Асқабақтан экосабын жасаған оқушы

Асқабақтан экосабын жасаған оқушы

Қызылордалық оқушы үлкен ізденістің нәтижесінде асқабақтан сабын жасаудың тың әдісін тапты. Оның айтуынша, ешқандай химиялық қоспасыз табиғи жолмен дайындалған бұл өнім адам терісіне өте пайдалы екен. Креативті жобаны ойлап тапқан Айша Тұрмахан Қызылорда қаласы Әли Мүсілімов атындағы № 101 мек­теп-ли­цейінің 5-сынып оқу­шысы. Ол алға­шында «Асқабақтың біз білмейтін пай­далы қасиеттері» тақырыбындағы ғы­лыми жобаға тыңғылықты дайын­да­лыпты. Оған «Жаратылыстану» пәнінен сабақ беретін ұстазы Мөлдір Қалдыбек қол­дау танытып, жетекшілік еткен. Осы арқылы 2-7 сынып арасында өткен рес­публикалық «Зерде» зерт­теу жобалары бай­қауының қалалық, облыстық ке­зеңінде бірінші орын­ды иеленіпті.

«Айша – өте дарынды оқушы. Са­баққа ынтасы жоғары. Сол се­бепті де ғы­лыми жобаны алып шы­ғатынына се­німді болдым. Асқа­бақ­ты да таңда­ға­нымыз бекер емес. Өйткені асқабақтың құрамында адам ағзасына қажетті көп­теген дәрумендер бар. Соған орай, қы­зығушылығымыз артып, көп зерттеу жүр­гіздік. Нәтижесінде, бұл көкөніс тү­рінен сабын, косметикалық крем­дер мен маска жасаудың тың тәсілін таптық. Өзінің тынымсыз ізденім­паздығының арқасында Айша осы ғылыми жобадан жүзден жүйрік шығып, өзге қатысушы­лардан оза шапты. Бұл біз үшін үлкен мақ­та­ныш», – дейді «Жаратылыстану» пәні бойынша ұстазы, әрі жетекшісі Мөлдір Жандосқызы.
Негізінен асқабақтың құра­мында көп­теген дәрумендер, ми­не­ралдар, қыш­қылдар және басқа да микроэлементтер бар. Талай дертке дауа өнімнің терінің сұлулығы мен адамның жастығын сақ­тайтын ерекше қасиеті дәлелденген. Бір қызығы, Айша асқабақты бұған дейін тағам ретінде онша ұнат­пайды екен. Ғылыми жоба ба­рысында қызы­ғушылығы артып, жан-жақты зерттеп, зерделеген.
«Осы ғылыми жобаға дайындық ба­рысында асқабақ жайында де­ректер жинадым. Кітапханадан, ға­ламтор көз­дерінен зерделеп, көп­теген ақпарат­тар­мен таныстым. Осы арқылы тың жаңалық ашсам деген қызығушылығым туды. Со­ның нәтижесінде, сабынның бір­неше түрін жасап шықтым. Соның ішінде асқабақтан жасалған жела­тинді сабын адам ағзасына қауіпсіз саналады. Оның құрамына асқабақ шырыны, желатин, глицерин қо­сыл­ған. Бұл сабын балаларға аллер­гия туғызбайды. Ал екіншісі эко­сабын болып табылады. Ол табиғи зәй­түн, кокос, пальма сынды май­лармен да­йындалған. Яғни, құра­мында адам ағзасына кері әсер ете­тін химиялық қос­палар жоқ. Бұл өнімдер адам терісін ылғал­дан­ды­рып, нәрлендіріп, теріні жұм­сартып, әжімнің алдын алады», – дейді Айша Тұрмахан.
Сонымен қатар бетке арналған масканың екі түрін ойлап тапқан. Оның айтуынша, бетке арналған масканың бұл түрлері де химия­лық қоспасыз, табиғи таза өнім саналады. Айшаның анасы Бақыткүл Ор­данова қызының ашқан тың жа­ңалығын мақтан тұтады.
«Қызым өте еңбекқор, әрдайым ізде­ніс үстінде жүреді. Өнерге де жақындығы бар. Бүгінде қосымша М.Қалауов атын­дағы өнер мекте­бінде вокал сыныбы бойынша оқи­ды. Осы кезге дейін әртүр­лі ән бай­қауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Бо­лашақта әнші болсам деген арманы асқақ. Со­нымен қатар шет тілдерін үйренуге, бас­сейнге түсіп, спортпен шұғылдануға құш­тар. Ағылшын тілін жақсы мең­гер­ген», – дейді анасы.
Айша алдағы республикалық байқауға бетке және адам денесіне арналған скраб кремнің бірнеше түрін дайындап жатыр екен. Ғы­лыми жоба аясында асқабақты жан-жақты зерттеп, зерделеген оқушы оның жеңсік, әрі пайдалы ас екенін айтады.

Қызылорда облысы