Қарағанды облысында жастар арасында шағын футболдан «AMANAT CUP» турнирі өтті. Доп додасына 8 команда қатысты.
«AMANAT» партиясы Жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бейне жолдауында жаңа Қазақстан жастары үшін үш маңызды басымдықты атап өтті: білімге ұмтылу, еңбекқорлық және патриотизм.
«Патриотизм» басымдығы шеңберінде «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» ЖҚ әуесқой командалармен жастар арасында шағын футболдан «AMANAT CUP» турнирін ұйымдастырды.
Турнирге әртүрлі санаттағы, оның ішінде ауыл, жұмысшы, өзін-өзі қамтыған, өнерпаз жастардан құралған 8 команда қатысты. Аталмыш жоба жастарды әлеуметтендіру және салауатты өмір салтына тарту мақсатында 2019 жылдан бастап жүзеге асып келе жатыр.
Жарыс қорытындысында I орын «Киік» командасына бұйырса, II орын – «Nikulin» командасының жігіттерінде, III орында «Қызылжар» командасы.
Ал турнирде Алтынтаң «Үздік қақпашы» атанса, Жақсылық Өмірбек – «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» болып Ержанат Дәуренұлы танылды. Жеңімпаздар кубокпен, медальмен, дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.