Әлемдік және отандық газ саласы үшін 2022 жыл үлкен өзгерістерге толы болды. Жаһандық газ нарығындағы бұрын-соңды болмаған құбылыстар мен олардың Қазақстанға әсері, оған жауап ретінде елімізде қабылданған стратегиялық және тактикалық шешімдер мен газ саласындағы жүзеге асқалы отырған реформалар саланың тиімділігі мен міндеттерін айқындап берді. Еуропадағы және басқа да бірқатар елдердегі энергетикалық дағдарыс бүкіл әлем үшін үлкен сабақ болды. Қазақстан өзінің газ саласын дамыту мақсатында осы ыңғайлы кезеңді барынша пайдаланып қалуға тырысуда. Биылғы қалыптасқан жағдайлар еліміздің транзиттік әлеуетінен хабар бергендей еді. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде газдың маңызды рөл атқаратынын ұмытпағанымыз ләзім. Маңызды қадамдар Шынын айту керек, елімізде бүгінге дейін мұнай өндірісіне көбірек басымдық беріліп келгені рас. Газ саласы «өгей» баланың күйін кешті десек, артық айтқанымыз емес. Көгілдір отын тек қосымша өнім ретінде қарастырылды. Себебі бағасы төмен болғандықтан, газ экономикалық тұрғыдан тиімсіз деген пікір басым болды.
– Қазір жағдай мүлдем өзгерген. Нарыққа газ керек, ол бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарға айналды. Мемлекет басшысы осы салаға айрықша көңіл бөлу керек екенін айтып, Ұлттық компанияның құзыретін арттырды. Ендігі жерде газ секторы экономиканың жаңа драйверіне айналмақ, – деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.Биыл ұлттық компания саланы реформалау жолында ауқымды жұмыс жүргізді. Біріншіден, QazaqGaz газдың транспорттық жүйесіне аудит жүргізіп, оның қуаты бойынша әлеуетін бағалады. Одан бөлек, Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарын қабылдады. Тағы бір маңызды мәселе – QazaqGaz еліміздің газ саласына қатысты стратегиялық ұстанымын айқындады. Нақтылай айтсақ, компания 5 негізгі бағытта нақты даму векторын қалыптастырды. Олар – тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту, газдың ішкі нарығын дамыту, газ химиясы мен газды қайта өңдеуді жолға қою, газ транзиті мен экспортын жетілдіру, инвестициялық және операциялық тиімділікті арттыру. Тағы бір жетістік – қаржылық көрсеткіштердің жақсаруы. Биыл Бейнеу–Шымкент газ құбыры бойынша кредиттік портфелді қайта қаржыландыру бойынша мәміле аяқталды. Одан басқа, S&P Global рейтинг агенттігі QazaqGaz кредиттік рейтингін «BB» деңгейінде растады және болжамды «негативтен» «позитивке» ауыстырды. Сондай-ақ Moody's Ұлттық компанияның несиелік рейтингін «Baa2» деңгейінде растады, болжам – тұрақты. Компания тауарлық газдың тапшылығын болдырмау жолында білек сыбана жұмыс істеуде. Бұл туралы бұрын қаншама рет сөз болса да, бұған дейін ешкім мемлекет басшылығы деңгейінде көтермеген болатын.
– Иә, әлемдік тәжірибеде осыған ұқсас жағдайлар болған. Жалпы, газ тапшылығын еңсерудің негізгі тәсілдері екеу. Біріншісі – газды үнеммен тұтыну. Өкінішке қарай, бұл күрделі мәселе, біз соны шешуге тиіспіз. Екіншісі – тауарлық газдың ресурстық базасын арттыру, – дейді Санжар Жаркешов.Өкінішке қарай, елімізде үнеммен тұтыну философиясы қалыптаспай отыр. Бұл үшін Қазақстанға басқа тарифтер қажет. Ол қарапайым азаматтар үшін емес, ірі кәсіпорындар мен майнерлерге арналуы керек. Сонымен қатар әр текше метр газды тиімді пайдалану да өте маңызды. Мәселен, жану кезінде 1 текше метр газ бөлетін жылу мөлшерін толық пайдалануға мүмкіндік беретін, яки максималды жылу беретін дұрыс технологиялар пайдалану керек, сондай-ақ ЖЭО-дағы газ шығындарын оңтайландыру үшін жылу желілерін жаңғырту қажет. Қазір Қазақстанда тұтынушылардың тоғыз санаты бар және олардың барлығы да субсидияланады. Егер газ саласын «донор» деп алатын болсақ, мұндай қамқорлық тек қарапайым азаматтар үшін, әсіресе әлеуметтік осал топтарға арналады – компания олар үшін биыл тарифті 20%-ға төмендетті. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер (нан зауыттары, сүт зауыттары) шығаратын компаниялар да газды субсидияланған бағамен ала алады.
– Газ тарату желілері бойынша 58%-дық көрсеткішке қол жеткізуге болады. Елді мекендерді газдандыру өте қарқынды жүруде. Тіпті, газдандыру қарқынын бәсеңдету қажет болуы мүмкін. Өйткені әзірге тауарлық газдың тапшылығын түбегейлі жойдық деп айта алмаймыз, – деді ұлттық компанияның басқарма төрағасы.Мемлекет басшысы, ішкі нарыққа сөзсіз басымдық берілетінін атап өткен болатын. Қазақстандық тұтынушыларды қамтамасыз ету үшін ұлттық компания экспортқа газ жіберуді азайтты. Әрине, шетелдік әріптестер алдындағы міндеттемелер өз күшінде қала береді. Бірақ Қазақстан азаматтарын газбен қамтамасыз ету – басты міндет. Сонымен қатар QazaqGaz «Теңізшевройлмен» газды экспорттан ішкі нарыққа бұру туралы уағдаласып отыр. Осылайша, қосымша екі миллиард текше метр газ ішкі тұтынушыларға жіберілді. Бірақ форс-мажорлық жағдайлар да жоқ емес. Мысалы, Орынбор газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын өңдеу мәселесі тұр. Ұлттық компания серіктестерімен бірге зауытқа дейінгі құбырдың өткізгіштік қабілетін арттырып, шикі газды қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін У-01 қондырғысын іске қосты. Бірақ Орынбор ГӨЗ өз міндеттемелерін орындамай отыр. Олар 2022 жылы 8,7 млрд текше метрдің орнына шамамен 7,5 млрд текше метр газды ғана өңдеуге қабылдады. Соның салдарынан орынборлық зауыттан алатын тауарлық газ көлемі де азайды. QazaqGaz «жаманнан жақсы жоқ» деген ұстанымда. Мұндай кезде барлық жағдайға дайын болу керек.
– Ұлттық компания Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысын өз мойнына алған. Бұл оңай жоба емес. Әуелі жекеден мемлекетке берілді, содан кейін жоба QazaqGaz балансына өтті. Біз қаржылық, техникалық және құқықтық аудиттер жүргіздік. Оның нәтижесі бойынша жоба дизайнында инженерлік қателер анықталды. Енді оларды түзетуге мәжбүрміз, бұл енді жобаны жүзеге асыру мерзіміне әсер ететін болады. Таяуда Энергетика министрлігімен, «Самұрық-Қазына» және Сараптамалық кеңеспен аудит қорытындыларына және due diligence үкіміне қатысты талқылау өткіземіз, – деді Санжар Жаркешов.QazaqGaz-дың тағы бір міндеті – барлау және өндіру нарығын құру. «Ойын ережесін» қалыптастырып, бәсекелестік тудыру, мықты ойыншылардың өсуіне мүмкіндік беру. Осы мәселелерді шешу жолында «Амангелді Газ» компаниясы базасында «QazaqGaz Барлау және өндіру» кәсіпорны құрылған. Газды барлау және өндіру бойынша қажетті құзыреттер осы бөлімшеде. «Qazaqgaz Барлау және өндіру» портфелінде, ресурстық базаны кеңейтуге бағытталған жаңа активтер шоғырландырылатын болады. Ұлттық компания жер қойнауын пайдаланушы ретіндегі басым құқығын пайдаланып, геологиялық барлау мен жаңа кен орындарын өңдеуге шамамен 10 лицензия алуды көздеп отыр. Сондай-ақ барлау және өндіру жөніндегі Жол картасы бекітілген. Соның шеңберінде ресурстық базаны 700 миллиардтан астам текше метр газға ұлғайту көзделіп отыр. Осы Жол картасы аясында «Самұрық-Энергодан» алғашқы Придорожное кен орны Ұлттық компанияның балансына өтті. Алынатын газ қоры шамамен 10 млрд текше метрді құрайды. «ҚазМұнайГаз» компаниясымен Рожковское кен орнын Qazaqgaz-ға беру туралы келіссөздер жүруде. Жаңа газ кен орны 2023 жылдың аяғы мен 2024 жылдың басында іске қосылатын болады.
– Сондықтан біз жер қойнауын пайдаланушылардан «Барлау мен өндіруге инвестиция салу үшін газдың бағасы қандай болғаны тиімді?» деп сұрағанбыз. Бұл газды сатып алудың жаңа формуласын айқындауға мүмкіндік берді. Осы формуланы енгізсек, басқа елдердегідей барлау және өндіру нарығында серпіліс болады. Маржа (пайда) болған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар нарыққа өздері келіп, елге көбірек газ беруге мүдделі болады. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі мен QazaqGaz-дың бастамасымен жасалған жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алудың жаңа формуласы Парламент қарауында жатыр», – деді Санжар Жаркешов.QazaqGaz қазіргі сәтте жұмыс ауқымының периметрін қалыптастыруды аяқтап қалды. Негізгі мақсат – қарапайым азаматтардың баға өсуінен зардап шекпейтін және нарықтың дамуына түрткі болатын тепе-теңдікті табу. Мысалы, QazaqGaz тұтынушыларды тарату желісіне қосуға қатысуы керек пе? Яғни, «қақпадан-конфоркаға дейін». Ең басында Бәсекелестікті қорғау және реттеу агенттігі бұл мәселеде қарсылық танытқан еді. Бірақ газ саласының кәсіби мамандары жағдайды түсіндірді.
– Монополия жасап отырған жоқпыз, керісінше халық үшін бағаны төмендету жолында бәсекелестік құрып жатырмыз. Бәсекелестікті қорғау және реттеу агенттігінің рұқсатымен Астана қаласы мен Қарағанды облысының нарықтарына кірдік. Нәтижесінде, адамдарда бізге немесе жеке компанияға жүгіну таңдауы пайда болды. Баға біртіндеп төмендей бастады. Бұл мәселеде біз халықты қорғауымыз керек, – дейді ұлттық компания басшысы.Тағы бір мәселе: QazaqGaz газ химиясымен айналысуы керек пе? Мұнда нарық мүлдем дамымаған, ол жаңа газ-химия кешенінің арқасында енді ғана басталды. Егер сәтті жүзеге асса, бұл шикізаттан қайта өңдеу экономикасына көшудің тамаша мысалы болар еді. Ұлттық компания қолға алып жатқан тағы бір жоба – қоғамдық көлікті газдандыру. Мысалы, Алматы автобустарын сығымдалған табиғи газға (метанға) ауыстыру. Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен газбен жүретін 800 автобус пайда болды. Келесі жылы әкімдік автобустар санын 1 200-ге жеткізуді жоспарлап отыр. QazaqGaz оларға арналған қосымша екі жанармай құю бекетін салмақ. Нәтижесінде, бұл қала экологиясын жақсартуға қосқан үлкен үлес болмақ. Экологиядан бөлек, ұлттық компания кадр мәселесін де қолға алып отыр. Биыл «Интергаз Орталық Азия» инженерлік орталығы мен өңірлердегі оқу комбинаттарының негізінде «QazaqGaz ҒТО» құрылды. Оның басты мақсаты – өндірістік міндеттерді шешу үшін жаңа технологияларды импорттау және енгізу. Екінші бағыты – кадрларды кәсіби дамыту бағдарламасы. Үшінші бағыт – қазақстандық ғылымды коммерцияландыру және газ өнеркәсібіне соңғы ғылыми әзірлемелерді енгізу. Бұдан басқа, QazaqGaz газ саласының мамандарын даярлау үшін студенттік стипендияларды тағайындау мәселесін де пысықтауда. Мәселен, QazaqGaz-дың қолдауымен Satbayev University және ҚБТУ-да газ өнеркәсібі үшін мамандар даярланатын болады. Ұлттық компания үшін 2022 жыл ауыр жыл болды. Десе де, QazaqGaz, «Самұрық-Қазына», Энергетика министрлігі және Үкіметтің бірлескен күш-жігерінің арқасында саланы тұрақтандыру үшін айтарлықтай серпінді қадам жасалды. Келесі жыл да оңай болмайды деп болжануда, осыған байланысты ұлттық компания дағдарысқа қарсы шаралар кешенін пысықтап жатыр. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, дайындық жұмыстары ертерек қолға алынып отыр.