Қыс қызығы – қар. Әйтсе де, боран мен аязы тағы бар. Арқада қыс қаһарына мінді. Күннің боран болуына байланысты республикалық маңызды жолдар ғана емес, облыс ішіндегі, бір ауылдан екінші ауылға жетер жол да жабылды. Ескертуді елемейді Өткен жылдың соңғы күндері күн райының қолайсыздығына байланысты жарияланған ескертуді елемегендер 15 тәулікке қамалатын болып шешім қабылданды. «Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысына осындай өзгеріс енгізілді.
«Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның заңды талаптарына бағынбау фактілері анықталған жағдайларда, көлік құралдарының жүргізушілеріне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 667-бабына сәйкес шаралар қабылданады», – делінген құжатта.Кодекстің сәйкес бабы полиция қызметкерлерінің заңды өкіміне бағынбағандарға қатысты қолданылады. Дегенмен бұл қаулының өзгерісі халыққа жетпеді ме, әлде ести тұра барар жеріне асықты ма, жол жабылса да көлік тізгіндегендер тізбегі жолда шақырымдап тұр. 4 қаңтарда Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда қалың қарға байланысты 127 автожол аумағы жабылды, 49-ы – республикалық, 78-і облыстық маңызы бар жолдар. Жолда қалған жолаушыларды құтқару мақсатында республикалық және аймақтық штабтар құрылған.
«Блокбекеттерде 600 көлік тұрып қалды. Өткен тәулікте құтқарушылар 691 адамды құтқарып, қауіпсіз жерге көшірді, 137-сі – бала (Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Қарағанды, Абай облыстарында). 145 техника сүйреп шығарылды», – деп жазылған ведомство хабарламасында.202 адам құтқарылды Қарағанды облысында қар жауып, боран басылмай тұр. Ақтүтек боран біраз көлік жүргізушісін әуре-сарсаңға салды. Күн райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған көліктерге жол полициясы қызметкерлері көмек көрсетіп жатыр.
«3 қаңтар күні ауа райының күрт өзгеріп, қар жауып, боран соғуына байланысты Қарағанды облысының аумағынан өтетін барлық республикалық маңызы бар тасжолдар мен облыс ішіндегі жолдар жабылды. Осыған орай патрульдік полиция және патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жұмыс өткерудің күшейтілген режиміне көшіріліп, тасжолдарда жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқаруға кірісті», – деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.Қарағандыдан Алматыға қарай бағыт алатын тасжол күн райының қолайсыздығынан жабылып, 30-ға жуық көлік жолда қалып қойды. Ал 200-ге жуық көлік Астанадан Теміртау қаласына жете алмай, қар құрсауында қалған. Патрульдік полиция қызметкерлері жолда қалған көліктерді Теміртау қаласына дейін, ал Теміртауда қалған көліктерді Қарағандыға жеткізді. Апаттық-құтқару жұмыстарына ТЖД, жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтері жұмылдырылды. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмаған. Сонымен қатар құтқарушылар Ақтау кентінен өту мүмкіндігі жоғары көліктердің көмегімен үш жүкті әйелді эвакуациялады. Қарағандыда қарбалас Жаңажылдық демалыстардан кейін Қарағанды қаласының әкімдігі шаһарды қардан тазалауды бастап кетті. 4 қаңтарда Қарағандыда жолдар мен тротуарларды қардан тазартуға 184 арнайы техника мен 160 жол жұмысшы жұмылдырылды.
«Бірінші кезекте қарды автобус маршруттары өтетін негізгі магистралдардан, қоғамдық көліктің кірме аялдама қалталарынан, тротуарлардан, жаяу жүргіншілер өткелдерінен және одан әрі басқа учаскелерден шығарамыз», – деп хабарлады қала әкімдігі.Ауа райының қолайсыздығына байланысты қар тазалау техникасының жұмысы күшейтілген режимде, екі ауысымда жүргізіледі. Ауылға жету де, барып алып кету де қиын Қысқы демалыста қалалықтардың көбі ауылға қарай ағылады. Туған үйінде Жаңа жылды қарсы алғанға не жетсін? Дегенмен екінші түйткіл бар, сол ауылға жету де, артқа қайта кету де қиын.
«Түйедей мәселенің бәрі түймедей нәрседен басталады. Әңгіменің турасына көшсек. Шет ауданы Жарылғап батыр ауылы мен республикалық тасжолды жалғайтын 16 шақырымдық жол бітпейтін, дәстүрлі мәселеге айналды. Қыс түссе болды, жол азабын тартады ауыл тұрғындары. Желтоқсанның соңы басталған боранның 10 күнсіз бітпейтінін жергілікті әкімдік те, басқасы да білді. Ал Ақшатау ауылдық округінің жолы тазаланбақ түгілі мердігермен шарт жасалмаған», – дейді Шет ауданы Жарылғап батыр ауылының тумасы журналист Жанайдар Майкен. Ол 1 қаңтардан бері ауыл әкімінен бастап аудандық әкімшілікке хабарласып, мән-жайды түсіндіргенін айтады. «Қызықтың бәрі осы жерден басталды. Ауыл әкімі мердігермен келісімшарт ұзартылмағанын айтты, аудан тарапы шарттың екі ай бұрын жасалғанын алға тартты. Ал мердігерге келісімшарт туралы 2 қаңтар күні ғана ауданның ТКШ бөлімінен sms келген (жолды арши беріңізші, кейін шарт жасай саламыз деп). Бірақ аудан тарапының өтінішін мердігер қабылдамай, бас тартқан. Демек, қазірдің өзінде жол тазалайтын жауапты тұлға бекітілмеген деген сөз. Кімге сенеміз, ауыл әкіміне ме, ауданға ма, әлде мердігерге ме», – дейді ол.Мұндай жанайқай бір ауылда ғана емес, бүкіл елді мекенде бар десек болар. Сонда кім кінәлі, қыс боларын біле тұра келісімшарт жасамаған әкімдік пе, әлде техникасы болмаса да жол күреуді ұтып алатындар ма?
Қарағанды облысы