«AMANAT» партиясы іске қосқан «Құқықтық көмек» жобасы аясында белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан Исатай, Индер, Мақат, Жылыой аудандарына барып, жергілікті тұрғындарды қабылдады. Сонымен бірге, қабылдау Атырау қаласы маңындағы ауылдарда да жалғасты. «Қабылдау аясында азаматтарға әлеуметтік, тұрмыстық, өзге де мәселелер бойынша құқықтық кеңестер берілді. Халыққа құқықтық көмек көрсетуге бағытталған пилоттық жоба. Атырау облысына сапарым аясында мейілінше аудандарды аралауға тырыстым. Жүзге жуық азаматты қабылдадым. Қабылдау барысында азаматтар арасында жеке мәселесімен кеңес сұрағандар көп болды. Сол арқылы Атырау өңіріне қатысты көптеген проблемалық мәселелерден хабардар болып отырмыз. Неге біз ауыл халқымен кездесуді таңдап отырмыз? Өйткені, қалада тұратын азаматтардың басшылардың қабылдауына тікелей жазылып немесе онлайн формада өтінім қалдыру арқылы мәселелерін шеше алатындай мүмкіндіктері бар. Облыс орталықтарында құқықтық кеңес беретін арнайы орталықтар да жеткілікті. Алайда, ауылдық елдімекендердің азаматтары осындай мүмкіндіктерді пайдаланудан шет қалып қойып жатыр. Сол себепті, «Құқықтық көмек» жобасын ауқымды түрде жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Азаматтарға ең алдымен, құқықтық сауаттылық, екіншіден, қаржылық сауаттылықты арттырудан көмек қажет. Қазіргі статистикалық жағдай, алаяқтарға алданып жатқан азаматтар қатарының өте көп екендігін көрсетіп отыр. Сондықтан, халыққа қаржылық сауаттылық керек. Атыраудағы сапардың нәтижесі бойынша арнайы алгоритм жасалатын болады. Сапар нәтижесі және ұсыныстар бойынша, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың қабылдауына баратын боламын. Біз әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға тұрақты құқықтық қолдау көрсетуді ұсынып отырмыз», – деді құқық қорғаушы Абзал Құспан. Ұсыныстар қатарында жеке сот орындаушыларының халық алдындағы жауапкершілігін күшейту, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларының шаруаларға несие беру жұмысын үйлестіру мәселелеріне қатысты өзгерістер енгізу сынды мәселелер бар.
Баян Жанұзақова