Талғар ауданына қарасты Еңбекші ауылы Алматы қаласының іргесіне орналасқан. Еліміздегі ең үлкен мегаполистің дәл жанында тұрған елді мекендегілер қалалықтар сияқты тұрмыстық игіліктерді көріп отырған болар десек, қатты қателесеміз. Ауыл тұрғындары жылдар бойы қарапайым ғана тірлікті қамтамасыз ететін жағдайларға қол жеткізе алмай келеді. Екі мыңға жуық халық тұратын елді мекенде дені дұрыс жол жоқ. Көгілдір отынның арманға айналғанына айлар емес, жылдар өткен. Электр қуаты мен ауызсуға қатысты мәселе де жиі алдан шығады. Жергілікті әкімдік ауылдың инфрақұрылымдық проблемасына мүлде бас ауыртпайды. Осыдан бес жыл бұрын елді мекеннің іргесі айтарлықтай кеңейді. Қаланы маңайлап, жақсы тұрмыс іздеп келгендерге көптеген жер телімдері сатылып, оны алғандар жаппай үй салып алды. Бірер жылда алпыстан астам жеке үй қосылды ауылда. Бірақ халықты тұрмыстық инфрақұрылыммен қамту бағытында ештеңе атқарылған жоқ. Бұрыннан жұртты мазалап жүрген күрделі жағдай жақсарудың орнына асқына түсті. Ақыры атқарушы биліктен үміт үзген тұрғындар кейбір проблемаларды көптеп-көмектеп өз күштерімен шешуге кіріскен.
«Көктем мен күзде ауыл көшелерімен жаяулағанды айтпағанда, автокөлікпен жүрудің өзі мүмкін емес. Жаңбырлы күндері кез келген техниканың өзі батпаққа батып қалады. Балалар мектепке жете алмай, үйге қамалады. Биылғы күзді амалдап өткеріп едік. Әр шаңырақтан 10 мың теңгеден жинап, ол ақшаға қиыршық тас сатып алып, жолдың 600 метріне төседік. Қашанғы бұлай жалғаса бермек? Тіпті, істегіміз келгенмен, шамамасыз жете бермейді ғой. Енді алдағы көктемде алаңдап күтіп отырмыз. Қыста жер қатқақтанып, әрлі-берлі қатынауға мүмкіндік ашылады. Әбден қиналып біттік», – дейді ауылдастарының арыз-арманын жеткізген Қадыржан Сәрсенов.Тұрғындардың айтуынша, ауылдық әкімдіктен күдер үзген соң бірнеше мәрте ауданға да арыздарын жеткізіп, тиісті орындарға жүгініпті. Ауылды абаттандыру, жолды жөндеп, газ тарту өте өзекті болып тұрғанын ауыл, аудан басшылары жақсы біледі. Бірақ анда-санда шыдамы таусылған жұрт жиналып, наразылық танытқанда жетіп келіп, құрғақ уәдені үйіп-төгіп береді де кетеді. Осы жолы тағы да барлығы келер жылы істеледі деп кетіпті. Депутаттар да сол. Сайлау кезінде аспандағы айды әперердей әңгіме айтады да, «армандарына» жеткен соң ауылға ат ізін де салмайды. Еңбекші елді мекені қарайтын Кеңдала селолық округінің әкімі Алмас Өмірзақовтың айтуынша, әзірге ауылдың жолы асфальтталмайды. Алдымен, су құбырын тартып алып барып, жолды тегістеп, қиыршық тас төсеп, сонан кейін асфальттау керек. Келер жылғы бюджетте бұл мақсатқа қаржы қарастырылмаған. Ал газға жеке компания жауапты. Қазір газдандыруға қатысты жоба мүлде тоқтап тұрған көрінеді. Өйткені газ құбыры желісінің тартылуына ауылдағы жер телімдерінің бірі кедергі келтіреді екен. Елді мекенге көгілдір отын жеткізетін желіні газ құбыры магистарліне қосу үшін сол жер телімінде тұрғын үйді бұзу арқылы жүргізу қажет көрінеді. Жауаптылар жұрттың ашуын басар кезде осындай түрлі сылтауларды айтып, ақталып шыға келеді. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кері келеді де тұрады. Соның кесірінен Алматы сияқты алып қаладан 30 шақырымда орналасқан елді мекеннің тұрғындары отын-судан тарығып, жарыққа жарымай, жол азабын көріп келеді. Адамдар үшін істелетін қарым-қатынастан қағажу қалғандар қоғамның өгей баласы сияқтыкүн кешуде.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы