Бүгінде кәсіп ашамын дегендерге мемлекеттік қолдау аз емес. Әсіресе, түрлі бағдарламадан бақытын тауып, өз тірлігін дөңгелетіп жатқандар жетерлік. Міне, сондай азаматтың бірі – Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғыны Азиз Рзаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауынан инновациялық грант жеңіп алып, гидропоника әдісімен алақандай ауласында дәнді дақылдар өсіріп жатыр. Азиз қазіргі таңда Agro Green Tehnology ЖШС-мен әріптестік байланыс орнатып, қажетті құрал-жабдықтардың барлығын алған. Жеті қабаттан тұратын контейнерлердің шеттеріне су шашатын түтікшелер және өсімдікке жарық түсіретін фитошамдар қойылған. Бұның барлығы автоматты түрде жұмыс жасап, компьютердің көмегімен басқарылады. Дәл қазір кәсіпкер мұнда гидропоника әдісімен бидай өсіріп жатыр.
– Жұмысты енді бастап жатқандықтан әлі таңсық дүние көп. Алайда нар тәуекел деп бұл кәсіпті қолға алғандықтан қазір бидай өсіріп жатырмын. Негізгі жұмысым бидайдың дәнін сулап, сөрелерге саламын. Ылғалдылығын тексеріп, зеңнің пайда болмауын бақылаймын. Көзге жеңіл көрінгенімен, мұнда ұқыптылық керек. Егер жүйенің қандай да бір бөлшегі істен шықса, өнім ала алмай қалуың мүмкін. Сондықтан гидропоника әдісінде жылдамдықтан гөрі жүйелілік керек, – дейді жас кәсіпкер.Бір кешеннің жұмысын реттеу үшін екі адамның күші керек. Технологиялық процесс күніне 150-200 келі өнген бидай алуға негізделген. Қазір Азиз өнімді алдын ала келісімшарт жасасқан серіктестеріне жеткізуде.
– Құрал-жабдықтарды шамамен екі айда орнаттық. Сөрелердің орнатылу реттілігі мен ылғалдығы және тұқым сұрыпы бұл кәсіпте ерекше рөл атқарады. Қажетті қондырғылар Израиль мемлекетінен алдырылғандықтан, келгеннен кейін контейнерлерді қосымша жылытуға тура келді. Себебі онда бізге қарағанда климат салқындау. Тұқымды жеткізушілер сапалы деп өткергенімен, алғашқысының өнуі қиын болды. Мен қиындықты жүйеден көріп, мамандарға хабарласқанымда ондағылар бар мәселе тұқымда екенін айтты. Содан тұқымды қайтарып, қымбат болса да басқа сұрыпынан алдым, – дейді Азиз.Кәсіпкердің айтуынша, малды бордақылау ісінде өнген арпа мен бидайдың әдеттегі жемнен артықшылығы басым екен. Біріншіден, оның көлемі ұлғаяды, 1 келі бидай сеуіп, 7 келі құнарлы әрі дәмді көк майса алуға болады. Шартты түрде шығынды екі есе азайтып, малға 1 келі жемнің орнына 3,5 келі өнген бидай беру тиімді. Екіншіден, мал көк майсаны жеу арқылы тез салмақ қосады. Малшылардың өздері құрғақ жемнен гөрі төрт түлігі өнген бидайды түк қалдырмай жейтінін байқаған. Жас кәсіпкер 2,5 жылдың ішінде кеткен шығынды қайтаруды көздеуде. Одан кейін фермасын ұлғайтып, тағы бірнеше құрылғы қоюды жоспарлап отыр.
– Маған бұл іспен айналысқысы келетін таныстарым мен көршілерім жиі келіп тұрады. Оларға қолымнан келгенше кеңес берудемін. Білгеніммен бөліскенді жөн санаймын. Жаңа технологиялар туралы көп адам біліп, бұл іске бет бұрса жақсы емес пе? Жақында аудандағы бір колледж басшылығымен «Агрономия» мамандығында оқитын студенттерді гидропоника технологиясымен танысу үшін маған жіберу туралы ауызша келісім жасадық. Бұйыртса, осылайша жастарды да осы кәсіпке баулуды ойлап отырмын, – дейді Азиз.Біз Азизбен хабарласқанда тұста, ол жуырда ғана гидропоника үшін құрылғылары бар жаңа контейнер сатып алғанын айтып, қуанышымен бөлісті. Жаңа құрылғыларды осыған дейін серіктестік танытқан фирма жеткізіп берген екен. Қазір сол құрылғыларды іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осылайша, жас кәсіпкер кезең-кезеңімен бизнесін кеңейте түсуде. Әрине, кәсіптің көзін тапсаң, нәсіп екені байырдан белгілі. Азиз – әрдайым ізденіс үстінде жүретін азамат. Ол гидропоника әдісінен бөлек, жаңа кәсіп түрлерін де игеруге ниетті.
Жамбыл облысы