Айыртау ауданының Әлжан ауылында ауыл тұрғындарына тиесілі 70 бірдей жылқы суға кетті. Көл бетіндегі жұқа мұз жылқылардың салмағын көтермей, қыл құйрықтылар суға батып кеткен. Үш күн бұрын жоғалған жылқылар Әлжан ауылының жанындағы Бакчи көліндегі қамыстардың арасынан табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Ауыл тұрғындары мен аудандық учаскелік полиция қызметкерлері жылқыларды үш күн бұрын іздеген. Бірақ іздеу жұмыстары еш нәтиже бермепті.
«Ауыл тұрғындарының 70 бас жылқысы осыдан үш күн бұрын жоғалған. Еш жерден іздеп таппаған соң полиция алғашқыда жылқыны ұрлап кетті деген қорытындыға келген. Дегенмен арада үш күн өткенде жылқылар Бакчи көлі қамыстарының арасынан табылды. Жылқылар қамысты жейміз деп барып, жұқа мұз ойылып кетіп суға батқаны анықталды. Ауыл адамдарына қатты обал болды. Ертең барып көлдегі өлген жылқыларды иелеріне қайтармақпыз, – дейді Әлжан ауылдық округының әкімі Епкін Шайгөзов.Қазір жергілікті атқарушы органдар мен полиция өкілдері аталған факт бойынша тексеріс жүргізуде.