Тәуелсіздік күні қарсаңында Орта Азиядағы тұңғыш «MедиаТДМ журналистер даярлау және оқыту платформасы» атты жаппай ашық онлайн курсы ресми әрі салтанатты түрде іске қосылды. Бұл жобаны ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы Коммуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасының және Алматы қ. ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен жүзеге асырды. Жобаның ерекшелігі оның цифрлық, интерактивті және бұқаралық болуында. Курстар автоматтандырылған, инновациялық, инклюзивті әрі тыңдаушыларға жеңіл.
«Әл-Фараби» атындағы кітапханада Орта Азия елдерінің жоғары оқу орындары мен Қазақстандағы ЮНЕСКО кафедраларының, ЮНЕСКО Кластерлік бюросының, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы мен СІМ, ҚР Президентінің мұрағаты өкілдері қатысқан кездесуді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің операциялық қызмет жөніндегі проректоры, Басқарма мүшесі Уәлиева Әсел ашып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, отандық және шетелдік оқытушылар мен ғалымдардың 80-нен астам курстарын жасап, платформаға орналастырғандығын атап өтті.
ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Магнус Магнуссон кафедраның жаңа бастамаларын жоғары бағалады.
ҚР ІІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің екінші хатшысы Ардақ Бекенова ЮНЕСКО белсенділігінің үлкен спектрін, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестікті атап өтті. Мұндай өзара тиімді қызметтің мәдени мұраның, қоғамдық өзара түсіністіктің қалыптасуы мен ақпараттың ашықтығын сақтаудағы рөліне ерекше тоқталды.
Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің басшысы Сергей Карпов еркін қоғамдық институттарды, атап айтқанда, журналистика және әлеуметтік желілерді қолдаудың, оқытудың, тренингтер өткізудің, еліміздің жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларының үздік халықаралық тәжірибесі негізінде кадрлардың біліктілігін арттырудың маңыздылығын көрсетті.
Шараға Огайо университетінің (АҚШ) Журналистика мектебінің профессоры, халықаралық журналистика институтының директоры Джатин Сривастава қатысып, журналистік білім берудің жаңа формалары мен құралдары туралы тәжірибесімен бөлісті.
Орта Азияның 19 университетіне арналған цифрлық, интерактивті әрі инновациялық онлайн курстарды www.open.kaznu.kz платформасында әлемнің кез келген жерінен кез келген адам өте алады. Платформаға сегіз тілге аударылған мультилингвистикалық электронды оқу құралы да орналастырылды. "Журналистік қауіпсіздік", "Дау-жанжалға сезімтал журналистика", "БАҚ-та климаттың өзгеруі және тұрақты даму", "Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін көрсету" жаппай ашық онлайн курстарын университеттің Академиялық және цифрлық инновациялар Кеңсесі техникалық тұрғыдан қолдады.
Жаппай ашық онлайн курстары ЮНЕСКО мен Халықаралық журналистер Федерациясының оқу құралдарына негізделген. Осылайша Орта Азия және Кавказ аймақтарында Коммуникацияны дамыту Халықаралық бағдарламасының идеяларын дамыту ауқымды жаңа деңгейге көтерілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО-ның Журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Назгүл ШЫҢҒЫСОВА