Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Айтұмар» балалар әдебиетінің үздік туындыларына арналған республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Балалар әдебиетін дамытуға арналған жарысқа «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бас демеушілік жасады.
Белгілі ақын, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен проза жанры бойынша І орын Арман Әділбекке, ІІ орын Мейіржан Жылқыбай мен Зиядибеков Нұрасылға және ІІІ орын Мереке Айсәуле, Әбдіманап Дана, Қарлығаш Сарбаеваға бұйырды.
Поэзия жанры бойынша І орынды Мерей Қарт, ІІ орынды Айдана Бейсен, Асылан Тілеген және ІІІ орынды Мұқағали Кенжетай, Айдана Сегізбай, Нұрбибі Аязбай иеленді.
Драматургия бойынша І орын Назерке Құмарғалиеваның, ІІ орын Әлібек Байбол мен Жансерік Құттыбаевтың және ІІІ орын Жәнібек Қойтай, Рахат Әлішер, Ықылас Шалғымбайдың еншісіне бұйырды.
«Аталмыш байқау Балалар жылының ең озық іс-шараларының бірі болып отыр. Соңғы жылдары қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті жанрының кенже қалып бара жатқаны, ал ерекше балалар үшін әдебиеттің тіпті де қолжетімсіздігі жиі айтылып жүр. Мұнымен қоса, «Менің атым Қожа» сынды тұтас буынды тәрбиелейтін шығармалардың жоғына зиялы қауым өкілдері қынжылыс білдіріп жатады. Бұл ретте қазақ руханиятының қара шаңырағы Жазушылар одағы төл әдебиетімізді дамыту бағытында ауқымды жобалар ұйымдастырып келеді. «Айтұмар» балалар әдебиеті туындыларының республикалық байқауы осыған дәлел», – дейді Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет.Алдағы уақытта байқауға қатысқан шығармаларды жас оқырмандарға, оның ішінде олардың мүмкіндігі шектеулі қатарластарына көбірек насихаттауға басымдық берілмек. Ол үшін шығармалардың аудио, электронды нұсқалары әзірленеді.
Алматы қаласы