Ұлттық кітапханада этнограф-ғалым Тәттігүл Картаеваның «Сыр-Арал этнографиясы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітап Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарық көрген. Тәттігүл Картаева – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. «Сыр-Арал этнографиясы» атты зерттеу еңбегінде ХІХ ғасыр – ХХ ғасырдың басындағы Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойы, Арал теңізінің шығыс, солтүстік-шығыс жағалауы қазақтарының дәстүрлі этнографиясы, өңірдегі қазақ ауылдарының дәстүрлі келбеті сипатталған. Сыр-Арал өңірі қазақтарының ру-тайпалық құрамы, тарихи дәуірлерде орын алған көші-қон ағымдары, дәстүрлі шаруашылығы, мерзімдік қонысқа көші-қоны, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптағы аймақтық ерекшелігі кешенді түрде қарастырылған. Сыр-Арал қазақтарының аймақтық ерекшелігін айғақтайтын этнографиялық ескерткіштер далалық зерттеулер материалдары негізінде айғақталған. Кітаптың таныстырылымында киіз үй тігу, киіз үйдің шаңырағын сәндеу мәдениетімен, суды пайдалану әдістері, соның ішінде құдық қазу және оның қабырғасын тас, кірпішпен қалау, сондай-ақ жүзгін, көкбұта, сексеуіл, тораңғымен шегендеу сияқты табиғатты игерумен байланысты қазақ халқының дәстүрлі білім жүйесінің аймақтық және жергілікті жерге тән ерекшелігімен таныстыратын көрме өтті. Аймақты зерттеу барысында белсенді қолданыстағы құдық түрлерімен қатар, жойылу қаупі бар және шұғыл қорғауды қажет ететін кейбір қарауыл-құдық түрлері анықталды. Қызылқұм, Арал аймағында тұратын қазақтардың мал қора соғу, түйені таңбалау арқылы тіркеуге алу сияқты шаруашылық жүргізу қызметінің түрлері, сондай-ақ үй кәсіпшілігін жүргізуі және күнделікті өмір мен тұрмыстағы дәстүрлерді көрсететін фотосуреттер қойылды. Бұдан бөлек іс-шарада Сыр-Арал қазақтарына тән ұсталық және зергерлік өнер бұйым түрлері көрсетілді.