«Жеті жыл ішінде бармаған жерім, ашпаған есігім қалмады. Бір күнде істі болып темір торға тоғытылған үш ұлымның оқиғасында айтылмаған ақиқатты ашамын деп жүріп «қаңғыбас әйел» атандым» деп бастады әңгімесін редакциямызға Жамбыл облысынан келген қарт ана Шынар Исматова. Тағдырдың тәлкегіне түссе де, сынаққа сынбаған жетпістегі ананың басынан өткен ауыр күндері емес, қиындыққа төтеп бере алған төзімділігі таңғалдырмасқа қоймады. Жиырма алты жыл бұрын жарын жер қойнына тапсырған Шынар апа үш ұлы мен бір қызын жұрттан қалдырмай өсіріп, ұлдарын ұясына, қызын қияға қондырады. Осылайша, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқанда жалғыз қызы екі баласымен жастай жесір атанады. Астанаға арман қуып кеткен күйеубаласының ғұмыры күрежолда қиылып кете барған. Басында баспанасы жоқ, шиеттей баламен қалған қызына қолғабыс ету үшін Шынар апа көп ойланбастан елордаға келеді. Алайда жалғызының жыртығын жамаймын деп жүргенде ауылда қалған үш ұлы ойламаған жерден істі болады.
– Астанаға кетерімде ұлдарыма «Отбасылы болдыңдар, бастарыңда баспаналарың бар. Енді мен қыздың бір жағына шығайын» деп кеттім. Сол кезде бір кісілер елде қалған балаларды үгіттеп, өз ойын іске асыруға пайдаланған екен. «Сендер өстіп жүресіңдер ме? Шешелерің қаңғып жүр, қарындасың пәтер жалдап күнін көреді. Сендер бір-бір үйде уайым-қайғысыз жүргендерің ұят. Біраз ақша істеп, қарындастарыңа баспана алып бере аласыңдар. Қиын шаруа емес, тапсырыс берушілердің тауарын 1-2 рет жетізіп берсеңдер, қомақты ақша аласыңдар» деп таныстары ең кіші ұлымды үгіттейді. Ол кезде үлкен тұңғыш ұлым мектепте директордың орынбасары, екінші ұлым Ақтөбе қаласында теміржолда қызмет істейтін. Кенже балам Тараз қаласында жолдасымен жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген. Сол кіші балам екі ағасын осы іске үгіттейді. Сөйтіп, алдын ала жоспарға сәйкес Қырғыз Республикасымен шекаралас Жуалы ауданынан тауарды Таразға әкеледі, одан ары Ақтөбеге жібереді. Ақтөбедегі бала тауарды қажетті жеріне жеткізу керек болады. Бірінші тауар сәтті өтеді. Екінші тауарды апаратын кезде үшеуі де қолға түсті. Астанада бір жатақхананың әкімшісі әрі еден жуушысы болып жұмыс істеп жүрген жерімнен бір жағдайлармен сұранып 1 мамыр күні ауылға келгем. 3 мамыр күні арнайы операция кезінде ұсталды. Үш ұлымның қолына көз алдымда кісен салуды маңдайыма жазған екен. Ұлдарымның қандай іспен айналысып жүргендерінен мүлдем хабарсыз едім. Жылап-еңіреп жағдайды білу үшін Жамбыл облысының тергеушілеріне жеттім. Ешкім маңына жолатпады. Ешқайсысы сөйлескісі келген жоқ. Артынша екеуін Ақтөбе қаласына алып кетті. Олардың артынан еріп бардым, – дейді Шынар апа.Ақтөбелік тергеушілер етегі жасқа толған әйелдің айтарына құлақ түргенімен, қолдарынан ештеңе келмейтінін айтып шығарып салады. Бар білгені сол, балалары 10 келі есірткіні қажетті жеріне апара жатқан жерінен ұсталған. Бірақ үлкен екі ұлы көлікке тиелген тауардың есірткі екенінен хабары болмаған көрінеді. Кенже баласының өзі қандай тауар тасып жүргенін кеш біліп, екіншісін өткізіп берген соң ақшасын алып, жайына кетпек болыпты. Шынар апа балаларын ақтағысы жоқ. Айтуынша, қолмен жасағанды мойнымен көтеру керек. Бірақ ақ жаулықты ананың білгісі келгені бір ғана ақиқат. Ол – үш бірдей ұлын осындай тірлікке араластырғандардың аты-жөнін білу. Басын тауға да, тасқа да соққан Шынар апа бар жиған-тергенін жеке тергеушілерге беріп, істің ақ-қарасын өз бетінше іздеуге кіріседі. Көп ұзамай үшеудің ісіндегі жіптің бір ұшы қайда жатқанын шамалап айтып берген.
– Олардың айтқанын естігенде төбемнен жай түскендей болды. Білгенім – бұл істің барлығы алдын ала ойластырылған тұзақ екен. Дәл осындай «тауармен» айналысып жүрген бір адам құзырлы орынның құрығына ілінген. Сол адамды тергеуден аман алып қалу үшін менің үш ұлымды құрбан қылуды жоспарлаған. Ұлдарымның қайдан шығып, қайда барғанына дейін бейнетаспаға түсіріп жүрген. Осы жайттың барлығын білген соң «ақиқатты білдім, әділдікке біртабан жақындадым» деген үмітпен прокурорға жеттім. Сөйтсем, тым ерте қуанып қойған екенмін. «Мен ұлдарымның ісін ешқашан ақтай алмаймын, бірақ ақиқатты білу керек» деген аналық сөзімді тыңдаған прокурор «Сіздің артыңызда қорғаушыңыз жоқ. Бұл тамырын тереңге жайған бәйтерек секілді. Сіздің балаларыңыз сол бәйтеректің жапырағы ғана болатын. Түбіндегі тамырын қопарамын деп қателік жасамаңыз. Тілімді алсаңыз, балаларыңыз түрмеге түссін. Шындықты іздеп жүргенде балаларыңыздың біреуін өлтіріп қоясыз» деді. Айтқандарына көнуден басқа амалым қалған жоқ, – деген қарт ана көз жасына ерік берді. Аз ғана үнсіздіктен кейін әңгімесін ары қарай жалғастырған Шынар апа: «Сөйтіп, балаларым алды 7 жылдан 11 жылға дейін жаза арқалады. Бастары жұмыс істегенде мұндай тірлікке бармайтын еді. Өздеріне лайықты жазасын алғанын да білемін. Бірақ олардың артындағы шиеттей 12 баланы асырап-бағу күннен-күнге қиындап кетті. Екі келінім емізулі баламен отыр. Өзім төрт жерде жұмыс істеп, базарда құрт сатып тапқан азын-аулақ ақшам келіндерімнің түрмеге барып-келуіне ғана жететін. Сөйтіп, басымдағы жағдайды айтып, сол кездегі Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асанов пен Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа кірдім. Ең құрығанда алты баласы бар ұлымды бостандыққа шығаруын сұрадым. Сот болды, ойласты, тексерді, түрмеде балалар өздерін-өздері көрсете білді. Сөйтіп, бір жарым жыл ішінде 7 жылға сотталған бір балам шартты түрде бостандыққа шықты. Жағдайымды түсінген құзырлы орын өкілдері екі баламды Ақтөбеден Жамбыл облысына ауыстырды. Олар да түрмеде жақсы тәртібімен көзге ілінді. Бір ұлыма тігін машинасын алып бергем. Түрме ішінде тігін цехын ашып, 56 мыңға сатып алып берген бір машинаны 11 машинаға өсірді. Екінші балам аспаз болып істеді. Үлгілі нәтиже көрсеткен екі ұлым да мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруға өтініш тастады. Бірақ ол үшін 10 млн ақша сұрады. Өзім сандалып әр есікті бір ашып жүргенде ондай ақша қайдан болсын, – деп жалғастырды Шынар апа әңгімесін.Балаларының басындағы жағдайды баяндаған ол ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасына жолығып, Жамбыл облысындағы екі ұлын Степногорск қаласына ауыстырып алғанын жеткізді. Комитет басшысы «Алдыңғы тәртіптері есепке алынбайды. Егер өздерін жақсы жағынан көрсетіп, үлгілі тәртібімен көзге түссе ғана шартты жазаға өтініш жазуға болады» деп кесіп айтқан көрінеді. Сөйтіп, бұл жерде де түрме ережесін бұзбай, өз-өздерін көрсете білген ағайындылардың жазасы 2022 жылы шарттыға ауыстырылады. «Баласының аяғына кірген тікен анасының маңдайына кіргені» секілді осы жылдарда ана жүрегі қандай күйге түскенін ойлаудың өзі ауыр. Десе де, жеті жылда көрген қиындығын дұшпанына да тілемейтінін айтқан Шынар апа: «Адамнан келген сынақты адам көтере алады. Ең бастысы, Құдайдың сынағына сынып кетпесек болғаны» дейді. Бүгінде балалары бостандықта, немерелері қасында тәубесін айтып, шүкірлік еткен Шынар апа қиын күндері ақыл-кеңесін айтып, қолдан келген құқықтық көмегін аямаған құзырлы орган өкілдеріне ризашылығын білдіргісі келеді. Оның ішінде ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, әділет генерал-майоры Жанат Ешмағамбетовке, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Арнайы есеп бөлімінің бастығы, әділет полковнигі Асыл Қайратқа, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкері Жалғасбек Темірбекұлына, Бас прокурор Берік Асыловқа, Бас прокурордың аға көмекшісі Сәуле Сыздықоваға, Бас прокуратураның Өтініштермен жұмыс және іс жүргізу департаментінің аға прокуроры Азат Бужееваға аналық жүрегімен алғысын айтады.