Алматы Менеджмент университетінде «ESG және БҰҰ ТДМ-дағы инновациялық шешімдер мен көшбасшылық» атты жастар форумы өтті.
AlmaU ESG мен Тұрақты даму орталығы ұйымдастырған іс-шараға ғылым саласындағы көрнекті қайраткерлер, халықаралық ұйымдардың, ҮЕҰ-ның және корпоративтік сектордың өкілдері және Алматының жоғарғы оқу орындардың жастары қатысты.
Форумда алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген оқу орнының ректоры Гүлнар Күренкеева аталмыш шараға қатысушыларға алғысын білдіріп, мұндай жиындардың өтуі жас мамандардың білімі мен біліктілігінің артуына зор ықпал ететінін айтты. Басқосу барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форумға қатысушыларды видеоүндеу арқылы құттықтап, жастарға сәттілік тіледі. Министр, сондай-ақ, айтулы іс-шараның AlmaU-да өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
Тұрақты даму орталығы секретариатының директоры Бақытгүл Хамбар осы саладағы жетістіктері туралы әңгіме өрбітті. Ол Алматыдағы «Аналар үйі» бастамасы осы бағыттағы сәтті жобалардың бірі екенін де ерекше атап өтті.
БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, Narxoz University Қазақстанның тұрақты даму ғылыми-зерттеу институтының директоры Брендан Дюпрейлер әлемдік тәжірибе көрсеткен тұрақты дамуды алға қоюда осындай форумдардың жиі ұйымдастырылуы маңызды екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар басқосуда AlmaU-дің ғылым жөніндегі проректоры Бахытжан Саркеев «Сессия мен іс-шараның форматы, күтілетін нәтижелер» тақырыбында ауқымды баяндама жасады.
AlmaU ESG мен Тұрақты даму орталығының басшысы Айнар Нұрғалиев осы форум арқылы жастар әлеуметтік және экологиялық проблемаларды шешу жолдарымен танысып, тәжірибе алмасуға керемет мүмкіндік алғанын жасырмады.
«БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге белсенді жастарды тарту – ХХІ ғасырдағы жаһандық проблемаларды есепке алсақ, қоғам үшін маңызды. Қазіргі алмағайып кезеңде әлеуметтік жауапкершілігі мол ESG көшбасшыларын даярлауға Қазақстан баса назар аударды. Форумның мақсаты – алматылық белсенді жастарды БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының тұжырымдамасымен таныстыру. Сонымен қатар тәжірибе алмасатын, жоба қорытындыларын, ғылыми жаңалықтар мен зерттеулерді бөлісетін және жаңа идеяларды бірлесіп пысықтайтын алаң құру маңызды. Іс-шарада жастар әлеуметтік және экологиялық проблемаларды шешу жолдарымен таныса алды деп ойлаймын. Корпоративтік сектор мен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) сарапшыларынан ТДМ және ESG мәселелері бойынша қосымша білім алып, тәжірибе алмасуға да керемет мүмкіндік туып тұр», – деді AlmaU ESG мен Тұрақты даму орталығының басшысы.
Форум аясында YOLO House компаниясының өкілдері «Tik Tok платформасында қаражат жинаудың жаңа трендтері» тақырыбында болашақ мамандар үшін қызықты тренинг-семинар өткізді. Одан бөлек AlmaU студенттері жүргізген зерттеу жұмыстары да таныстырылды. Олар Lehigh университетімен бірлесе жұмыс істеп, Алматы қаласындағы ауаның ластану деңгейін анықтады.
«Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Алматы ауасы Лос-Анджелес қаласынан да лас. Еліміздегі электростанциялардағы электр қуатының 80%-ы көмірден өңделеді. Әлем тұрғындарының 92%-ы ауаның ластануынан зиян шексе, 3,5 миллион адам кеңседегі лас ауадан көз жұмады. Осы арқылы университет студенттері арнайы чип орнатылған құрылғы арқылы Алматы қаласы Бостандық ауданындағы пәтерлерге зерттеу жұмыстарын жүргізіп көрді», – деп атап өтті AlmaU студенті Умид Аблуллаев.
Ол форум кезінде студенттердің басты мақсаты Алматы тұрғындарының денсаулығына лас ауаның қаншалықты теріс әсері барын анықтап, оның шешімін табуға атсалысу екенін айтты.
«Егер де біздің ойлап тапқан құрылғы оң нәтиже берсе, онда оны кеңселер мен үйлерге орнатып, қала халқының денсаулығын жақсартуға үлес қосамыз. Болашақта медициналық университеттер мен экологияға жауапты мекеме қызметкерлерімен бірлесіп, ауаның ластану деңгейін төмендету арқылы халықтың да денсаулығын жақсартуға үлесімізді қосамыз», – деді AlmaU университетінің 1-курс студенті.
ESG клубының мүшелерінің кезекті зерттеу жұмысы қоғамдық көліктегі харасмантқа арналған. Студенттер 1-4 курс оқитын қыздар арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде қыздардың 49%-ы 12-18 жас аралығында, 8,9%-ы 5-12 жасында, 9,7%-ы 18-21 жасында осындай келеңсіз жағдайға кезіккенін хабарлаған. Сауалнамаға қатысқандардың 34,7%-ы мүлдем мұндай жайтпен кездеспедім, – деп жауап берген.
ESG клуб мүшелері алдағы уақытта тек қана AlmaU студенттері арасында емес, осындай келеңсіз жағдайға кезіккен қазақстандық барлық жоғары оқу орындары қыздарының арасында сауалнама жүргізуді жоспарлап отыр. Жастар мұндай сауалнаманы кеңейту қоғамдық дертке айналған харассмант проблемасын ашық айтып, алдын ала қорғану жұмыстарын жүргізу үшін керек екенін атап өткен.
Алматы Менеджмент университетінде өткен айтулы форумда жастар мен осы сала майталмандары Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру жолдары мен болашағы жайлы тұщымды пікірлерін ортаға салып, тәжірибе алмасты.