Бурабайдағы республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы лагерінде болған қайғылы оқиға тұтас елді дүр сілкіндірді. Қайғыдан қан жұтып, бір-ақ күнде ержетіп қалған баласынан айдың-күннің аманында айырылып, қабырғасы қайысқан Ақтөбе облысы Хромтау қаласындағы ата-ана қазір зар еңіреп отыр. «Сап-сау кеткен баламыздың аяқастынан онкологиялық ауруға шалдыққан дегендері жалған» деп аңыраған ата-ана бауыр еті балалары лагерьде оңбай соққыға жығылған деп санайды. Бірақ сот-медициналық сараптамасы мен «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы басшысының айтар өз уәжі бар. Полиция қазіргі уақытта аталған факт бойынша тергеу амалдарының жалғасып жатқанын мәлім етті. Қоғам арасында ащы резонанс тудырған жағдай бойынша біз барлық тараптардың пікірін біліп, журналистік зерттеу жүргізіп көрген едік... Естеріңізге сала кетсек, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына келген 14 жастағы Нұрдәулет Манап аяқ астынан лагерде қайғылы қазаға ұшырады. «Балдәурен» республикалық лагерінде болған жағдай жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында жалпақ жұртқа жария болған деректерге сенсек Нұрдәулет түнгі уақытта іші ауырып, қатты мазасы кетіп түнгі тәрбиешілердің біріне шағымданған. Жедел жәрдем шақырғанымен бала дәрігерлер келіп жеткенше көз жұмған. Лагерьде болған бұл суыт жағдай құқық қорғау органдары мен «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығын түгелдей аяқтарынан тік тұрғызды. Келгеніне бір күн ғана болған баланың қалай қаза болғаны жайлы «Балдәурен» РОСО бас директоры Сержан Әлібаевтан анықтап көрмек болып тілдестік.
– Полиция қызметкерлері аталған суыт оқиғаға байланысты келіп балалармен, лагерь тәрбиешілерімен тәлімгерлерімен сұхбаттасты. Түнгі 10-да балаларға жатуға бұйрық беріліп, балалар ұйқыға жатқан. Түнгі төрттер шамасында Нұрдәулеттің жанындағы Расул деген бала оянған кезде ол кереуетінде қисайып жарты денесі жерге қарай түсіп жатқанын көрген. Оятса, іші ауырып жатқанын айтыпты. Оған дейін түнгі 2-3 кезінде дәрігер балаларды аралаған кезде ұйықтап жатқан. Балалардың бірі сыртқа шығып, түнгі кезекші тәрбиешіні шақырып, ол дереу жедел жәрдем шақыртады. Мұнда келген барлық бала дені сау екені туралы анықтамамен келген. Дегенмен осындай науқас балалардың да лагерьге келіп демалған жалғыз оқиға емес. Таңғы алтыда жедел жәрдем келгенде бала көз жұмған. Аудандық ішкі істер бөлімімен сөйлесіп, баланың әкесіне хабар бердік. Баланың өлімі туралы анықтама алу үшін мәйітхананың рұқсат қағазы керек болды. Ата-анасы алғашында келіспегенімен, аудандық ІІБ басшылығымен сөйлескеннен кейін рұқсат етті. Туыстары келіп, лагерь басшылығынан, баланың туыстарынан куәгерлер видеоға түсіріп, сот-медициналық сараптамасын жасау кезінде бірге болды. Сот-медициналық сараптамасы баланың онкологиялық ауру болғаны туралы қағаз берді. Бірақ нақты қорытындысы тек бір айдан кейін белгілі болмақ. Баланың салмағы мен бойы да сәйкес келмейді. Бойы 1,79 болса, салмағы небәрі 41 келі. Мұнда да бір гәп бар сияқты. Баланың осылай ауырғанын қалайша байқамаған деген заңды сауал туындайды. Бірақ ата-анасы баланың ауырғанымен келіспей отыр. Балалардың бірі Нұрдәулетке Түркістан облысының баласы қысым жасағаны туралы айтқан. Бұл туралы полиция қызметкерлерін хабардар еттім. Нақты жағдай қалай болғаны сараптама қорытындысынан кейін анықталмақ. Бүгін түстен кейін Ақтөбеге мәйітті алып бірге аттанбақпын, – дейді Сержан Әлібаев.Аталған жағдайды сот-медициналық сараптама мамандарынан да анықтап көрмек болдық. Олар мәйітке сараптаманың жүргізілгенін, қаза болған баланың онкологиялық дертке шалдыққанын жеткізді.
– Біз жүргізілген барлық сот-медициналық сараптама материалдарын полицияға табыстадық. Сараптамаға қатысты басқа ешнәрсе айта алмаймын. Сараптама жасалғаннан кейін қорытынды сараптамаға 1 ай уақыт беріледі. Бала онкологиялық аурумен ауырғаны рас, – дейді сот-медициналық сараптама орталығының қызметкері Ілияс Жұматаев.
–Баламның осылай жаны үзілгенін естігенде төбемізден жай түскендей болды. Нұрдәулетті сап-сау өзім барып пойызға шығарып салдым. Бұлай болғанын білгенде жібермейтін едім ғой. Медициналық тексеруден толықтай өткен. Сап-сау, еш ауруы жоқ баланы бір-ақ күнде онкологиялық ауру дегендеріне қатты қапалы болдық. Балам дарынды, домбырадан облыстық байқаудан бірінші орын алған. Өте ақжарқын, жарқылдап жүрген бала еді. Әрине, нәзіктеу болғаны рас. Сондықтан да лагерьде біреулердің нәзік баланы соққыға жығып, ұрып, қуығын жарып тастады ма деп қауіптенемін. Баламды «Живой мешок» қылып отыр. Бірақ «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлеген» заман болып тұр ғой. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен еш келіспейміз. Келген соң тағы қайтадан тәуелсіз сарапшымен сараптама жасатамыз. Баламмен бірге ауылдан бөлесі барған. Бірақ ол асханада барғанда баламды көрмеген. Оның келмегенін айтқан. Дәл сол сәтте ол бүктеліп ауырып жатқанын ішім сезеді. Лагерь тарапынан бақылау болмаған. Түнгі кезекшілер қараған кезде ұйықтап жатыр ма, өліп жатыр ма, кім біледі? Рак болған күннің өзінде ол бір-ақ күнде осылайша қалайша көз жұмады? Ең болмағанда ауырып, ауруханаға түсетін еді ғой. Сараптаманың қорытындысына еш сенбейміз, – дейді қара жамылған баланың әкесі Руслан Сдыхов.Мәселеге байланысты Ақмола облыстық Полиция департаментінің түсініктеме беруін сұрадық. Полиция жасөспірімнің өлімі бойынша қазір тергеу амалдарының жалғасып жатқанын жеткізді.
– Ақмола полицейлері Бурабай ауданындағы оқу-сауықтыру орталығында жасөспірімнің өлімі фактісін тергеп жатыр. Биылғы жылдың 11 қаңтарында сағат 06.36 шамасында Бурабай ауданының полиция бөліміне жедел жәрдем стансасының фельдшерінен 2008 жылы туған кәмелетке толмаған баланың балалар оқу-сауықтыру орталығының бірінің аумағында қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы жасөспірімнің Ақтөбе облысынан Бурабай ауданына 9 қаңтарда балалар тобының құрамында келгенін анықтады. 10 қаңтардан 11 қаңтарға қараған түні кәмелетке толмаған бала іш ауруына байланысты шағымданған. Ал таңертеңгі сағат 05.00 шамасында ауырсынудың күшеюіне байланысты кешеннің медициналық бөліміне жүгініп, жедел жәрдем шақырылған. Алайда жедел жәрдем келгенге дейін бала көз жұмған. Алғашқы тексеру кезінде жасөспірімнің зорлық-зомбылықтан қайтыс болуының сыртқы белгілері табылған жоқ. Жасөспірімнің қайтыс болу фактісі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Сондай-ақ оқу-сауықтыру орталығының аумағында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмыс істеуде. Биылғы 11 қаңтарда жасөспірім өлімінің себебі ағзаның қаназдығы екені белгілі болды. Негізгі ауру: тамыр қабырғасының желінуімен кіші жамбастың қатерлі ісігі. Қан кету көзі ісікті қоректендіретін тамыр болып отыр. Қазір тергеу жалғасуда, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
P.S. Тұтас елдің қабырғасын қайыстырған ауыр қаза қоғамды тағы да ойландырғаны сөзсіз. Расында да, бұл лагерьлерде тәртіптің жолға қойылмағанын көрсете ме? Әлде ата-аналардың балаларға салғырт қарауының салдары ма? Қайғыдан қан жұтқан ата-ана жасалған сараптамамен келіскісі жоқ. Өкініштісі, сол өмірге құлшынысы жоғары, жап-жас бала қыршынынан қиылып бақилық болып кете барды... Алла панасына алсын!
Ақмола облысы