініш жолдау құқығы берілді. Бас прокурор қандай мәселелер бойынша өтініштер жолдайды және оның тәртібі қалай болмақ? – Бұл сұрағыңызға жауап бермес бұрын прокуратураның мына құзыретіне тоқталып кеткен жөн. Конституция бекіткен прокуратура органдарының басты функцияларының бірі – жоғары қадағалау. Оны жүзеге асырудың мынадай үш формасы бар. Бірінші – заңдылықтың сақталуын тексеру, екінші – заңдылықтың жай-күйін талдау, үшінші – күшіне енген актілерді бағалау. Осы үшінші формасы, яғни күшіне енген актілерді бағалау – мемлекеттік органдардың, мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актілері мен шешімдеріне зерделеу арқылы жүргізіледі. Олар заңдарға немесе ел Президентінің Жарлықтарына қайшы келсе, онда прокурор өзінің қадағалау актісін енгізіп, күшін жоюды немесе заңдарға сәйкес келтіруді талап етеді. Ал егер де заң және оған тәуелді нормативтік-құқықтық актілер Конституцияға қайшы болса, онда Бас прокурор оларды тексеру үшін Конституциялық Сотқа жолдайды. Демек, Бас прокурордың Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы күшіне енген актілерді бағалау бойынша құзыретінің үйлесімді жалғасы деген сөз. Сонымен қатар халықаралық шарттарды бекіткенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарау турасында, Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме беру жөнінде Конституциялық Сотқа өтініш жасай алады. Бас прокурорға берілген бұл құзыреттер адам құқықтарын қорғау мен қалпына келтіру тиімділігін арттырады. – Егер азаматтарымыздың құқықтары бұзылса, прокурор қоғам өмірінің кез келген саласына араласа ма? – «Прокуратура туралы» конституциялық заңның 1-бабына сәйкес оның қызметінің басты мақсаты ел аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыру. Алдымен қылмыстық салаға тоқталсақ. Қылмыстық-процестік заңнамада қылмыс тіркелген сәттен бастап, жаза өтеліп болғанға дейінгі барлық сатыда заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және қалпына келтіру, жалпы қылмысқа қарсы күресті үйлестіру жөніндегі прокурорлардың нақты міндеттері айқындалған. 2021 жылдан бері тергеу органдарының адамды күдікті ретінде тану, оның жасаған қылмысын саралау, тергеу мерзімдерін үзу туралы шешімдері міндетті түрде прокурормен келісіледі. Сонымен қатар прокурор қылмыстық істі тоқтату, қылмыстық қудалау туралы, бұйрық өндірісін қолдану туралы қаулыларды, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекітеді. Жыл басынан бері тергеу сатысының ең басты қорытынды құжаты – айыптау актісін прокурор өзі әзірлеп, бекітетін болды. Қылмыстық істер бойынша тергеу сатысына енгізілген бұл тәртіп азаматтарды негізсіз айыптаудан және құқын шектеуден қорғауды қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға арналған. Енді қылмыстық істер бойынша сотта айыптауды қолдауға келсек. Мемлекеттік айыптауды қолдаған кезде прокурорлар ең алдымен кінәсіздік презумпциясын, заңдылық, әділдік, жазаның бұлтартпастығы принциптерін басшылыққа алады. Қылмыстық-атқару саласында қадағалау сот үкімі күшіне енген сәттен бастап және адамның соттылығы алынғанға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Яғни, адам құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі прокуратураның құзыреттері қылмыстық қудалау саласының барлық сатысын қамтиды. Ал енді қылмыстық қудалаудан тыс мәселелерге келсек, әлеуметтік-экономикалық салада прокурор жасайтын тексерудің, заңдылықтың жай-күйін талдаудың, актілерді бағалаудың жүзеге асырылу тәсілдері, мерзімдері мен нақты объектілері, тексерілетін субъектілердің құқықтары және басқа да мәселелер заңда жіктеп көрсетілген. Мысалы, Мемлекет басшысы немесе Бас прокурор тапсырма берген жағдайда ғана прокурор жеке кәсіпкерлердің жұмысын тексере алады. Заңда кәсіпкерлердің қызметіне ретсіз араласуға жол бермеу үшін осындай шектеулер қойылған. Облыс және аудан прокурорлары осы конституциялық заңда көрсетілген мәселелер шегінде ғана тексерулер тағайындап, оны жүргізеді, атап айтсақ, денсаулығына байланысты немесе басқа себептермен өз бетінше қорғана алмайтын адамдардың, кәмелетке толмағандардың, шектелмеген адамдар тобының құқықтарын қорғау қажет болса, заңдылықтың бұзылуынан адам денсаулығына зардап келуі мүмкін болса және өзге де мәселелер туындағанда тексеру тағайындалуы мүмкін. Конституциялық заң мемлекеттік органдар жеке кәсіпкерлер қызметіне заңсыз араласқан жағдайда, оларды қорғау үшін прокурорларды тексеру жасау туралы шешім қабылдауға міндеттейді. – Прокурор заңбұзушылықты анықтаған жағдайда қандай шешімдер қабылдауға құқылы? – Бұл мәселе конституциялық заңда толық реттелген. Заңбұзушылықтар бойынша прокурор қадағалау және ден қою актілерін енгізе алады. Прокурорлық қадағалау актілеріне: наразылық, санкция, нұсқау, ұсыну, қаулы жатады, ал прокурорлық ден қою актілеріне – өтінішхат, талап-арыз, үндеу, заңдардың бұзылуына жол берілмеу туралы түсіндірме жатады. Прокурорлық қадағалау және ден қою актілері заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау, өтініштерді қарау нәтижелері бойынша қабылданады. Бұл актілер мемлекеттік органдар, ұйымдар және лауазымды адамдар үшін орындауға міндетті. Мысалы, Конституцияға, заңдарға, Президенттің Жарлықтарына қайшы келетін мемлекеттік органдардың, мекемелердің, лауазымды адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне прокурордың наразылық білдіру құқығы бар. Өз қаулысымен мемлекеттік органдардың, мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің заңсыз тыйым салу не шектеу шараларының күшін жоя алады. – Тексеру жүргізу кезінде прокурорлар басқа бақылаушы органдардың құзыреттерін алмастырып жүрмей ме? – Бұл сұраққа жауап бермес бұрын мынаны ескерген жөн деп ойлаймын. Прокуратура – еліміздің аумағында заңның дұрыс қолданылуын қадағалайтын және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуші мемлекеттік органдардың бірі. Тәуелсіздік жылдары прокуратурадан басқа да уәкілетті органдар қалыптастырылды, сот билігінің шеңбері ұлғайып, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтірудің жаңа механизмдері жасақталды. Мысалы, азаматтық дауларды шешуде адвокаттар мен кәсіби заңгерлердің рөлі күшейді. Бітімгершілік келісім жасасу, медиация рәсімдері сияқты механизмдер енгізілді, нотариустардың мүмкіндіктері кеңейтілді, азаматтарға білікті заң көмегін көрсету жетілдірілді. Соңғы екі жылдың ішінде әкімшілік юстиция жұмыс істеп жатыр. Конституцияға сәйкес жоғары қадағалаудың маңызы мынада –прокуратураға өзге бақылаушы-қадағалаушы органдардың үстінен қадағалау жасау жүктелген. Конституциялық Кеңес, жоғары қадағалау терминіне түсіндірме бере келе, осындай жауап берді. Конституциялық заңға келсек, ол прокуратура органдарына басқа мемлекеттік органдарды алмастыруға тыйым салады. Яғни, бұл дегеніміз басқа органдардың, мысалы, кедендік, салықтық бақылау, көлік, еңбек инспекторлары, санитарлық-эпидемиялогиялық қызметтің құзыреттерін алмастырмайды дегенді білдіреді. Әйткенмен, бір мәселеге назар аударғым келеді. Егер адамның құқықтарын қорғайтын уәкілетті орган жоқ болса немесе уәкілетті орган өтініштерді жөнді қарамаса, онда оны прокуратура қарай алады. Сонымен қатар өндірісіндегі материалдар, өтініштер бойынша уәкілетті органдарға сараптама жасауды, тексеру жүргізуді тапсыра алады. Прокурордың мұндай талаптарын дер кезінде орындау жауапты уәкілетті органдарға жүктеледі. Қадағалауды жүзеге асырған кезде прокурорлар басқа бақылаушы-қадағалаушы органдардың деректерін, мәліметтерін қолдануға құқылы. Заңдылықты қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруші орган ретінде оларға бағыт-бағдар беріп, өкілеттіктерін жүзеге асыруға ықпал етеді, олардың тексеру жасауына бағыт беріп, бейімдейді. Сол арқылы уәкілетті органдарды заң бұзуға жол бермеуге жұмылдырады. Мысалы, талдау жасау нәтижесі бойынша уәкілетті органның алдына тиісті шаралар қолдану туралы мәселелер қойып, ұсыныстар енгізе алады. – Осы заңдылықтың жай-күйін талдау туралы түсіндіріп берсеңіз... – Талдау дегеніміз – жоғары қадағалаудың бір құралы. Мұндай жұмыстарды прокурор мекемелерге бармай, яғни олардың күнделікті жұмысына кедергі келтірмей орындайды. Талдау жекелеген салалардағы жағдайға мониторинг жасау немесе ақпарат көздерінен алған деректер, арыз-шағымдар, мемлекеттік органдардан, өзге ұйымдар мен мекемелерден алынған ақпараттар, құжаттар мен материалдар негізінде жүргізіледі. Сондай-ақ статистикалық мәліметтер, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істер пайдаланылады. Қазір, мысалы аумақтық прокурорлар жоспарлы түрде бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығы мен тиімділігі, көлік қауіпсіздігі, экологиялық, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және басқа да мәселелер бойынша талдау жүргізеді. Талдау жасау кезінде кейбір мәліметтер немесе құжаттарды зерделеу қажеттілігі туындаса, оларды алдыра алады, сонымен қатар лауазымды адамдарды, заңды тұлғалардың өкілдерін түсініктемелер алу үшін шақыруы да мүмкін. – Заңда прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өзара іс-қимыл жасайды деп көрсетілген. Бұл қалай орындалмақ? – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конституциялық орган және оның да біздің де қызмет мақсатымыз бір – адамдар мен азаматтардың құқығын қорғау, бұзылған болса, қалпына келтіру. Сондықтан прокуратура Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметіне қажетті көмегін беретін болады. Өйткені заңсыздықтан зардап шеккендер өздерінің мұңын айтып прокуратураға және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге келеді. Өздеріңізге белгілі, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заңға да Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл заңда мемлекеттік органдармен қарым-қатынас негіздері, өз құзыретін орындау кезінде басқа уәкілетті органдар көмегімен жүзеге асыратын өкілеттіктері көзделген. Жалпы, қазірдің өзінде прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арасында қарым-қатынас қалыптасқан, өзара жедел ақпарат алмасуды жолға қойдық. Бірігіп жұмыс істеу алгоритмін одан әрі жетілдіреміз деп ойлаймын. Қазіргі жағдайға келсек, көбіне Адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтардан келіп түскен өтініштерді, әсіресе қылмыстық қудалау мен қоғамнан оқшаулау мекемелерінің қызметіне арыз-шағымдарды тексеру үшін Бас прокуратураға жолдайды. Прокурорлар оларды тексеріп, негіз болған жағдайларда тиісті шаралар қолданады, қадағалау актілерін енгізеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл осыдан 9 жыл бұрын құрылған Ұлттық алдын алу тетігінің жұмысын үйлестіруші. Аталған институттың жұмысы шеңберінде де Бас прокуратура өзінің құзыреті аясында Уәкілге көмек көрсетіп, бас бостандығынан айыру мекемелерін превентивті тексерулер кезінде ықпалдастық етеді. Осы жылдың басынан бері Адам құқықтары жөніндегі өкілмен бірлесіп бірнеше мәрте бас бостандығынан айыру мекемелері мен тергеу изоляторлары тексерілді. Тексеру кезінде бірқатар сотталған адамның бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, соның ішінде – әлеуметтік төлемдер алу, еңбек ақы төлеу және басқа да мәселелер. Өткенде Президент қол қойған заңдармен азаптау туралы істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру прокуратураға жүктелді. қаңтардан бастап азаптауларды прокурор тергейтін болады. Бұл заңнамалық өзгерістер Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі өкіл арасындағы өзара байланыстың негізгі бір бағыты болады деп пайымдаймын. – Әсет Қазақбайұлы, прокуратура жұмысының ауыр да жауапты екені белгілі. Прокурорлар қабылдаған шешімдер адам тағдырымен байланысты. Жалпы алғанда, прокурор қандай болуы тиіс деп ойлайсыз? – Әрине, прокуратураның жұмысы, прокурорға жүктелген міндет өте жауапты. Сондықтан ең алдымен прокурор табанды, белсенді, алдына нақты мақсат қоя білетін, елмен тіл табысып жұмыс істей алатын, бойында ұйымдастырушылық қасиеттері бар, тез шешім қабылдауға бейім және де әділ адам болуы тиіс деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН