«AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалында депутаттық фракция мен саяси кеңес Бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Онда 2022 жылғы Жол картасының орындалуының алдын ала қорытындылары қаралды. Отырыс жұмысына қалалық филиалдың атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев, Алматы қаласы мәслихатындағы фракция жетекшісі Серік Есматов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров және депутаттық фракция мүшелері, сондай-ақ мегаполистің мемлекеттік органдарының басшылары және тағы да басқалар қатысты.⠀ Отырыста сөз сөйлеген қалалық филиалдың атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев қалалық филиал ай сайын сайлау алдындағы уәделердің орындалуын бақылап, талдап отыратынын атап өтті. Бұдан әрі қала әкімінің орынбасары А.Әбдіқадыровтың 2022 жылғы Жол картасының орындалу барысы және 2023 жылға арналған жоспарлары туралы баяндамасы тыңдалды.⠀ Мәселен, 2022 жылы 103 іс-шара орындалған. Қала экономикасының өсу драйвері қарқыны бойынша республикада 1-орында тұрған өңдеу өнеркәсібі болды. Индустриялық аймақта инвестиция көлемі 9 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылды.⠀ «Шетсіз қала» бағыты бойынша да жұмыстар жалғасуда. 100 шақырымнан астам электр желілері қайта жаңартылды және 511 жарықтандырылмаған көшелер жарықтандырылды. Әуезов көшесін Райымбек даңғылына дейін созу аяқталды. Бұл көшенің өткізу қабілетін тәулігіне 50 мың автомобильге дейін арттырды. Сонымен қатар 57 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұдан басқа, «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «Жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламалары аясында 2303 пәтер бөлініп, 2022 жылы ескі тұрғын үйді жаңарту бағдарламасын жүзеге асыру аясында жеке инвестициялар есебінен 146 пәтерлік 20 үй бұзылды. Мегаполистегі өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – оқушы орындарының тапшылығы. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына Алматыда 13,5 мың орындық 16 мектеп пен қосымша құрылыстар іске қосылды, ал жыл соңына дейін 2 700 орындық тағы 2 мектеп іске қосылады. Сондай-ақ әкім орынбасары 2023 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында оқушы орындарының тапшылығын жою үшін Алматыда 37 100 оқушыға арналған 22 мектептің құрылысы басталатынын айтты. «Мектеп автобусы» пилоттық жобасы және дабыл түймелері, турникеттер және бейнекамералар орнатылған қауіпсіздік жүйесі іске қосылады. Отырыс барысында проблемалық мәселелер де қаралды, оларды шешу үшін әкімдіктің құрылымдық бөлімшелеріне бірқатар тапсырмалар берілді. Бірқатар іс-шаралар бойынша орындалмау қаупі – құрылыс материалдарының қымбаттауына, сот ісін жүргізуге, сондай-ақ басқа да себептерге байланысты. Өз кезегінде партияның қалалық филиалы өзінің барлық сайлауалды уәделерінің уақтылы орындалуын бақылауды күшейтеді.