Жанеркенің фотокөрмесі өтті

Жанеркенің фотокөрмесі өтті

Таяуда Алматыда, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайында жас фотоәуесқой  Марат Жанерке Маратқызының  «Туған жерім – атамекенім!» атты тұңғыш фотокөрмесінің тұсаукесер рәсімі өтті. Онда туған жердің табиғаты, экологиялық тазалық, табиғат әлеміне сүйіспеншілік паш етілген. Жанерке Марат – 2004 жылы Алматы қаласында туған. 2022 жылы  Ш.Уәлиханов атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясын «Алтын Белгі» және «Ел таңдауы» медальдарымен бітірген. Республикалық және халықаралық пән байқауларының бірнеше рет жеңімпазы болған. Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО клубтар федерациясының мүшесі, халықаралық ғылыми жобалар байқауының жүлдегері.  Ондаған мақаласы республикалық басылымдарда жарық көрді. Тарих саласы бойынша жазған зерттеу мақаласы Кіші Ғылым академиясының оқушылар арасындағы 2018 жылы өткізілген республикалық байқауында 1-орынға ие болды. Сондай-ақ талапты жас тарих, философия, экология және фотоөнер саласымен айналысқанды ұнатады. Көрменің ашылу рәсімінде  ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы Харипова құттықтау сөзінде Жанерке Маратқызына шығармашылық табыс тілеп, ізгі тілектерін арнады. «Бүгінгі өткізіліп отырған көрме әлемдегі фото ісінің 200 жылдығына арналып отыр. «Туған жерім – атамекенім!» деген атпен көрерменге жол тартқан көрмеге туған жердің тамаша көріністері қойылыпты. Әр фотосуреттен автордың ішкі жан дүниесін көруге болады. Әр сурет өзі үшін өзі сөйлеп тұр. Біз Жанеркедей шығармашылықты отаншылдықпен байланыстырып, алға ұмтылған жастарға тек ризашылығымызды білдіреміз. Біздің музейімізде жасөспірімдер, балалар шығармашылығына көп көңіл бөлінеді. Оны біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан да көруге болады.  Қазақ  мұражай ісінің қарашаңырағы болып табылатын Орталық музей талай талантты жастың қанатын қатайтып, өнер туындыларын көпшілікке таныстырды. Отанын сүйген өнерлі жандарға біздің есігіміз әркез ашық. Жастарымыз өнерімен елімізді әлемге таныта берсін!» – деп тілегін аяқтады іскер басшы. Сондай-ақ салтанатта жазушы-публицист, Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаев та Жанеркеге жүрекжарды тілектерін арнады. «Бүгінде әр адамның қолында гаджет бар. Қалаған сәтінде суретке түсіру мүмкіндігіне ие. Бірақ оны өнер ретінде тану, түсіре білу ол – үлкен шеберлік. «Nikon фотоаппаратын сатып алу сізді фотограф емес,  оның иесі етеді» деген екен біреу. Демек, қолыңдағы құралыңды дұрыс пайдалану арқылы сен табиғатты, адамды, затты сөйлетесің. Содан барып міне, дәл бүгінгі күні 200 жыл толып отырған фото өнері пайда болған. Жанерке, сенің суреттеріңде сезім бар, терең ой бар. Шығармашылығың өрлей берсін! Алдағы күндері сені әлемдік өнер сахнасынан көрейік», – деді белгілі публицист жас талантқа арнаған жылы лебізінде. ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақ өнерінің қайраткері  Сағидолла Ахтанов: «Жанерке, алғашқы қадамың құтты болсын! Фотоға түсіру де – үлкен өнер. Өткен ғасырдың фото шебері Анри Картье-Брессон:  «Суретке түсіру арқылы сен бір секундта картинаны саласың» деген екен. Сол айтпақшы Жанерке сенің табиғатты суретке түсіруіңде нәзік талғам мен әрі ғажайып сәтті  ұстай алғандығың көрініс тапқан. Суретке түсіру – фотоаппараттың жылдамдығы емес, ол сезімнің тереңдігінде, сол тереңдік  сенің әр картинаңда  сезіліп тұр. Шығармашылығың шыңдала берсін! Отанын сүйер сен секілді  талантты да, талапты жастар көп болсын!» – деп ізгі тілегін аяқтады белгілі суретші. Сондай-ақ салтанатты шарада ҚР Білім саласының үздігі, филология ғылымдарының докторы, профессор Гауһар Балтабаева, Іле аудандық тілдерді дамыту орталығының директоры Бақытгүл Каршалова ізгі лебіздерін білдірді. Көрмеге қойылған фотосуреттер мұражайға келген мектеп оқушылары арасында қызығушылық туғызды.  

Раушан БЕКТЕН