Астанада бірінші Орталық Азия медиафорумы басталды. Екі күнге созылатын форум аясында медиа мамандар мен танымал сарапшылар өңірдегі медианы дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, Орталық Азияда ортақ медиа кеңістік құру идеясы төңірегінде ой қозғайды. Медиа форумының күн тәртібіндегі басты мәселе – бірыңғай медиа платформа қалыптастыру. Іс-шараға 100-ден астам спикер қатысуда. Олар – халықаралық деңгейдегі белгілі ғалымдар, саясаткерлер, журналистер, беделді сарапшылар мен медиа саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері. Бірінші Орталық Азия медиа форумының қатысушылары өңірлік бірегейлік, жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, пост-шындық кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы білім беру трансформациясы, өзара ынтымақтастықтағы халықаралық ұйымдардың орны, азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі, өңірлік және жаһандық кооперация мүмкіндіктері сияқты көкейкесті мәселелерді сөз етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев І Орталық Азия медиафорумы қатысушыларына құттықтау жолдады. Құттықтауды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқып берді.
– Бұқаралық коммуникациялар қарқынды дамыған қазіргі заманда медиа саласында тәжірибе алмасу және өңірдегі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясын кеңейте түсу айрықша маңызды. Аймақтағы танымал журналистердің, сарапшылар мен медиа менеджерлердің басын қосқан форум мамандардың кәсіби пайымдарын бірлесе талқылауға мүмкіндік беретін бірегей пікірталас алаңы. Осы өлкедегі мемлекеттердің жан-жақты ықпалдастығы бауырлас халықтардың бай тарихы мен ортақ мұрасына негізделген. Биыл ағайын елдердің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр, – делінген Президент құттықтауында.
– Кейінгі жылдары Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Бұған алғашқы жиыны Қазақстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері ерекше серпін берді. Қазір Орталық Азия өзіндік маңызы бар аймаққа айналуда. Бұл – өңірлік бірегейлігімізді танытуға, ортақ мәдени кеңістік қалыптастырып, әлемге ұсынуға деген ұмтылысымыздың жемісі. Біз мұны одан әрі тереңдете түсуіміз керек, – деді Ерлан Қарин.Тұрақтылық – жаңа әлемнің іргетасы Форумның панельдік сессиясында Түркия мен Моңғолияның бұрынғы президенттері Абдолла Гүл, Намбарын Енхбаяр ойын ортаға салды.
– Біздің әлем қазір тез дамып жатыр. Қауіпсіздік саласы бойынша геосаяси сілкініс жағдайындамыз. Биыл біздің дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толып отыр. Бауырлас елдердің ынтымақтастығы жоғары екенін қазіргі геосаяси жағдайдағы тыныштықтан көре аламыз. Қазақстан Президентінің мемлекетті басқарудағы саяси шешімдері өте құнды. БАҚ әлеуетін күшейту үшін ұйымдастырылып отырған форум өңірлік ерекше бастама, – деді Абдолла Гүл.Оның айтуынша, ортақ ақпараттық кеңістік құрылатын болса, халықаралық ынтымақтастық нығая түседі.
– Цифрлық билік территориялық аумақтық тыныштыққа әсер етеді. Мысалы, Қаңтар оқиғасында Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдаған шешімдері ұзақмерзімді тұрақтылықты сақтап қалуға мүмкіндік берді. Осы контексте жаңа әлем құру керек. Үкімет журналистерден қорықпауы немесе жасырынбауы қажет. БАҚ пен Үкімет бірге болса, қоғам мемлекеттік мәселелерді дұрыс түсініп, қолдайтын болады, – деп атап өтті Түркияның бұрынғы президенті.Ал Моңғолияның 3-президенті Намбарын Енхбаяр Орталық және Солтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы кеңейтілген әріптестіктің маңызына тоқталды.
– Біз постмодернизм дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл кезеңде өз мүддемізді жалғыз қорғау қиындық туғызады. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана дами аламыз. Бұл тұрғыда Орталық Азия елдері бір-бірімен белсенді ынтымақтасуда. Соңғы жылдары Моңғолия Солтүстік-Шығыс Азия елдері топтарының белсенді мүшесіне айналып отыр. Бірақ ХХІ ғасырда әр түрлі аймақтағы елдер арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықтың болашағы зор деп есептеймін, – деді Намбарын Енхбаяр.Дәстүрлі медиа әлі де сенімге ие Пленарлық сессиядан бөлек, «Медиа және think tanks: сараптаманың медиа трансформациясы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Танысбайдың пікірінше, жастар арасында телевизия енді қоғамды қызықтырмайды деген қате пікір айтылып жүр. Шын мәнінде, бұл сала жойылып кетпейді, тек аудиторияға жеткізу әдістері өзгереді. Атап айтқанда, бүгінде телеарналардың ғаламтордағы және әлеуметтік желілердегі контентіне қызығушылық үлкен.
– Шын мәнінде телевизия контентіне сұраныс жоғары. Жақында USAID тапсырысы бойынша Интерньюс жүргізген зерттеу осыны дәлелдеді. Аудитория күн сайын әлеуметтік желілерді қарағанды ұнатады, бірақ халықтың 54 пайызы бұрынғыша дәстүрлі БАҚ-қа сенеді. Осы орайда теледидар бірінші орында, кәсіби интернет сайттар екінші орында болса, ал үшінші орында әлеуметтік желілер тұр, – деді Ләззат Танысбай.
– Аудитория ақпарат көп болған сайын жалған ақпараттардың да арта бастайтынын сезінеді және оған шынайы түрде әрекет жасайды. Егер бұған дейін күмәнді ақпаратпен қалай күресеміз деп келсек, пандемия кезеңі фейкпен күрес маңызды екенін көрсетті. Күресіп қана қоймай, оның алдын алу қажеттігін байқатты. Бүгінде Қазақстанда және өзге де елдерде жоғары оқу орындарында, орта білім мекемелерінде медиасауат пәні енгізілген, – дейді Асқар Омаров.Бейбітшілік бәрінен қымбат Сондай-ақ танымал әнші Димаш Құдайберген әлемдік Peace one day жобасының авторы Джереми Гиллимен бірге бейбітшілік идеясы бойынша арнайы сессия өткізді.
– Кіріспе сөзімді М. Дулатидің ойымен бастағым келеді: «Сен әлемді жаулап алма, өйткені онда сансыз қайғы-қасірет бар. Сен одан да адамның жан дүниесін меңгер. Ол жерде қаншама әлем бар екенін көресің». Бейбітшілік – адамның ең ұлы, ең асыл құндылығы екені сөзсіз. Күллі әлемдегі тыныштықтың, бейбітшіліктің ең басты кілті – сары майдан қыл суырғандай саяси дипломатия, адами қарым-қатынас, мемлекетаралық сыйластық. Бір мемлекеттің басқа мемлекеттің территориялық тұтастығын, ішкі саясатын құрметтеуі», – деді Димаш Құдайберген.
– Бұл өкінішті жайт адамзат санасының бағзы замандардан бері көп өзгермегенін көрсетеді. Әлі күнге дейін талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы, руханияты құлдырап жатыр. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шегуде. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығының айғағы. Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселесінің бірі боп тұр. Біз неліктен мыңдаған жылдар бойы тату ғұмыр кешуді үйрене алмай келеміз? Осы сұрақ мені көптен бері мазалайды. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жалпы адамзаттың ортақ мүддесі үшін неге біріге алмай келеміз? Сонда бізге не жетпейді? Жалпы арандатып, үгіттеушілердің құйтырқы әрекеттері арқылы ел мен елдің арасына сызат түсіріп, жауластырып, өз амбицияларын жүзеге асыру мақсатында мыңдаған жандарды өлімге айдап жатқан соғысқұмарлықты қалай тоқтатамыз? Ол үшін не істеуіміз керек?», – дейді әнші.Әлемдік әнші мейірбандық, татулық, адамсүйгіштік, бейбітшілік сынды ұғымдарды ту ете отырып, адамзаттың бірлігіне арналған «Бір аспан тағдыры» атты туындысын қатысушыларға ұсынды. Айта кету керек, Орталық Азия медиафорумы бүгін де жалғасады. Форумда медиа мамандар мен сарапшылар ортақ медиа кеңістік құру идеясын ортаға салды.