Астананың мәдениет ошақтары бір апта бойы қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, тамаша тарту дайындап отыр. Осы аптада шаһарда 30-дан астам түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Айталық, елорда театрлары 10-ға жуық қойылым қоймақ. Одан бөлек, Астана әкімдігі концерттер мен көрмелер секілді бірқатар тосынсый әзірлеген. Сонымен, жақында ғана өзінің мерейлі 15 жылдығын атап өткен елордадағы «Жастар» театры көрермендер үшін бірнеше премьера ұсынбақ. Әлемдік классиканың жауһарларын тудырған Уильям Шекспирдің мұңға толы «Ромео-Жульетта» хикаясынан кейін, араға 10 күн салып, жаңа туынды «Мұң» триптихі көрерменге жол тартты. Соның ішінде бірден үш автордың, атап айтсақ, Лидия Егембердиеваның «Жалғыздық», Аягүл Мантайдың «Мұң», Әлішер Айтуардың «Иллюзия» шығармалары бар. Бұл шығармалардың әрқайсысы бүгінгі күннің адамдары мен отбасылардағы әлеуетті көрсетуге арналып, көрерменнің көңіліне ой салары хақ. Өйткені үш шығармадағы айтар ой бір-бірімен үндесіп, бір-бірін толтырады. Шындығында да, әрбір адам сырт көзден таса, ешкім білмейтін жеке әлем. Сол себепті жанымыздың тым терең түкпірінде әрқайсымыз да жалғызбыз. Иә, адам баласы жай ғана пенде болғандықтан да қателеседі. Ал біреуді сол қателігімен жақсы көру де махаббаттың төресі. Мұңлы болатыны, біреудің кемшілігін тез көруге асығатынымыз болса керек. Бірақ жалаңаш болмысымызды «киіндіргіміз» келетіні тіпті күлкілі. Қоюшы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай үш шығармадағы түйін сөзді көрсетуге талпынған. «Жастар» театрының әртістері бұл аптада Д.Фо, А.Рахаттың мелодрамаларынан басқа 11 желтоқсанда «Алғашқа махаббат» комедиясында ойнайды. Сондай-ақ «Жастар» сарайы кеше «Юра кезеңі» цирк шоуын көрерменге ұсынса, 8, 9 желтоқсан екі күн қатарынан сағат 20:00-де «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің қатысуымен «2000 Hits» концерттік бағдарламасын ұйымдастырады. 10 желтоқсанда сарай қабырғасында «Билеп өмір сүр» атты балалар хореографиялық байқауы өтсе, сол күннің ертеңінде «Жастар» сахнасында «Раневская: сквозь смех и слезы» спектаклі көрерменге жол тартады. Бұл ғана емес, елордалықтарды 8 желтоқсан күні кешке жас көрерменді «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы қуантады. Сол күні кешке сахнада «Шанель №5» деректі драмасы көрсетіледі. Ал 11 желтоқсан күні сағат 12:00-де балаларды «Күн астындағы Күнекей қыз» ертегісі шақырса, сағат 19:00-де көрермендерді «Театр әлемі» концерті күтеді. Сонымен бірге 10 және 11 желтоқсанда елордалық цирк ағайынды Гертнерді DER ELEFANT неміс циркінің бағдарламасына шақырады. Қойылымның басталуы сағат 16:00-де. Тәуелсіздік күніне орай «Алжир» музей-мемориалдық кешені Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды оңалту және мәңгілікке қалдыру қорымен бірлесіп, 7 желтоқсанда «Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы» тақырыбында іс-шара өткізген болатын. Бүгін, яғни 9 желтоқсанда «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешені адам құқықтары күніне арналған дәріс ұйымдастырады. Сәкен Сейфуллин мұражайында да 6-8 желтоқсан күндері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» көрмесі жұмыс істейді. Ал бүгіннен бастап 13 желтоқсан аралығында жазушы Әзілхан Нұршайықтың 100 жылдығына арналған «Әзілхан Нұршайықтың әлемі» көрмесін тамашалауға болады. Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен нысандарының сақталуын қамтамасыз ету орталығында кеше «Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерімен және объектілерімен жұмыс істеу және олардың сақталуын бақылау» дәрісі өтті. Бұдан бөлек, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры 7 желтоқсанда С.Лыгиннің «Ай, да, Ленька!» ертегісін, ал сол күні кешке көрермендер Н.Гогольдің «Гоголь. Санкт-Петербург» қойылымын тамашалады. Енді «Горький» ұжымы 10 желтоқсан күні таңертең жас астаналықтарды М.Бартеневтің «Снегурушка» ертегісіне шақырады, ал кешке сағат 18:00-де Р.Баэрдің «Аралас сезім» мелодрамасын қояды. Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында жыл сайынғы «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығын тапсыру салтанатты рәсімі өткенін ерекше айтып өту керек. Елордалық қуыршақ театры да көрермендерге тамаша тарту дайындауды ұмытқан жоқ. Бүгіннен бастап 11 желтоқсанға дейін театр әртістері Г.Андерсеннің өзіне аттас ертегісі негізінде А.Салаеваның «Тағы да кішкентай су перісі туралы» қойылымын сахналайды. Ал 11 желтоқсан күні кешкі сағат 17:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық филармониясының сахнасында Ave MARIA аспаптық және вокалдық, камералық музыка концертін өткізу жоспарланған.