Үкімет ақыры бар шындықты жайып салды: Қазақстанда негізгі металдардың бүкіл өндірісін 4 олигархтық топ басыбайлы астына басыпты. Тіпті, олардың аты да аталды. Әрине, әділдік үшін бұл аздық етеді, ары қарай қайтпек керек? Себебі алпауыттар қазыналы қазақ жерінің қойнауындағы металл атаулыны шетелге шикізат күйінде сатып жатыр. Ал отандық өңдеу кәсіпорындарында шикізат тапшылығы күшейді, біраз компания жабылу қарсаңында. Сондықтан Президент тапсырмасымен, жаңа жылда жаңа тетік енгізіледі: олигархтар не ішкі нарықты металмен молықтырады, не лицензиясы мен контрактісінен айырылады. «Бодан заманда Қазақстан Кеңес Одағының шикізат қоймасы рөлін ғана атқарды», «бар шикізатымызды әкетіп, бізге тек шаңы қалды» деп айтылып жүр. Шын мәнісінде, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарында жағдай көп өзгермеген сыңайлы: тек отарлаушы орталық орнын олигополия басқандай. Ал Әділетті Қазақстанда бәрі өзгереді деген үміт бар. Осы бағытта алғашқы қадам жасалды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз талдауында Қазақстандағы негізгі металдардың өндірісі шектен тыс монополияландырылғанын мәлімдеп, проблеманы шешудің бастапқы амалдарын ұсынды. Соның негізінде жаңа заң жобасы әзірленді. Мемлекет басшысы Жолдауы аясында Үкіметке қарапайым ереже енгізуді тапсырған: өз өңдеушілеріміз үшін отандық шикізаттың бағасы – қолжетімді, ал көлемі – жеткілікті болуы тиіс. Әйтпесе, өзгеге арман болған ұшан-теңіз қазынаның үстінде отырып, металға жарымағанымыз әбестік. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Өйткені қару-жарақ, әскери техника, тіпті оқ-дәрі, снаряд жасау үшін сапалы металл керек. Мұның сыртында аста-төк қазба байлыққа ие және соны көп көлемде өндіретін Қазақстанда шикізат тапшы: Индустрия министрлігінің мәліметінше, отандық экономиканың импортқа жоғары тәуелділігі сақталуда. Ведомствоның талдауы көрсеткендей, «бүгінде отандық тауар өндірушілерді ішкі нарықтан импорттық тауарлар ығыстырып шығарып жатыр». Мәселен, 2021 жылы республика өңделген металды және металл өнімдерін 38 миллиард долларға шетелден тасыған. Ол металдардың барлығы өзімізде бар, тек шикізат күйінде. Содан импорталмастыру жайына қалып, «жыл сайын Қазақстан экономикасының импортқа тәуелділігі тек арту үстінде». Мысалға, алюминийді алайық. Индустрия министрлігінің (ИИДМ) мәліметінше, бұл салада бүкіл металл өндірісі жалғыз ғана кәсіпорынға беріліп, тұтас монополияландырылған. Өндірісті астына басқан алпауыт – «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ. Ол бай олигархтар Александр Машкевич, Патох Шодиев, Шухрат Ибрагимов бақылауындағы ERG (Eurasian Resources Group) компаниясының құрамына кіреді.
«Қазақстан электролиз зауыты жылына шамамен 260 мың тонна бастапқы алюминий өндіреді. Оның 34 мың тоннасын немесе 13 пайызын ғана отандық өңдеу кәсіпорындарына жібереді. Ал шынында, қазақстандық қажеттіліктің жалпы көлемі 73 мың тоннадан асады. Бұл мұқтаждық қанағаттандырылмай тұр», – деп түсіндірді министрлік.Жалпы, елімізде өңдеу кәсіпорындары жетерлік, ірілері – «Қазақстан алюминийі» ЖШС, ALUGAL ЖШС, «Профиль metals ltd» ЖШС, «Кіші металлургия» ЖШС, «Вектор Павлодар» ЖШС, Gold Aluminium ЖШС, «Цветлит» АҚ, «Қазэнергокабель» АҚ, «Талдықорғанкабель» ЖШС, «ЕМЗ» ЖШС және басқасы. Олардың бәрі шикізатқа қарық болса, сала гүлденіп кететін түрі бар. Өкінішке қарай, аталған кәсіпорындар тіпті шетелден шикізат тасығанның өзінде, 52 пайыздан төмен жүктелген. Себебі қолдарына 38 мың тоннадан аспайтын шикізат қана тиеді. Ел мыстан да тарығып отыр. ИИДМ дерегінше, мыс өндірісін бар-жоғы үш алпауыт қанжығалап кеткен. Бұлар – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Қазмырыш» (Казцинк) ЖШС және KAZ Minerals тобы. Олар 459 мың тонна катодты мыс өндіреді. Бірақ соның тек мардымсыз көлемін – 5,3 мың тоннасы немесе 1,2 пайызын қазақстандық өңдеу кәсіпорындарына жөнелтеді. Шынында, қазірдің өзінде, яғни қолданыстағы зауыттардың қажеттілігі шамамен 38 мың тоннаны құрайды. Шикізат оларға да жетпей жатқанын көріп инвесторлар жаңа өңдеуші кәсіпорындарды ашпасы сөзсіз. Елімізде «KAZKAT» ЖШС, «ЕМЗ» ЖШС, «Қазэлектромаш» ЖШС, «Түрлі-түсті металдарды өңдеу зауыты» АҚ, «ҮМЗ» АҚ және басқасы мысты өңдеумен айналысады. Олар жоспарлы қуатының орта есеппен 26 пайызына ғана жүктелген: еншісіне тиетін шикізат 10 мың тоннадан аспайды. Өз өңдеушімізді өзектен теппеген жөн Екінші Дүниежүзілік соғыста Қазақстан майданның басты арсеналы рөлін атқарғаны, жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан жасалғаны мәлім. Яғни, қорғасынсыз қорғаныс жоқ. Бұл салада да алаңдатарлық жағдай қалыптасыпты. Атап айтқанда, барлық қорғасынды жалғыз «Қазмырыш» ЖШС ғана өндіреді екен. Оның бақылаушы акционері –швейцариялық трейдер Glencore International plc. Ол жылына 108 мың тонна тазартылған қорғасын шығарады. Соның небәрі 24 мың тоннасын немесе 23 пайызын отандық өңдеу кәсіпорындарына береді. Еліміздің қорғасынға сұранысы кем дегенде 30 мың тонна. Бірақ қорғасынды өңдеу саласында қазір «Қайнар-АКБ» ЖШС ғана қалыпты, оның өзі жүз емес, 80 пайызы ғана жүктелген.
«Отандық металдардың қолжетімсіздігі, олардың контрактімен шетелге жөнелтілуі салдарынан қазақстандық метал өңдеушілер өзіне қажетті шикізатты не шетелдік тау-кен өндіруші компаниялардан алғызуға, немесе отандық шикізатты тек делдалдар арқылы сатып алуға мәжбүр. Осының кесірінен, отандық дайын өнімдердің түпкілікті құны қымбаттайды. Осылай бәсекеде ұтылған жағдайға жұмыс істеуіне байланысты отандық металл өңдеуші зауыттар толыққанды жүктелмейді. Әрі олар қосылған құны анағұрлым жоғары метал өнімдерін шығаруға көше алмайды. Ел ішінде осындай кешенді проблема орнағанын көріп, инвесторлар Қазақстанда дайын өнім шығаратын кәсіпорындарды құрмайды. Ал металлургиялық шикізат толығымен дерлік экспортталуын жалғастыруда. Бұл тұйық «Қазақстанның импорталмастыру бағдарламасын» сапалы жүзеге мүмкіндік бермейді» деген байлам жасады Индустрия министрлігінің сарапшылары.Ардагер-металлург, ірі металлургиялық компанияның менеджері Дәуірбай Оспанов тағы бір түйткілге назар аудартты. Мысалы, көрші Қытайда, Ресейде, Қырғызстанда және басқасында металл өңдеу, машинажасау, металл бұйымдарын өндіру зауыттарына шикізат тікелей өз өндірушілерінен, солардың бағасымен жөнелтіледі.
«Мына «қызыққа» қараңыз: қазақстандық өңдеу зауыттары да шикізатты отандық өндірушілерден ала алады, бірақ оның бағасына басы артық шығыстар қосылады: мысалы, оның ақырғы құны ретінде Лондон метал биржасының (London Metal Exchange, LME) құны алынады. Ал биржа құнына шикізатты LME-дің қоймасына жеткізу құны да кіреді. Себебі жеткізілімді сақтандыру үшін шикізат Лондон биржасының қоймасына жеткізілуі шарт. Бұл жалған өнім сатылмауы, алаяқтықтың алдын алу үшін де жасалады. Биржаның бізге жақын қоймалары бәрібір қашықта, Қара теңіз порттарында орналасқан. Дегенмен Қазақстандағы кен орнынан Қазақстандағы өңдеу зауытына жеткізу үшін оны Қара теңіздегі қоймаға жеткізудің қажеті жоқ. Алайда Лондон биржасының бағасын негізге алатындықтан, шикізат құнына қойма құны да кіреді. Бұдан бөлек, ол құнға халықаралық сақтандыру, транзит, әрбір металл тоннасы үшін үстеме сыйақы сияқты шығындар да қосылады. Сөйтіп, біздің өңдеу кәсіпорындары негізсіз шығындалады», – деді сарапшы Д.Оспанов.Осыдан кейін отандық металл бұйымдары халықаралық нарықта шетелдік, қытайлық, ресейлік өнімдермен қалай тең бәсекелесе алады? Жағдайды түзету үшін Индустрия министрлігі Үкімет әзірлеп жатқан «Кейбір заңнамалық актілерге Мемлекет басшысының кейбір тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасына осы салаға қатысты төл түзетулерін қосты. Нәтижесінде, «өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету бөлігінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар мен лицензияларға талаптар» енгізіледі. Олигархтар қырсықса, азуы қағылады Бұл президенттік бастаманың бірнеше игілігі бар. Біріншіден, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі қорғалады, өйткені заң бойынша экономикалық қауіпсіздік дегеніміз – ұлттық экономиканың қорғалуы. Екіншіден, Қазақстанның тұрақты дамуы мен экономикалық тәуелсіздігі қамтамасыз етіледі. Үшіншіден, отандық өңдеу кәсіпорындарының құқықтары мен заңды мүдделері ілгерілетіледі. 2026 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі отандық шикізаттың қажетті көлемімен толық қамтылуы тиіс. Төртіншіден, Қазақстан экономикасының импортқа тәуелділігі азайтылады. Әлгінде айтылған 38 миллиард долларлық (шамамен 18 трлн теңге) импорттың үлкен көлемін елде қалдыруға мүмкіндік туады. Бастамаға сәйкес, бір жағынан, металл өндірушілер ішкі нарықты отандық шикізатпен қамтамасыз етуге міндеттеме алады. Екінші жағынан, өңдеуші кәсіпорындар шикізатты сатып алуға және оларды өңдеуге міндеттеме қабылдайды. Жаңа тетіктің алгоритмі келесідей: алдымен, уәкілетті орган (бүгінде бұл – ИИДМ) тұрақты негізде, отандық шикізатпен қамтамасыз етуге өтінімдерді қабылдайды. Шикізат сұрап, одан басым тауарларды өндіру үшін технологиялық және техникалық мүмкіндіктері бар индустриялық-инновациялық қызметтің барлық субъектісі жүгіне алады. Содан соң уәкілетті орган өтініштерді 5 жұмыс күні ішінде қарауы шарт. Өтініш талапқа сәйкес болса, онда уәкілетті орган 15 жұмыс күні ішінде өтінішке сараптама жүргізеді. Соның қорытындылары бойынша есеп қалыптастырады да, оны танысу үшін – өтініш берушіге, шарт жасасу үшін – отандық шикізатты өндірушіге жібереді. Міндеттемеде тараптар, отандық шикізаттың түрлері, оларды жеткізудің көлемдері, шарттары мен бағалары көрсетіледі. Егер олигархтар бақылауындағы алпауыттар меморганнан келген өтінішті қоқысқа лақтыра салса, не болады? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің түсіндіруінше, міндеттемелерді орындамағаны үшін бірнеше жаза қарастырылады. Біріншіден, мемлекет ондай алпауытпен арадағы жер қойнауын пайдалануға арналған контрактіні біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын бұзады. Екіншіден, оның қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиясын қайтарып алады. Үшіншіден, компанияға орындамаған міндеттемесінің шикізат құнына баламалы сомасында өсімпұл (неустойка) төлеуге тура келеді. Ендеше отандық нарықты шикізатпен молықтыру міндеттемесін орындамағаннан орындаған тиімдірек болмақ. Әрине, бұл заңнамалық түзетулер қабылданбауы үшін олигархтар бар ықпалын және медиаресурстарын жұмылдырып, қарсыласып бағуы мүмкін. Ал егер заң күшіне енсе, сол күннен бастап 6 ай ішінде барлық шикізат өндірушілер контрактілері мен лицензияларына тиісті өзгерістер енгізу үшін уәкілетті органға жүгінуге міндетті болады. Жалпы, Әділетті Қазақстан осы салада әділдік орнатудың алғашқы практикалық қадамдарына кірісіп те кетті. Мысалы, Үкімет үшжақты келіссөздер арқасында кен орындарын иемденген алпауыттардың отандық өңдеушілер үшін алюминий құнын LME бағасынан 5 пайызға, мысты биржадағыдан 5 пайызға, қорғасынды 2 пайызға арзан жеткізуге қол жеткізіпті.