11 желтоқсан күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында танымал қазақстандық ұжым – Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің концерті өтеді. «Канададан Қазақстанға» деп аталатын концерт Қазақстан мен Канада арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Кешке канадалық композитор әрі пианист-импровизатор, Канаданың жоғары музыкалық марапатына (Juno Award) үш рет лайық деп танылған Дэвид Брейд қатысады. Алғаш рет Қазақстанда Дэвид Брейдтің ішекті аспаптар квартетіне жазған әлемдік премьерасы шырқалады. Сондай-ақ кеш бағдарламасында Ғазиза Жұбанованың №2 квартеті, Дэвид Брейдтің Joya Variations (Джойя вариациялары), Great Bear River Blues (Ұлы аю өзенінің блюзі), Liuyang Rhapsody (Люян Рапсодия), Semi туындылары ұсынылады.
Квартеттің құрамы: Ернар Мыңтаев (виолончель), Айдар Тоқталиев (бірінші скрипка), Алексей Лебедев (екінші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт). Көркемдік жетекші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев.