Астана қаласында Қазақстан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Құсбегілік федерациясы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Салтанатты іс-шараға Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли, Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Ұлттық және ат түрлері орталығының директоры Бақдаулет Сәбитов, ұлттық спорт жанашырлары мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов бұл шараның маңызын атап өтті. «Ата-бабадан мирас боп жеткен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау – сіз бен бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Бұл ретте, қолына қыран қондырған қазақтың құсбегілік өнері Жаңа Қазақстанмен бірге қайта жанданады деп сенемін», – деді ол.Құсбегілік федерацияның президенті Берік Уәли өз сөзінде «Бүгін Құсбегілік федерациясы мен Ұлттық спорт қауымдастығы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қою біздің федерацияның саятшылықты дамыту бағытындағы жұмыстардың көкжиегін кеңейтетініне кәміл сенеміз», – деді. Құсбегілік – ерте заманнан ұлы көшпенділердің тұрмысымен етене байланысқан ұлттық спорт түрі. Қазақ даласында қола дәуірден бері құс салып, аң аулайтын саятшылық өнердің кең тарағанын петроглифтегі жазулар айғақтайды.
Анықтама үшін: Қазір Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамында Көкпар, Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу, Бәйге, Тоғызқұмалақ, Садақ ату сияқты федерациялар бар. Биыл 17-30 қыркүйек аралығында Ұлттық спорт түрлері еліміздің 19 өңірінен 95 шабандоз қатысқан «Ұлы Дала жорығы» тұңғыш ат марафон-бәйгесін өткізді. 16 қазанда Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастыруымен Жаңаөзен қаласында 170 садақшының қатысуымен Дәстүрлі садақ атудан тұңғыш республикалық чемпионат өтті. 20 қазанда Тоғызқұмалақ федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрамына енді. 21-27 қарашада Ақтөбе қаласында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Тоғызқұмалақ бойынша VI әлем чемпионаты өтуде. Оған әлемнің 20 елінен келген 80 спортшы қатысып жатыр.