«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Отандастар қоры» Түркиядағы қандастар көшінің 70 жылдық тарихына арналған «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінің тұсаукесерін өткізді. Елдордада өткен ашық көрсетілімге тарихшылар, зиялы қауым және мәдениет саласының өкілдері мен журналистер қатысты.
Деректі фильмде Тибет, Үндістан мен Пәкістан арқылы өтіп, Түркиядан пана тапқан қандастар тағдыры, ұлт тарихындағы ең ұзақ саналатын қазақ көшінің тарихы баяндалады. Фильм авторы – Азат Рыстанбек.
«Жалпы, фильмді түсірудегі мақсатымыз – кейінгі буынға ұлт тарихындағы ең ұзақ, ең азапты көштің мәнін түсіндіру болды. Қиын замандардан өтіп, жат жерде тұрақтауға мәжбүр болған қандастарымыз арада қанша жылдар өтсе де әлі күнге дейін елді, туған жерді ұмытпай келеді. Атамекенін аңсаған қандастарға біздің де қамқорлығымыз, ілтипатымыз зор. Әрине, сол заманның ауыртпалығын да, біздің қандастарымызға деген құрметімізді де бір фильмге сыйғызу мүмкін емес. Мұндай жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Бүгінгі фильм де ұлт тарихындағы айтулы көштің 70 жылдығынан бөлек, екі ел арасындағы байланыстың 30 жылдығына арналып отыр», - деді шараның ашылуында Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.