«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» десек те, қоғамдық көліктер мәселесі қай кезде де өзекті. Ал Жамбыл облысындағы тасымалдаушы компаниялардың «өзім білемге» салған тірлігін көріп, жаға ұстайсың. Қызмет түрінің сапасыздығы былай тұрсын, түрлі қулыққа салған басшылар небір сұмдықты жасап жатыр. «Түйені түгімен, биені жүгімен» жұтып жатқандар да аз емес. Он жылда бірде-бір автобус алынбаған Жалпы Тараз қаласында қалаішілік жолаушылар тасымалымен «ӘулиеатаТрансПасс», «№1 Автобус паркі», «СапарТранс 2012», «ТаразТрансМоторс», «Саяхат-99», «ДамРус», «ТаразПассТранс», ArsenTransCompany және CityBus сияқты 9 мердігер компания айналысады. Олардың иелігіндегі 340 автобус күнделікті 34 бағытта қызмет көрсетеді. Енді бұл қызметпен айналысып отырған автопарктердің жағдайына келсек, жолаушы тасымалдаушы 9 кәсіпорынның иелігіндегі жалпы саны 340 автобустың 279-ы – жекеменшік, ал қалған 61-і жалға алған көліктер. Автобустардың техникалық жағдайын сипаттасақ, 84-і немесе 25 пайызы – пайдалану мерзімі 7-10 жылдан асқан ескі, тозығы жеткен көліктер. Тапсырыс беруші әкімдік пен тасымалдаушы компания арасында автопаркті жаңа көліктермен жаңартып тұру туралы келісімшарт жасалғанымен, соңғы он жылдың бедерінде «Саяхат-99», «ДамРус», «ТаразПассТранс», ArsenTransCompany сияқты мердігерлер бірде-бір жаңа көлік алмаған. Тағы бір айта кетерлік жайт, «ДамРус», CityBus және ArsenTransCompany серіктестіктерінің жеке өндірістік техникалық базасы жоқ. Олар осы күнге дейін өзге кәсіпорындардың базаларын паналауда. Не жаңа көлігі, не техникалық базасы жоқ мұндай компанияларға жолаушы тасымалымен айналысуға кім рұқсат бергені түсініксіз. Субсидияның сұрауы жоқ па? Негізі, нарықтық экономикасы дамыған елдерде тасымалдаушы компаниялардың мәселесін мемлекет шешпейді. Алайда біздің елде жергілікті билік бар «жұмсақты» солардың аузына тосып отыр. Олай жасамаса да, тасымалдаушы мердігерлер қоғамдық көліктердің қозғалысын тоқтайтынын айтып, қорқытуға көшкен. – Саланы нарықтық айналымға жіберіп, субсидияны тоқтатса, жолақы құны күрт көтеріліп, қарапайым халықтың қалтасын қағатыны белгілі. Сондықтан қала жұртының тұрмысы мен табысының төмендігін ескеріп, жергілікті билік халықтың тыныштығы үшін амалсыздан тасымалдаушылардың дегеніне көніп, бюджеттен мол субсидия беруге мәжбүр. Ал автобус қожайындары болса бюджеттен берілетін субсидияға сүйеніп, миллиондап, миллиардтап несие алып дағдыланған. 2022 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 9 тасымалдаушы компанияға 1 миллиард 198 миллион 689 мың 714 теңге субсидия есептелген. Осы қаражаттан 857 миллион 056 мың 692 теңгесі төленіп қойған. Бұдан бөлек қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ай сайын жекелеген әлеуметтік санаттағы азаматтардың қоғамдық көлікпен тегін жүруі үшін 3-4 миллион теңге бөліп отыр. Өткен жылдың он айының өзінде 30 миллион 250 мың теңге бюджет қаражаты тасымалдаушы компанияларға төленген, – дейді Тараз қалалық Қоғамдық кеңестің құрылыс, энергетика, инфроқұрылымды және коммуналдық салаларды дамыту жөніндегі комиссиясының төрағасы Рахманқұл Байтелиев. Негізі, қалалық қоғамдық кеңес қазір осы қоғамдық көліктердің мәселесін жіті бақылауда. Кеңес мүшелері тасымалдаушы компаниялардың жұмысын зерделеу барысында көптеген кемшілікті анықтаған. Мәселен, жасалған келісімшартта жалға алынған көліктің жүргізушісіне төленетін еңбекақы мен жанармайдан басқа негізсіз шығындар есепке алынып, тек өткен жылдың маусым-тамыз аралығында «ДамРус» ЖШС-на 10 миллион 717 мың теңге, «ТаразПассТранс» ЖШС-на 1 миллион 941 мың теңге, «Саяхат-99» ЖШС-на 8 миллион 232 мың теңге, «СапарТранс 2012» ЖШС-на 1 миллион 849 мың теңге көлеміндегі субсидиялық қаржы артық төленген. Сондай-ақ «СапарТранс 2012» ЖШС жалға алған 6 автобусының шығындарын өзінің жекеменшігіндегі автобустардың шығындарына негізсіз қоса есептеу нәтижесінде 1 миллион 849 мың теңге артық субсидия алған. Бұл – көлеңкелі жолмен тасымалдаушы компаниялардың үш айда тауып отырған табысы. Ал жылдап қанша қаражат жалған құжатпен қолды болып жатқаны бір Аллаға аян. Көзбояушылық үшін жүретін көлік Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылдың 28 қыркүйегінен бастап қалалық қоғамдық көліктерге TULPAR Card электронды билетке көшу жүйесі енгізілді. Жүйеге тұрғындарды дағдыландыру үшін электронды картасы жоқ жолаушыларға тасымалдаушы компаниялар 130 теңгелік төлемді белгілеген. Мердігерлер бұл уақытша шара екенін айтқан. Алайда арада екі жыл өтсе де, 130 теңгелік төлем түрі әрі қолданылуда. Және қолма-қол төлемге бірде-бір тасымалдаушы компания билет беріп жатқан жоқ. Осы қаражат кімнің қалтасына кетіп жатқаны белгісіз. Оны тексеріп жатқан да ешкім жоқ. Тараз қаласына Бақытжан Орынбеков әкім болып тағайындалғаннан кейін қоғамдық көліктерді түнгі сағат 12.00-ге дейін қатынатып, халықтың алғысына бөленген еді. Алайда мұнда да тасымалдаушы компаниялар қулыққа салып, бірлі-жарым автобустарын ғана көзбояушылық үшін шығаруда. Ал түнгі сағат 10.00-ге дейін жүруі тиіс №16, 19,30, 32 және №46 бағыттарындағы автобустар кешкі сағат 20.00-ден кейін қатынамайтынын қоғамдық кеңес мүшелері анықтап отыр. 6 күнде 1 612 рет жол ережесін бұзған Қоғамдық көліктердің жол ережелерін бұзуы да кейінгі жылдары белең алды. Тараз қалалық Полиция басқармасының дерегіне сүйенсек, соңғы екі жылда қалаішілік қоғамдық көліктердің қатысуымен 19 жол көлік оқиғасы болып, 21 адам жарақаттанған. Оның 15-іне тікелей автобус жүргізушілері кінәлі деп танылған. Ал өткен жылдың 5-11 желтоқсаны аралығында құқық қорғау органдары тарапынан облыс аумағында жүргізілген «Автобус» атты жедел алдын алу іс-шаралары нәтижесінде қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан 1 612 жол ережесін бұзу деректері тіркелген. Автобус рулінде отырып, телефон пайдаланғаны үшін 181 жүргізуші, жылдамдықты арттыру, басып озу фактісі бойынша 331 адам әкімшілік жауапқа тартылса, рейске техникалық жарамсыз көліктерді жібергені үшін 29 басшы жауапкершілікке шақырылып, 42 автобус айып тұрағына қамалған. Тасымалдаушы компаниялардың шеттен шыққан әрекетін күні кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те қатаң сынға алды. Шаһар басшысы күн суытуын желеу етіп, қоғамдық көліктердің санын азайтқан мердігерлерге тапсырыс беруші қала әкімдігі екенін ескертіп, бекітілген талаптарды орындамағандармен бір-ақ күнде келісімшартты бұзатынын шегелеп тұрып айтты. Қала әкімінің сөзі тасымалдаушы компанияларға қаншалықты әсер ететіні белгісіз. Алайда егер батыл шешімдер қабылданбаса, балға бармақ батырған серіктестіктер бұдан да асқан қулық пен сұмдықты шығаруы бек мүмкін.
Жамбыл облысы