«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Облыс аумағында пайдаланылмай жатқан және бұған дейін заңсыз беріліп кеткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты жұмыстар барысы қаралған комиссияның отырысын «AMANAT» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Е. Келемсейіт жүргізді. Жиынға облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Қ.Қабылбеков, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Е.Мәдибаев, партия филиалының партиялық бақылау инспекторы С.Бейсенов, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, аумақтық партия филиалдарының атқарушы хатшылары, аумақтық партиялық бақылау комиссиясы төрағалары, БАҚ өкілдері қатысты. Жетісу облысы бойынша жүргізілген аэроғарыштық зерттеулер нәтижесі бойынша 857,2 гектар жайылымдық жер пайдаланылмай жатқаны анықталған. Биыл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір бойынша 100 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруды межелеген. Бүгінде тиісті құрылымдардың ықпал етуімен кәдеге аспай жатқан 114 мың гектар, оның ішінде 107,6 мың гектар жайылымдық, 6 мың гектар егістік, 324 гектар шабындық жер қайтарылған. Осы кезге дейін өңірде пайдаланылмай жатқан жер телімдеріне 35 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 78 849 мың га жайылымдық жерге иелік ететін 22 жер пайдаланушыға анықталған кемшіліктерді жою үшін 1 жылға нұсқамалық берілген.
– Бақылау субьектісіне бармай профилактикалық бақылау жүргізу үшін «JerinSpektr» платформасы арқылы жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректеріне сәйкес 18 511 мың га жайылымдық жерге иелік ететін 122 тұлғаға заң бұзушылықты жою үшін 1 жылдық нұсқаулық белгіленді. Нұсқамалар келер жылдың шілдесіне дейін орындалуы тиіс. Олай болмаған жағдайда Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-94-баптарына сәйкес сотқа талап арыз беріледі, – деді Е. Мәдибаев.Оның айтуынша, қазір Өңірлік үйлестіру кеңесінде инвестициялық мәртебесі алынған 34 жобаның 39,8 мың гектар жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы да жүргізілуде екен. «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай өңірде пайдаланылмай бос жатқан және заңсыз бөлінген жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарына оң баға берді.
Болат Абаған, Жетісу облысы.