«Қасіретті қаңтар» оқиғасы қалың қазаққа үлкен сабақ болды. Сол бір алауыздық пен бірліктің арпалысқа түскен сын сағатында халық ақ пен қараны ажыратудан қалды. Ел ішіндегі дүрбелеңде ұрымтал сәтті өз пайдасына жаратуды мақсат еткендер алаңсыз жүрген жастарды да жымысқы саясатына араластырып, мемлекет мүлкіне орасан шығын келтірді. Онымен ғана тоқтаған жоқ. Халықты ақиқаттан адастырып, арам пиғылдарын жүзеге асырушылар баланы да, қартты да аямады. Сол бір ауыр күндері қаншама отбасы қара жамылды. Бірі арқа сүйер азаматынан, бірі бауыр еті баласынан айырылды. Дәл сондай аласапыран шақта қаңғыған оқтың бірі режиссер, қазақ музыкасы мен мәдениетіне үлес қосып жүрген Сәкен Битайға да тиген еді. Біз бүгін Қаңтар оқиғасында қайтыс болған марқұмның жары Гүлбақыт Баекенова-Битаймен тілдескенді жөн санадық.
– Ауыр тиген ескі күннің жаңғырығы естен кете қоймайтыны анық. Сіз қазір сол күндер жайлы не ойлайсыз?
– Шынымды айтсам, сол кездерді еске алғым келмейді. Алайда әлі де болса халық «Қасіретті қаңтардың» ақиқатын толық білмей жүр. Біз Сәкен екеуіміз де шығармашылық жолды таңдадық. Содан ба екен, ол жұмысқа келгенде жауапкершілікті бәрінен жоғары қоятын. Сол күні де қаланың әр жерінде қақтығыс болып, дүрбелең болып жатқан шақта да жұмыс орнына асықты.
Өздеріңіз де білесіздер, «Таңғы хабар» бағдарламасы өте ерте басталады. Әдеттегідей сол күні таңғы төрт жарымда эфирде болдым. Эфирден кейін елде осындай жағдай болып жатқан соң бәрімізді үйімізге қайтарып жіберді. Сәкен екеуіміз екі жыл бұрын Irge деген продакшн ашып, тендерге қатысып, мемлекеттік арналарға сериалдар мен деректі жобалар жасап жүрген едік. Ол да мемлекеттік тапсырысқа байланысты алған роликтерді жасау үшін офисіне кетті. Дәл сол күні ешбір жерде интернет ұстамады. Бірақ біз бір-біріміздің қайда екенімізді сәт сайын біліп отырдық. Басында үйге қайтамын деп тұрған. Артынан актерлер, өнер адамдары мен спортшылары бар, барлығы бірігіп, қарақшыларды тоқтатпақ болыпты. Бұл туралы естіген менен ес кетті. Сәкеннен тезірек үйге қайтуын жалынып сұрадым. Алайда Сәкен өте намысшыл еді. Оның Отанына деген махаббатын айтып жеткізе алмаймын. Дәл сол шексіз патриоттығынан да ма екен, қарақшыларды райынан қайтарамыз деп ойласа керек. Амал жоқ, айтқанға көнбейтінін біліп, өзім үйге қайтаруды ұйғардым. Қалаға шықсам айналада небір сұмдықтар болып жатыр екен. Арасында Сәкенге хабарласып, қайда екенін біліп тұрдым. «Қарақшыларды тоқтатып жүрміз» деді. Назарбаев көшесімен төмен түсіп келе жатқанда қарақшылар бір қарттың көлігін қиратып жатқанын көрдім. Әлгі кісі «Балам ауырып, ауруханаға бара жатырмын, жіберші» дегенін де құлақтарына қыстырған жоқ. Одан сайын өшіккендер әп-сәтте қарттың көлігін талқандап тастады. Айналаның бәрі өртке оранып жатты. Сейфуллин көшесіне түсіп келе жатқанымда жол жөнекей өртенген полиция көлігін, арықта құлап жатқан жедел жәрдем көлігін шығара алмай жатқан адамдарды көрдім.
– Сіз көрген қарақшылардың түр-әлпеті есіңізде ме?
– Бәрі есімде. Олардың түсі қарапайым адамдарға ұқсамайтын. Кәдімгі кинолардан көретін қарақшылардан аумайтын. Көздерінен аяушылық сезімді көрмедім. Түрлері сондай суық еді. Бір қарағанда өңменіңнен өтіп кете жаздайтындай еді. Сол күні Сәкенді үйге алып қайту үшін Төле би көшесіне тартып отырдым. Резиденция өртеніп жатыр екен. Мен одан бейхабармын. Қарсы алдымды қарақшылар жапты. Әрі қарай өте алмайтын болған соң сол жердегі өзіміздің қазақ балаларға өткізіп жіберуін сұрадым. Көліктерді тоқтатып, өткізіп жіберді. Қазыбек би көшесіне келгенде Сәкенге хабарлассам, үйге қайтып келе жатқанын, маған да дереу кері қайтуым керектігін айтты. Кері қайтып бара жатқанымда қасыма кішкентай «Лада» көлігі тоқтады. Көліктің ішінде қазақ ұлтына ұқсамайтын 6-7 жігіт отыр екен. Терезелерін ашып алыпты. Алдында отырған кісінің қолында қару болды. Маған тесіліп қарағанда денем түршігіп кетті. Көлікте отырғандардың бөтен адамдар екенін түрлері анық көрсетіп тұрды. Мысалы, қалың сақал алынғаннан кейін аппақ болып тұрады ғой. Қорыққанымнан аяқ-қолым дірілдеп, көлікті жүргізе алмай қалдым. Сөйтіп тұрғанда, екінші көлік тоқтады. Оның да ішінде өзге ұлт өкілдері толып отырды. Алдыңғы терезесі ашылғанда анық естідім, бір-біріне түсініксіз тілде айғайлап сөйлеп жатты. Маған қарай тесіліп қарады да, тез бір-бірінің артынан ілесіп кетіп қалды. Қорықсам да, Сәкеннің амандығын ойлап отырдым. Үйге келсем, Сәкен де келіпті. Тамағын ішіп болған соң қайтадан жұмысқа жиналды. Жүрегім бір жамандықты сезгендей болды ма «офиске бармай-ақ қойшы» деп өтіндім. Бірақ мені уайымдатқысы келмеді ме «Есіктің алдына шығып келемін» деп кетіп, маған айтпай офиске кетіпті. Жұмысына бара жатқанда Полиция департаментінде дүрбелең болып жатқанын естіп, соны көруге барған. Қасында бірге болған бала «жай ғана көрейік, ары қарай кетеміз, маңынан өтейік деп айтты» дейді. Сол маңнан өткен кезде атыс болған. Қарақшылар мен полицейлер бір-біріне оқ жаудырған. Дос баласының айтуынша, сол кезде алдарынан жиырма шақты адам шығыпты. Тұраққа келгенде көлікті өшіріп, орындығын артқа қарай еңкейтіп көрінбей жатамыз деп ойлаған. Сол кезде қарақшылар терезені ұрып, есікті жұлқылап көліктерін беруін сұрайды. Ішінде біреуі көлікке оқ жаудырады. Көлікке төрт оқ тиген. Бір оқ Сәкен жағынан атылғанда еңкейіп, тығылған. Арттан тағы оқ атылған. Сол оқ Сәкеннің өкпесіне тиіпті. Ауруханаға жеткенше ішіне қан толып қайтыс болып кетті.
– Қайғылы қазаны сізге кім естіртті?
– Сағат түнгі 1-ден 10 минут кеткенде дос баласы хабарласып «Сәкен ауруханаға түсті. Тез жетесің бе?» деді. «Не болды?» деп сұрап едім, оқ тигенін айтты. Бірақ қайтыс болды деген үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Балаларды әжесіне тастай салып 5-ші ауруханаға тартып отырдым. Аурухана біздің үйдің қасында еді. Көшенің қарама-қарсы бетінде болатын. Көшеге шықсам түсініксіз адамдардың қарасы көбейіп кетіпті. Дәрігерлер бір сағат бойы Сәкеннің қайтыс болғанын айтпады. Қайда екенін нақтыламады. Ол күні дәрігерлердің маған жауап беретін жағдайы болмағанын енді түсініп жатырмын. Қатты қорқып қалған. Қарақшылар қай жақтан тап беретінін білмей елең-алаңда отырған болу керек. Бірақ мен де күйеуімді тауып беруін сұрап тұрып алдым. Өйткені ол жерде ешқандай жансақтау бөлімі жоқ болатын. Ауруханаға келген екінші дос баласы тек артынан жолдасымды мәңгілік жоғалтқанымды айтты. Шынымды айтсам, басыма не келгенін білмеймін. Бірақ бірінші ойлағаным «Біздің бірге істейтін тірлігіміз көп еді ғой» дедім. Өйткені атқаратын жұмысымыз, бірге ашамыз деп жүрген жобаларымыз бар еді.