«AMANAT» партиясы құқықтық сауаттылықты арттыру, халыққа заңнамалық көмек беру мақсатында Атырау облысында «Құқықтық көмек» жобасын іске қосты. Кеше аталған жоба аясында белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан осы өңірдің Исатай ауданында тұрғындармен жүздесті. Заңгер 16 азаматты қабылдап, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Олардың арасында Исатай ауданы тұрғын үй коммуналды-шаруашылық бөлімінің басшысы Рита Сигуатова болды. Ол сот орындаушысының шығарған шешіміне келіспейтінін жеткізді. Өз кезегінде заңгер мәселені зерттеп-зерделей келе шығарылған шешімнің заңсыз және құзыретін асыра пайдалану белгілері бар екенін анықтады. Осылайша, ол облыстық Әділет департаментімен бірлесе мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етті. Қабылдауға келген тағы бір тұрғын – Мария Пазылова. I топтағы мүгедек баласын бағып отырған ана бір кездері мемлекеттен пәтер алыпты. Уақыт өте келе баспананы өз атына аудару кезінде жергілікті атқарушы орган тарапынан қателік кеткені анықталды. Бұл мәселені Атырау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, заңгер Айгүл Кенжалиева өз бақылауына алып, өтініш иесінің мүддесін қорғауға уәде берді. Сондай-ақ, бірқатар ауыл азаматы заңгердің кейбір заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге атсалысуын сұрап келді. Мәселен, Ерболат Насимуллин аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Семей ядролық полигонында әскери борышын өтеген азаматтарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды, оларды Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен теңестіруді сұрап отыр. Сонымен қатар, ол аталған азаматтарға арнайы әлеуметтік статус қарастырылса деген ойын ортаға салды. Оның айтуынша, полигон жұмыс істеп тұрған жылдары Семейде қызмет еткен, әскери борышын өтеген азаматтардың бүгінде денсаулығы сыр бере бастады. Кейбірі созылмалы ауруға шалдықты. Ал Құрманғали Мұхтаров есімді ауыл азаматы болса, құрылыс және абаттандыру бағытында қызмет көрсететін кейбір мердігердің жауапсыздығы мәселесін көтерді. Ол дәл мұндай әрекетке жол берген кәсіпкерлерге қолданылатын шараларды қатаңдату қажет екенін алға тартты. Айта кетейік, алдағы уақытта заңгерлер Индер, Мақат, Жылыой аудандары мен Атырау қаласында болып, азаматтарды қабылдауды ары қарай жалғастырады. Қабылдауға партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің 8-800-080-44-41 телефоны арқылы жазылуға болады.