«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, аймақтағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді пайдалануына қатысты түгендеу жүргізу және игерілмей, қараусыз қалған алқаптарды мемлекет меншігіне қайтарып, қолынан іс келетін шаруаларға беруге қатысты мәселе қаралып, талқыланды.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Көбентаев, Жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов, Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Бөлтірік Жақыпов, депутаттар, БАҚ өкілдері қатысқан отырысты облыстық мәслихат депутаты, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бағдәулет Үстенов жүргізіп отырды.
Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Бөлтірік Жақыповтың айтуынша, облыс аумағында ауыл шаруашылығына арналған жерлерді түгендеу, игерілмей жатқандарын мемлекетке қайтару бағытындағы жұмыс ретімен және заң аясында жүргізіліп жатыр. Жыл басынан қазірге дейін мемлекет меншігіне 112,6 мың гектар жайылым жер қайтарылыпты. Оның ішінде 57,8 мың гектар алқап меншік иелерінің өз еркімен қайтарылса, 41,5 мың гектар жер мемлекет мұқтаждығы үшін алынған. Тағы 13,3 мың гектар сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Департамент тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесінде, 218 мың гектар алқаптар бойынша жер заңнамасы бұзғаны анықталды.
Ал облыстық Жер қатынастары басқармасы басшысының айтуынша, жайылымның жетіспеуіне байланысты жергілікті атқарушы органдар босалқы жерлерден 332,3 мың гектар жер телімін қосымша жайылым ретінде бекітіпті. Бұл жұмыс та алдағы кезде жалғаса береді.
«Бүгінде облыс бойынша ауыл тұрғындарының мал жаю үшін барлығы 573,3 мың гектар жайылым бекітілді. Бұдан басқа, облыс аумағында жалпы ауданы 78,3 мың гектар болатын жайылым жерлерді мемлекет мұқтаждығына алу үшін бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр», − дейді басқарма басшысы Сәбит Сәдуақасов.
Жалпы, облыс аумағында пайдаланылмайтын жер телімдері бойынша 196,5 мың гектарда орналасқан 803 субьектіге қатысты жинақталған материал шара қолодану үшін Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы