Биылғы тұмау көптің титығына тиді. Коронавируспен қабаттасқан жіті респираторлық-вирустық аурулар үлкенге де, кішіге де оңай болмай тұр. Қазан айынан бері инфекцияны 2 млн 100 мың адам жұқтырыпты. Оның жартысынан көбі – 14 жасқа дейінгі балалар. Маусымдық инфекцияның ерекшелігі қандай? Оны коронавирустан қалай ажыратуға болады? Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің айтуынша, ел аумағында тұмау мен ЖРВИ-дің жиі таралуы байқалады. 1 қазаннан бастап санитарлық қызмет 2 млн 100 мың ЖРВИ жағдайын тіркеді. Оның арасында 1 млн 300 мыңы – 14 жасқа дейінгі бала.
– Тұмау бойынша Қазақстанда «В» вирусы өршіп тұр. Барлық өңірде тіркелген. Жалпы, суық тиіп ауру көрсеткіші былтырмен салыстырғанда 10 пайызға өскен, – деді Вячеслав Дудник.Сондай-ақ министр орынбасары тұмау және ЖРВИ-ге қарсы елімізге 2 млн 280 мыңнан астам вакцина әкелінгенін және тұрғындардың 12 пайызы екпе алғанын айтты. Вирустардың тоғысқан кезеңі Астана қалалық инфекция орталығының инфекционист-дәрігері Құралай Мырамытованың айтуынша, қазір вирустық инфекциялардың өршитін мезгілі. Әсіресе, ЖРВИ, тұмау сияқты инфекциялар көп кездеседі. Екіншіден, шетелде коронавирус әлі де аяқтала қойған жоқ. Ал біздің елімізге күн сайын шекарадан қаншама адам келіп, кетіп жатыр. Осылайша, вирустар бір-бірімен қабысып кетті. Байқасаңыз, вирустар халықтың көп шоғырланған жерлерінде, үлкен қалаларда өршиді. Үшіншіден, вирустың қаптап кетуіне ауа райының біресе суып, біресе жылып тұрған қолайсыз жағдайы әсер етеді.
– Әр вирустық инфекцияның асқыну жолдары әртүрлі. Сондықтан адамдардың үй жағдайында өздігінен емделулері қауіпті. Мұрын бітеліп, құрғақ жөтел пайда бола бастаған кезде адамдар антибиотиктер ішеді. Бұл дұрыс емес. Өйткені бастапқы 4-5 күн аралығында науқастың иммунитеті вируспен өзі күресуі керек. Содан кейін ғана әр адам өз иммунитетіне қарай вирусқа қарсы препарат қабылдауы керек. Сол кезде ғана вирусты асқындырып алмаймыз. Алайда қарапайым халық тұмаудың алғашқы белгілері біліне бастаса, бірден антибиотик ішеді. Антибиотик ағзаға түскеннен кейін иммунитетті басып тастайды. Соның нәтижесінде ағза өздігінен вируспен күресе алмай, тұмаудың соңы пневмонияға, минингитке, құлақтың қабынуына ұласады, – дейді Құралай Мырамытова.Инфекционист-дәрігердің пікірінше, вирус белгілері байқала қалған кезде ең бірінші мұрынға Оксолин майын жағып, басқа адамдарға жұқтырмау үшін бетперде тағу керек. Сосын инфекциялық орталыққа емес, емханаларға барып, дәрігерге қаралуы қажет.
– Сырқаттанбау үшін ең бірінші иммунитетті көтеріп, жылы жүру керек. Суық су ішпеу қажет. Саламатты өмір салтын ұстанып, вирустардан қорғанған жөн. Вирустарды тек ПЦР анализ арқылы ғана ажыратуға болады. Науқастардың шағымдары мен айтқан сөздеріне қарап, тұмау немесе ковид екенін анықтай алмаймыз, – дейді дәрігер.Иә, бір маусымда үш бірдей вирустың қатар кездесуі иммунитеті мықты деген адамдарды да есеңгіретіп жатыр. Сондықтан ЖРВИ-дің және тұмаудың негізгі белгілерін ажырата алған жөн. Айталық, ЖРВИ кезінде ауру біртіндеп және көп жағдайда шаршағыштықпен, мұрынның бітелуімен басталады, одан кейін ауру асқынған кезде құрғақ жөтел пайда болады. Тұмауға температураның күрт көтерілуі (жекелеген жағдайларда 40,5 градусқа дейін), жарыққа сезімталдығының жоғары болуы, бүкіл организмнің сырқырауы, сондай-ақ басының және бұлшықеттерінің ауыруы тән. Тұмаумен аурудың алғашқы тәулігінде науқастың мұрны бітеледі. Бұл осы вирусқа ғана тән. Тұмаудың едәуір белсенді фазасы аурудың үшінші-бесінші күндерінде байқалады, ал түпкілікті сауығу 8-10-шы күндерде болады. Әсіресе, вирусты аурулар тәуекел тобы деп аталатын кішкентай балаларда, жүкті әйелдерде және қарт адамдарда ауыр өтеді. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанованың айтуынша, коронавирус, ЖРВИ, тұмау қоздырғыштары бір тұқымдасқа жатады.
– Сондықтан олардың симптомы да өте ұқсас болады. Әсіресе, тұмау мен коронавирустың белгілері қатты ұқсайды. Ал ЖРВИ-дің жеңіл түрлері болады, яғни суық тию. Олар жеңілірек өтеді. Негізгі айырмашылық: коронавирустың белгілері өкпеге әсер етеді, ал тұмау жұқтырған жағдайда өкпеге қатысты симптомдар не мүлде пайда болмайды, не кешірек пайда болады. Бірақ ол салыстырмалы түрде болатын нәрсе, әр адамда әртүрлі. Сондықтан тұмау мен коронавирусты ажырату көп жағдайда мүмкін емес, – дейді Эльмира Битанова.Маманның пікірінше, тұмау және коронавирус жұқтырғанда адам сирек түшкіреді. Ал ЖРВИ-да керісінше. Балалар арасында көп кездеседі Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, осы аптада қалада ЖРВИ-дің 21 972 жағдайы тіркелген. Бұл өткен аптадағы көрсеткіштен 13,8 пайызға жоғары. Дегенмен қалада ЖРВИ-мен ауыру балалар арасында көп тіркелді. Олардың үлес салмағы 66,9 пайызды құрады. Басқа аймақтарда да ЖРВИ жұқтырған балалардың саны артуда.
– Инфекциялық ауруханаға тәулігіне 500 бала вирус жұқтырғандығы бойынша хабарласады. Олардың 20-30-ы ғана емхана жатқызылып, қалғанына дәрігерлер ем тағайындап үйлеріне қайтарады. Не дегенмен балалардың иммунитеті ересектерге қарағанда әлсіз. Сондықтан тұмауға қарсы профилактика жұмыстары барлық мектептерде жүргізілуі керек, – дейді инфекционист-дәрігері Құралай Мырамытова.Негізі, тұмау маусымына профилактика – қазан, қараша айларында жасалуы керек вакцинация. Дегенмен қазір тұрғындардың тек 12 пайызы ғана екпе алған. Тұмауға қарсы вакцина алған адам ауырса да, ол жеңіл түрде өтеді. Бұл – профилактиканың спецификалық жолы.
– Вирусқа қарсы препараттарды қабылдау, маска тағу спецификалық емес әдістерге жатады. Қазір дәріханаларда мұндай препараттардың түрі көп. Негізінде, коронавирус кезіндегідей бетперде таққан дұрыс және арақашықтық сақтауға тырысу керек. Шырша мерекесінде балалардың бір-бірімен тығыз араласпауын қадағалаған жөн. Бұл жағынан қандай да бір шектеу жасалғаны дұрыс деп ойлаймын. Сыртқа, көпшілік жерге шығарда мұрынға Виферон жақпасын немесе Оксолин жағып шықса болады. «Тұмау ғой» деп қолды сілтеуге болмайды. Ол асқынса, басқа да ауруларды қозғайды. Тіпті, өлім-жітімге де алып келуі мүмкін. Сондықтан ауырмауға тырысып, ауырса, дұрыс емделу қажет, – дейді жоғары санаттағы дәрігер Роза Бегайдарова.Жыл сайын жіті респираторлық-вирустық аурулар маусымында ересектермен қатар, балалар да инфекция жұқтырады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі де дабыл қағып отыр.
– Жұмыс күндері және демалыс күндері емханада сүзгі бөлмелері жұмыс істейді, онда балаңызбен бірге дәрігерге қаралуға және аурудың ауырлығын және оған қандай медициналық көмек қажет болатынын біле аласыз. Аурудың жеңіл дәрежесі болса, температура Парацетамол ішкен соң бірден төмендейді, жай-күйі нашарламай, тіпті жөтелсе де, мұрны ақса да, бала тамақ, су ішіп, еркін ұйықтайды, яғни аурудың белгілері оған қиындық әкелмейді, – дейді ведомство.Температура мен катаральды құбылыстардың фонында аурудың орташа дәрежесінде бала қыңыр болып, тәбеті төмендейді. Мұндай балаларды ұдайы назарда ұстаған жөн, егер жай-күйі жақсармаса, дәрігерге қоңырау шалу керек. Егер балада төмендегі ауру белгілерінің кем дегенде біреуі болса, жедел жәрдем шақыру керек. Олар: тұрақты дене қызуы, тамақ, су ішпеу, ентігу, мазасыздық, тоқтаусыз жылау, зәрдің дұрыс болмауы, әлсіздік. Ал жақында еліміздің бас санитар дәрігері адам көп жиналған жерлерде бетперде тағып жүру керектігін ескертті. Қазір тұмауға салғырт қарайтын кезең емес. Бір ғана вирус адам бойындағы бірнеше ауыруды қозғауы мүмкін. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ерте бастан ауырмайтын жол іздеп, сақтанып жүрген жөн.