Екібастұздық 50 бала қысқы демалысын Түркістан облысындағы спорттық-сауықтыру кешенінде өткізеді. «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан игі шара республика көлемінде бастау алды.
- Жуырда ғана партияның Төрағасы Ерлан Жақанұлы Түркістан облысына жасаған сапарында мәлімдеме жасаған болатын. Екібастұздағы төтенше жағдайда зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек қана емес, балаларға да жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Біздің өңірге таңдауы түскен 50 бала, олармен бірге келген 6 сүйемелдеуші және 1 дәрігер Төлеби ауданында орналасқан “Бәйшешек” демалыс аймағына орналастырылды. Жалпы, 15 жасқа дейінгі мектеп оқушылары қамтылып отыр. Балалар 11 қаңтарға дейін жоспарға сай түрлі бағыттағы іс-шараларға қатысады. Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесіне де саяхат жасау жоспарлануда. Партияның бұл бастамасы балақайларға ерекше серпін сыйлайтыны анық, - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
- Екібастұз қаласынан Түркістан облысындағы лагерьге келгеніме қуаныштымын. Өзімді жайлы сезіндім. Пойызда достарыммен бірге ойындар ойнап, әңгімелесіп, уақытымыз қызықты өтті. Басқа мектептің оқушыларымен де танысып, достасып кеттік. Түркістан - әртүрлі кесенелерімен, мұражайларымен танымал. Ата-әжеммен бірге бұған дейін келгенмін. Бірақ кішкентай болған соң есімде сақталмапты. Сондықтан қазір ағаларымыздың осындай мүмкіндік бергендеріне ризамын, - деді ол.