Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған білім ордасының ұжымы Париждегі ҚР және Франция жоғары оқу орындарының VII форумына қатысты. Форум жұмысына Франция мен Қазақстан Республикасының 150-ден астам университеті мен ғылыми институттарының өкілдері қатысты. Іс-шара аясында қазақстандық және Франция университеттерінің көрмесі өтті. Форум барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Францияның жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің өкілі Мануэль Буар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Лорейн университетінің вице-президенті Карл Томбре, Халықаралық атом энергиясы институтының атқарушы директоры Карен Дайфук, Қазақстан және Франция жоғары оқу орындарының өзге басшылары баяндама жасады. Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ұйымдастырушыларға Қазақстан мен Францияның жоғары оқу орындарының VII форумына шақырғаны үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан алғыс білдіріп, білім беру сапасын арттыруға және жоғары оқу орындарына озық халықаралық тәжірибені енгізуге көңіл бөлу қажет екенін жеткізді.
«Әр елдің өз тәжірибесі мен әлеуеті бар. Сондықтан озық тәжірибемен алмасу, шетелдік ғылыми ұйымдармен және университеттермен ынтымақтастықты кеңейту өте маңызды. Бүгінгі форум Қазақстан мен Францияның жоғары оқу орындары үшін тәжірибе алмасу бойынша үлкен диалог алаңына айналатынына сенімдімін», – деді Жансейіт Түймебаев.Жиын барысында екі мемлекеттің университеттері арасында ынтымақтастық орнату бойынша келісімдерге қол қою рәсімі өтті. Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Париж қаласындағы саяси зерттеулер институтымен және Лотарингия университетімен меморандумға қол қойды. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев «Эрасмус+» бағдарламасы аясында Шампань-Арденна Реймс университетімен ынтымақтастықты одан әрі арттыру, студенттер мен ОПҚ алмасу туралы институционалдық келісімге қол қойды. Сонымен қатар, сапар аясында университет ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы өкілі Гүлсара Арыстанқұловамен кездесіп, ҚазҰУ мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады. Іс-шара аясында қазақстандық және Франция университеттерінің көрмесі өтті.