Сочиде ХІІ халықаралық «АТОМЕХРО – 2022» көрмесі өтті. Бас-аяғы 60 елден келген 3000-нан астам делегат атом энергетикасының артықшылығы мен тиімділігін екі күн талқылады. Халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттік (МАГАТЭ) өкілдері қатысты. «Сириустың» алаңында өткен көрмеде ғылым мен техника, заманауи технологияның жетістігі көпшілік назарына ұсынылды. Адамзаттың ғарышты игеру тарихы да ішінара қамтылды.
Жер бетінде адам саны жыл санап көбейіп келеді. БҰҰ-ның дерегінше, әлем халқының саны 8 миллиардқа жетті. Электр энергиясын тұтынушылардың да саны артатыны анық. Сонымен қатар қоршаған ортаның шектен тыс ластануы, климаттың өзгеруі, қуаңшылық, мұздықтардың еруі, мұхиттарда қоқыстың шоғырлануы да адамзаттың басты проблемасына айналды. Бір құрлықты қуаңшылық жайласа, енді бірі топан судан зардап шегіп келеді. Қысқасы, экологиялық апаттың салдары экономиканың дамуына кері әсер етіп отыр.
Сонымен қатар геосаяси ахуалдың тұрақсыздығы да алаңдатады. «Атомның жаңа тынысы: сенімді болашақ құру» тақырыбында өткен форумда жер-жаһаннан жиналған саясаткер, ғалым, сарапшы, халықаралық ұйым өкілдері ой бөлісті. Сан алуан пікір айтылды.
Көрменің ашылу салтанатында МАГАТЭ бас директорының орынбасары – Атом энергиясы департаментінің басшысы Михаил Чудаков, «Африка үшін атом» ұйымының негізін қалаған Принцесс Мтомбени, «Росатомның» бас директоры Алексей Лихачев АТОМЕХРО-ға қатысқан елдің өкілдеріне алғыс айтты. Лихачевтің пайымдауынша, кейінгі үш жылда атом энергетикасы дамып келеді.
«Атом энергиясының қолданыс аясын кеңейтуде қиындықтарды бірге жеңеміз деп сенемін. Форум атомды бейбіт мақсатта пайдалану үшін маңызды қадам болмақ», – деді Алексей Лихачев.
Қазіргі кезде жасанды интеллект, өндірісті цифрландыру өте маңызды. Сондықтан атом энергетикасы да ұдайы дамытуды қажет етеді. Баламалы энергия көздерін қарастыру, оны тиімді тәсілмен қолданысқа енгізу күрделі шаруа. Өйткені, әрбір елдің географиялық орналасуы, табиғаты, су көздеріне алыс-жақындығы да шешуші рөл атқарады.
Мұхит жағалай қоныстанған елдерде электр энергиясын өндіретін АЭС, реакторларға цунами, жер сілкінісінен төнетін қауіп басым. Мәселен, 2011 жылы 11 наурызда «Фукусима – 1» АЭС-ында жарылыс болып, радиация қаупі 7-деңгейге дейін жетті.
Қыста қар жаумайтын мемлекеттерде Күн мен желден электр энергиясын өндіруге мүмкіндік бар. Соған қарамастан, «жасыл» энергия көзін пайдалануға қол жеткізу өзекті мәселе болып тұр. Себебі, ғаламдық жылыну салдарынан мұздықтардың еруі, өндірістік қалдықтарға көмілген аймақтарда қоршаған ортаның ластануынан табиғи апат көбейді. Сондықтан апаттан зардап шеккен, гуманитарлық көмекке зәру елдердің де саны азаймай отыр. Ауруға шалдыққан, ем-домға мұқтаж тұрғындардың миграцияға әсері, әсіресе, теңіз арқылы шекаралас мемлекеттердің басты проблемасына айналды. Өйткені, барар жер, басар тау іздеген босқындардың саны да күрт көбейді. Жан сақтау үшін теңізді қайықпен жүзіп өтуге тәуекел ететін босқындардың нақты санын БҰҰ-да тап басып айта алмайды.
Форумға жиналған сарапшылардың пікірінше, өндірістік қалдықтарды азайту үшін «жасыл» энергияны қолданысқа көптеп енгізу – адамзатты тығырықтан шығаратын бірден-бір жол.
Алайда, экожүйені сақтау үшін атом энергиясын пайдалануда ең бірінші қауіпсіздікті сақтамаған ел опық жейді. Оған Чернобыль мен «Фукусима-1» АЭС-ында болған апат дәлел. 1986 жылы сәуір айында Украинадағы Чернобыль АЭС-інде 4-энергоблокта болған апаттың зардабы ауыр тиді. Чернобыль апатының қасіретін 10-нан астам мемлекет тартты. Ресми дерек бойынша 5 миллионнан астам адам зардап шекті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметінше, 4 мыңдай адам апаттың құрбаны болды. Бірақ апат салдарынан опат болғандардың нақты саны әлі күнге белгісіз. Чернобыль апатынан Қазақстан азаматтары да зардап шекті. Олар 1986-1990 жылдары апат зардабын жоюға атсалысты. Апаттың құрбандарына арнап Қазақстанның әр өңірінде ескерткіш орнатылды.
Жойқын жарылыс, АЭС-тердегі апат құрбандарының саны көп болса да, адамзат атомды пайдаланудан бас тартқан жоқ. Керісінше, болашақта салынатын АЭС, қолданылатын реакторлардың қауіпсіздігіне баса назар аударуға бекініп отыр. АТОМЕХРО аясында пленарлық отырыста АЭС салудың жай-жапсары жан-жақты талқыланды. Десе де, мамандар атом энергиясын өндіруде екі шұқып, бір қараған жөн дейді. Салғырттық сан соқтыратынын АЭС-ті пайдаланып отырған елдер жете түсінсе керек.
Алдағы 20-30 жылда «жасыл» энергияны пайдаланатын елдердің қатары көбеймек. Атап айтқанда, Бангладеш, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Египет, Сауд Арабиясы мен Африка елдері. Қазақстанда АЭС салу мәселесі қоғамда талқылап жатыр. Ал АЭС-ті пайдаланып отырған елдерде энергия тапшылығының проблемасы түбегейлі шешілге бе?
Форумда қоршаған ортаны сақтау үшін атом энергиясын пайдаланудың тиімді екенін Венгрияның Сыртқы істер және сыртқы экономикалық байланыс министрі Питер Сийярто айтты. Оның пікірінше, жыл сайын электр энергиясына сұраныс өсіп келеді.
«Бүгінде біздің елде төрт атом энергоблогы жұмыс істеп тұр. Бұл бізге жылына атом генерациясының көмегімен 100 миллион тонна көмірқышқыл газын ауаға таратпаудың алдын алып отырмыз. Яғни, табиғатты сақтауға көмегі көп. «Пакш» АЭС-ның («Пакш» – Венгрияда кеңестік жобамен салынған, 4 ВВЭР реакторы жұмыс істеп тұрған АЭС – ред.) қондырғылары жаңартылғаннан кейін қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығару үлесі тағы да азаяды. Сондай-ақ атомның көмегімен елде электр энергиясы бағасының тұрақты болатынына тұтынушыларға ұзақ жыл кепілдік бере аламыз. Соңғы жылдары әлем сан түрлі себеппен энергетикалық дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр. Энергия балансын сақтауда атомның үлесі неғұрлым көп болса, соғұрлым қауіпсіз болар еді», – деді Питер Сийярто.
Пленарлық отырысқа қатысқан Беларуссияның Энергетика министрі Виктор Каранкевич АЭС салуға бекініп отырған елдің өкілдеріне өз тәжірибесін айтып, ой бөлісті.
«Белоруссияда АЭС салу біз үшін тарихи шешім болды. Тәуекелге бел будық. 1-энергоблок ВВЭР-1200 реакторымен жұмыс істеп тұр. АЭС салу арқылы энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге қадам жасадық. 1-энергоблок іске қосылған күннен бастап 9,6 миллиард кВтсағaттан астам электр энергиясы өндірілді. 2-энергоблокты іске қоссақ, елдегі электр энергиясына деген сұраныстың 40 процентін қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар», – дейді Виктор Каранкевич.
Атом энергетикасына салған инвестиция шығынды толықтай өтейді деп санайтын елдің бірі – Бангладеш. Бангладештің Ғылым және технологиялар министрі Яфеш Осман форумға арнайы келген. Себебі, халқы тығыз қоныстанған елде электр энергиясына деген сұраныс күн санап артып отыр. Оның айтуынша, «жасыл» энергияны пайдалану, әсіресе, халық саны көп ел үшін тығырықтан шығатын жол.
«Атом энергетикасына инвестиция салудың тәуекелі жоғары десе де, ұзақмерзімді жоба шығынды толығымен өтейді. Ең бастысы, электр энергиясына тұрақты тарифті қамтамасыз ету мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Бангладеште АЭС салу экономиканың дамуына жол ашады. Тұтынушы саны күн санап көбейіп отырған ел үшін тиімді. Жаңа технологияны қолданысқа енгізу арқылы елімізде ғылымды дамыта аламыз. Осы салада білікті мамандарды дайындаймыз», – деп санайды Яфеш Осман.
Атом энергиясының игілігін пайдаланып отырған елдің бірі – Бразилия. Пленарлық отырыста ENBPar холдингінің бас директоры Ней Занелла дос Сантос электр энегиясына сұраныс көбеймесе азаймайды. Оның пікірінше, Бразилия энергияны Күн мен желден өндіріп отыр, шамамен 90%-і ГЭС-тің еншісіне тиесілі. Сонымен қатар, баламалы энергия көздерін дамыту, оның игілігін пайдалануға болады. Атом энергиясын көкжиекті кеңейтуге мүмкіндік беретін бір ресурс ретінде қарастыруға болатынын айтады.
Форумда келешекте атом энергетикасын дамытуға бағытталған 50-ге жуық келісімге қол қойылды. Кадр даярлау, оларды қайта оқыту, тәжірибе алмасу, медицина саласын ары қарай жетілдіруде мамандар өзара әдіс алмасты. Қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік беретін техногиялардың қолданысқа енгізу мәселесін талқылады. Атом энергиясын адамзаттың игілігіне жарата алса, пайдалы екенін айтып тарқасты.
Атомды медицинада қолдану – ғылымның жетістігі. Таразының басында қауіп пен пайда қатар тұрғанда таңдау қайсысына түседі? Әлде ғалымдар «жасыл» энергияны үлесін арттырудың өзге де төте жолын таба ала ма? Табиғи апат пен ұшақ құлап, жер сілкінісіне төтеп беретін АЭС салу өз алдына бөлек мәселе. Өйткені адамзатқа қауіп төндіретін кез келген апат аңызды жоққа шығаратыны ақиқат.