Тарих көптің жадында сурет арқылы сақталады. Олай болса, халықты таңғалдырар кадр түсіру – өнермен пара-пар. Фотожурналистикада объективін арқалап, талай оқиғаның ортасында жүріп, қажырлы қызмет еткен жандардың бірі – Советбек Мағзұмов. Белгілі фототілші қазақ журналистикасының аңыздарымен қызметтес болып, Қазақ телеграф агенттігінде, «Социалистік Қазақстан», «Айқын», «Литер» газеттерінде еңбек етті. Бүгінде Советбек Мағзұмов жеті асудың бел ортасы 75 жасқа толып отыр. Осыған орай ардагер фототілшімен сұхбаттастық.
– Алғашқы еңбек жолыңызды аудандық газеттен бастапсыз. Фотожурналистикаға қалай келдіңіз? Жан қалауыңыз ба?
– Еңбек жолымды Қарағанды облысы Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінен бастадым. Газеттің тарихы өте ертеден басталады. 1932 жылы «Қызыл кенші» деген атпен шыққан. Газеттің бірінші бас редакторы белгілі қаламгер – Әбділда Тәжібаев. Бұл басылымның бірінші жауапты хатшысы Жұмағали Саин еді. Аудандық газет болса да, редакцияда белгілі тұлғалар жұмыс істеді. Баубек Бұлқышев те газеттің штаттан тыс тілшісі болған. Газет аптасына үш рет шықты. Сенбілік нөмірді А3 форматында, қазіргі тілмен айтқанда, «Етжеңді» нөмір шығардық. Аудандық газетте істеп жүрген кезімде басқа облыстық басылымдарға, «Социалистік Қазақстанға», «Лениншіл жасқа» суреттер жіберіп, мақалалар жазып тұрдым. Шағын хабар, суреттеме, репортаж, очерк жазатынмын. Сол кезде ең жеңіл жанр хабар деп ойлайтынмын. Бірақ кейін Қазақ телеграф агенттігінде жұмыс істегенде ең ауыр жанр екенін түсіндім. 1970 жылы оқуға түсетін болып, «Орталық Қазақстан» газетінің редакторынан мінездеме сұрап хат жазып жібердім. Олар сырттай бөлімге оқуға түсуге деп жазып жіберіпті. Мінездемеге қарасам, мені қатты мақтапты, тіпті КазГУ-ға түсудің қажеті жоқ сияқты. Ал аудандық газет мені жұмыстан шығып кетеді деп мінездеме бергісі келмеді. Содан құжат тапсыратын соңғы күні дегенде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ұзақ Бағаев ағайдан мінездеме алып, оқуға тапсыруға үлгердім. 1-курста оқып жүріп, кездейсоқ «Казахстанская правда» газетінің фотографы Чи-Ко-Ванмен таныстым. Ол жетімдер үйінде өскен, ұлты кәріс азамат еді. Жоғары білімді, Мәскеуде оқыған. Жетімдер үйінен шыққан кезде оған Чикован деген фамилия береді. Грузияда Чикован деген князь болған. Бірақ ол фамилиясын Чи-Ко-Ван деп кәрісшелеп жаздырып алыпты. Не деген ұлтжандылық десеңізші. Ол кісі маған: «Менімен бір жыл жүр. Сосын сені газеттер өзі іздейді» деді. Ол кезде студенттерге газетте жұмыс істеу арман еді. Сөйтіп, сабақтан кейін газеттің 4-бетіндегі жаңалықтарға сурет түсіріп жүрдім. Жазғы демалысқа шыққанда Чи-Ко-Ван мені «Қазақстан пионеріне» алып барды. Бас редакторы – Фариза Оңғарсынова. Осылайша, «Қазақстан пионерінде» 3-4 жылдай жұмыс істедім. Қазір ойлап қарасам, жақсы журналист болу үшін ең бірінші балалар басылымында жұмыс істеу керек екен. Сонда журналист саясатқа кетіп қалмайды. Баланың тілін, психологиясын зерттейді. Сөйтіп, мені «Социалистік Қазақстан» газеті жұмысқа шақырды. Ойланбастан бардым. Себебі «Социалистік Қазақстанда» жұмыс істейтін журналистерге үй беретін. Ал оқуды бітіргеннен кейін Қазақ телеграф агенттігіне өзім сұранып бардым. ҚазТАГ жабылғанша сонда жұмыс істедім. Осы кезде жазуды қойып, тек фотожурналистикаға бейімделдім. Фото дегеніміз – өнер. Кеңес үкіметі кезінде фотоөнермен айналысқандар аз болды. Алматыда 6-7 газет болса, әр газетте тек бір фотограф болатын. Сондықтан фотожурналистика менің жан қалауым десем де болады. Арқа төсінде жүріп белгілі тұлғалардың барлығын суретке түсірдім. 1980 жылы 30 тамыз күні ҚазақКСР-ының 60 жылдық тойы болды. Көкшетаудан мені шақырды. Сол кезде Брежневтың қасында бар-жоғы 4-ақ адам жүрдік. Себебі басшылардың қасында ақпараттық агенттіктің адамдары ғана жүретін.
Содан 1997 жылы Президенттің Жарлығымен ҚазТАГ таратылды. Содан кейін ешкім жұмысқа шақырған жоқ. 6 ай жұмыссыз жүрдім. Жұмыс тәжірибем жоғалмас үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына барып тіркелдім. Содан 2004 жылы «Айқын-Литер» газеттерінің Астана қаласындағы фототілшісі болып жұмысқа кірдім. Ол кезде «Айқын», «Литер» газеттеріне жұмысқа орналасу журналистерге арман болатын.
Сурет мақаланы сүйреуі керек
– Фотожурналист болу оңай емес. Мақаланың оқырманға жетуі фотографтың түсірген суреттеріне тікелей байланысты. Сәтті кадр түсірудің сыры қандай?
– Иә, сурет мақаланы сүйреуі керек. Жақсы сурет ортанқол мақаланы алға алып шығады. Сурет сәтсіз таңдалса, қандай жақсы мақала болса да, ашылмай қалады. Сурет пен мақаланы қабыстыру беттеуге де байланысты. Мен газетте беретін суреттерімнің барлығын есептеп түсіретінмін. Сұхбатқа барғанда, кейіпкердің эмоциясына, жарықтың түсуіне қарай түсіремін. Әр мақалаға 4-5 сурет дайындаймын. Журналистің мәтініне қарай лайықтысын ұсынамын. Сурет пен мәтіннің байланысына баса мән беремін. Оқырмандар да бұл байланысты бірден байқайды.
– Сонда сіз қай бағытта көбірек сурет түсірдіңіз?
– Кешегі Кеңес Одағы дәуірінде фотожурналистер де әр бағытқа қарай бағытталатын. Біреуі спортты, енді біреуі репортаждар түсіретін. Мен ақпараттық агенттікте жұмыс істегендіктен, жаңалықтарды түсіруге бейім болдым. Мысалы, ТАСС-қа айына 2 сурет, бір жылда 22 фото беретінмін.
– Фототілші болып жүргенде қызық сәттер де көп болған шығар?
– Иә, «Литер» газетінде жүрген уақытымда Динара Бейсембина деген журналист болды. Басшылық екеумізді Астанадағы қонақүйлердің біріне аялдаған Польшаның театр және кино актрисасы Барбара Брылскадан сұхбат алуға жіберді. Желтоқсан айы болатын. Дала минус 30 градус аяз. Сұхбатқа келісіп, таңғы 9-да қонақүйге бардық. Бірақ актрисаның көмекшісі: «Барбара Брылска қатты ауырып жатыр. Мүлдем сөйлей алмайды. Сондықтан сұхбат бермейді» деді. Ал Динараға қарасам, көзі мөлдіреп жылаудың аз-ақ алдында отыр. Содан батырлығым ұстап кетті де, көмекшісіне: «Актрисаны суретке түсірмесем, басшылық мені жұмыстан шығарып жібереді» деп айттым. Сәлден кейін Барбара Брылска келді. Мен актриса журналистерден шаршағандықтан сұхбат беруден бас тартты деп ойлап едім. Бірақ ол шынымен де ауырып тұр екен. Осылайша, сұхбат та алдық, фотоға да түсірдік.
Қазір аппаратура бар да, шебер маман аз
–Бұрынғымен салыстырғанда, қазір елімізде фотожурналистика қаншалықты дамыған?
–Бұрын шебер мамандар көп болды. Бірақ аппаратура жоқ еді. Қазір керісінше. Аппаратура бар да, шебер мамандар азайып бара жатыр. Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газетінде С.Басбеков, Б.Тілекметов, «Қазақстан әйелдері» журналында Н.Жұбанов, «Коммунизм туы» газетінде Р.Дүйсенғалиев деген азаматтар істеді. Барлығы да КазГУ-ды бітірген. Ол кезде фототілшілер міндетті түрде Журналистика факультетін бітіруі керек еді. Болмағанда жоғары білімді болуы тиіс. Қазір біз көргенімізді түсіреміз. Ал ол кезде фотожурналистер тақырыпты ашуды ойлайтын. Бүгінде бұлай ізденетін маман аз. Қай газетті алып қарасақ та, мамандар редакциядан алысқа шықпайды. Телеарналарда да осы үрдіс бар. Журналистер ешқайда бармай-ақ материал жазады. Сондықтан оқымай-ақ фотожурналист болатындарға қарсымын.
– Кәсіби фото мен арзанқол фотоаппарат түсірген суреттердің айырмашылығы бар ма?
– Қазір техника дамып жатыр. Кез келген адам қолындағы смартфонмен де сурет түсіре алады. Бірақ қанша десек те, кәсіби фотоаппараттың сапасы да, деңгейі де озық. Кезінде ҚазТАГ бізді ең қымбат, немістің Leica деген фотоаппаратымен қамтамасыз етті. Бұл аппараттардың цифрлық нұсқасы бүгін де бар. Бірақ бағасы қымбат. Менің жеке коллекциямда Hasselblad, Leica фотоаппараттары әлі күнге дейін бар. Қазақстанда бұл аппараттар 15 дана ғана. Сондықтан ешкімге бермеймін. Өйткені бұл – тарих. Қазіргі фотоаппараттардың сапасы жақсы. Бірақ бәрібір Hasselblad пен Leica-ға жетпейді.
Сосын біз оқиғаның алдын ала түсірілім жасап, дайындалатынбыз. Ал қазір журналистер іс-шараның өзіне ғана барады. Мысалы, 1975 жылы бір топ журналист Алматы әуежайына бардық. Жаңа техникалық рейспен Дінмұхамед Қонаев келетін болды. «Казахстанская правда» газетінің фотожурналисі Кукушкин Қазақ азаматтық авиация басқармасының бастығы Николай Кузнецовпен бір күн сөйлесіп, бәрін зерттеп, фотоға түсіріп алыпты. Ал іс-шараға тек көріну үшін барыпты. Осы сияқты тілшілер де ертең болатын оқиғаны бүгін алдын ала жазып қоятын. Нәтижесінде, оқиғалар дер кезінде газеттің сол күнгі нөміріне басылатын. Бір рет мен тұқым себетін науқан басталғанда совхозға жаяулатып жетіп, инженермен келісіп, тракторларды жүргізіп, алдын ала кадр түсіріп алдым. Сол сурет бірден Мәскеудің үш газетіне басылды. Осылайша, кадрларды көбіне қолдан ұйымдастыруға тура келеді.
– Интернет фотографтардың жұмысын жеңілдетті ме?
– Интернет пайда болғалы фотографтар жұмыстарын редакцияға тез жібере алатын болды. Ал бұрын Көкшетауда жүріп редакцияға суреттерді конвертке салып, поштамен жіберетінбіз. Жедел суреттерді Алматыға жеткізіп, ол жерден «фототелеграф» деген аппаратпен Мәскеуге жолдайтынбыз.
– Түсірген суреттеріңіздің ішінен ең бір есте қалғандары болды ма?
– Иә. Петропавл қаласында Мағжан Жұмабаевқа ескерткіш қойылды. Сол жерде мен бірінші рет Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Құрманбайқызын суретке түсірдім. Жанында ақын Хамза Абдуллин болды. Екеуі құшақтасып жылады. Себебі Хамза Мағжан Жұмабаевтың үйінде тұрып, оқыпты. Сол сәтті мен фотокадрға алып үлгердім.
– Сіздің суретіңіз арқылы жоғалған баланы тауып алған дейді. Осы рас па?
– Мен осы туралы хабар жазғанмын. Бірақ жоғалтып алдым. «Арқа ажары» газетінде жұмыс істеген кезімде әр аптада пойызбен, машинамен, автобуспен мың шақырым жол жүретінмін. Сандықтау ауданында келген адамның қалтасына салмақ түспесін деп жетімдер үйінен бір бөлме дайындап қоятын дәстүр бар. Сол жерге барып орналастым. Жетімдер үйінің ауласында отырғанымда үстіне көк көйлек киген қыз бала секіргіш баумен ойнап жүр екен. Ал менің көзім сондай қозғалыстарды бірден шалады. Кейде менен спорттық жарыс алдында: «Аға, қайсы жеңетін сияқты?» деп сұрайды. Мен «осы» деймін. Кейін дәл мен айтқан спортшы жеңіске жетеді. Өйткені мен оның жүріс-тұрысын бірден байқаймын. Сосын әлгі қыз баланы суретке түсірдім. Ойымда ештеңе жоқ. Газетке фотоэтюд түрінде бердік. Арада 5-6 ай уақыт өтті. Сандықтауға қайта бардым. Барсам, директор: «Қызық жағдай болды. Бір ер адам келіп, үш күн бойы ауламызда отырып, сіз фотоға түсірген қызды бақылапты. «Газеттегі суретіне қарап, түрі өзіме ұқсайтынын көріп келдім» дейді. Айтуынша, отбасын құрғаннан кейін, ажырасып кетіпті. Әйелінің құрсағында бала қалыпты. Өз ұрпағын іздеп Ресейге дейін барыпты. Қыздың анасынан сұраса: «өліп қалған» депті. Ана кісіні аяп, құпия құжаттарды аштым. Қарасам, әйел қыздың әкесінің атын көрсетіпті. Ол – қасымда отырған адам. Бірақ баланы келді екен деп бере салмаймын, сотқа барыңыз. Қалай шешім шығарса, солай болады деп жөнін айттым» дейді. Аудандық сот «бала әкесіне қайтарылсын» деп шешім шығарады. Әкесі Сандықтаудан қашық емес жерде тұрады екен. Ал қыздың аты – Анар.
Мұндай жағдайлар бірнеше рет болды. 1987 жылы 10 қараша күні «Казахстанская правда» газеті менің суретімді басты. Көкшетаудың медициналық училищесінде Флоренс Найтингейл атындағы музей бар. Музей әр 5 жыл сайын кездесу өткізеді. Флоренс Найтингейл медалімен Кеңес одағында 35-37 адам марапатталса, Қазақстанда тек 5 адам алған. Солардың бірі – Марина Смирнова осы училищені бітірген. Ұлы Отан соғысы кезінде санинструктор болып жұмыс істеген. Сосын маған осы кездесу жайлы фото түсіру тапсырылды. Бірінші Смирнованы құрбыларымен құшақтастырып түсірдім. Кейін осы сурет «Казахстанкая правдаға» шыққаннан кейін Маринаға Болгариядан хат келіпті. Өзімен бірге санинструктор болып жұмыс істеген әріптесі, газеттен суретін көріп іздеп тауыпты. Осылайша, газетке шыққан сурет арқылы жоғалған жақындарын тапты.
– Фототілші ретінде түсірген суреттеріңізден көрме ұйымдастыру, альбом шығару ойыңызда бар ма?
– Фотоальбом жасауға қаржы керек. Ол қымбат болады. Сосын жұмыстың сауатты, сапалы болғанын жақсы көремін. Ойымда мұндай мақсат бар. Бірақ мен көрмеге қатысуға қатты құштар болмадым. Тыныш жүргенді жақсы көремін. Ешқашан ешкімге сурет сатпағанмын.
– Әңгімеңізге рақмет!