VII сайланған Парламент Мәжілісі небәрі 735 күн немесе 2 жыл 4 күн жұмыс істей алды. Оның бірінші сессиясы 2021 жылғы 15 қаңтарда басталды. Ал үшінші сессиясы ортасына таяғанда, 2023 жылғы 19 қаңтарда ел Президенті Мәжілісті таратуды қарастыратын Жарлыққа қол қойды. Дегенмен, осы қысқа ғана уақыт ішінде бұл депутаттық корпус ірі, ізгі істерімен тарихта қала алды. Осы уақытта қазақ елі тарихи бетбұрыс жасады, Парламент сол күрделі процесті толық заңмен қамтамасыз етті. Мәжілісті тарату туралы шешім қабылдамас бұрын Мемлекет басшысы Парламент палаталарының төрағаларымен және Үкімет басшысымен кеңесті. Кеңестегі сөзінде Қ.Тоқаев Қазақстан халқы референдумда саяси өзгерістерге, соның ішінде Парламентті және мәслихаттарды жасақтау тәртібін жаңартуға қолдау білдіргенін еске салды.
– Қыркүйектегі Жолдауымда алда тұрған сайлау науқандары туралы айттым. Соған сәйкес былтырғы қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Жуырда Сенат депутаттарының бір бөлігі сайланды. Енді Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуіміз керек, – деді Президент.Кездесуде ортаға салынған ой-тұжырымдарды ескеріп, ол нақты шешім қабылдады: 2023 жылғы 19 қаңтарда «Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» №104 Жарлығын жариялады. Оған сәйкес, кезектен тыс парламенттік дода 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалды. Бұған қоса, Мемлекет басшысы «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлыққа қол қойды. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Қ.Тоқаев осыған орай Қазақстан халқына үндеумен қайырылды. Ол депутаттардың жұмысын «белсенді әрі жемісті» деп жоғары бағалап, сол үшін алғыс айтты.
– Мәжіліс пен мәслихат депутаттары еліміздегі ауқымды реформаларды іске асыруға барынша атсалысты. Олар сайлаушылармен жиі кездесу өткізді. Шалғайдағы елді мекендерге барды. Жұртты толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірталасқа ұйытқы болды. Жаңадан сайланатын депутаттар да жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, еліміздің жан-жақты жаңғыруына ерекше үлес қосады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.Мәжіліс, мәслихаттар сайлауы болатынын былтыр, күздегі Жолдауында мәлімдегенін қаперге салған Қ.Тоқаев бастама айтылған сәттен сайлауға дейін жарты жылдан астам уақыт өтетініне назар аудартты. Тәуелсіздік жылдарында «сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес».
– Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды, жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан ары жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек, – деген Мемлекет басшысы барша қазақстандықты азаматтық жауапкершілік танытып, алдағы сайлауға белсене қатысуға шақырды.Мәжілістің VII шақырылымы депутаттарының жұмысын палата төрағасы болған Ерлан Қошанов қорытындылады. Ол оны «тарихи белес» деп бағалады. Оның байламынша, жетінші шақырылымның мерзімі қысқа болса да, қызметі сапалы әрі мазмұнды болды.
«Біз халқымызбен, қоғаммен, әр азаматпен мейлінше ашық, тығыз қарым-қатынас орнатуға тырыстық. Барлық мәселеде конструктивті, белсенді жұмыс істедік. Депутаттар өңірлерде туындаған, қызып тұрған мәселелердің бел ортасында жүрді. Маңызды конституциялық заңдарды қабылдадық. Мемлекетте түбегейлі институционалдық өзгерістер болды. Біз Президентіміздің Мәжіліске жүктеген міндеттері мен тапсырмаларын толықтай орындадық. Ең бастысы, әлеуметтік сала заңнамалық тұрғыда толықтай қамтамасыз етілгенін айтуы керек», – деді Ерлан Қошанов.Мәжіліс 2 парламенттік тыңдауын тәуелсіздік тарихындағы ауыр сынаққа айналған «Қасіретті қаңтардың» жай-жапсарына арнады. Қаңтар оқиғалары елдегі көп өзгерістерге серпін берді. Қос билік жойылды, созбалаңға салынған саяси трансформация аяқталды, демократиялық үрдістер өркен жайды. 2022 жылғы 5 маусымдағы жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы саяси жаңғыруды жақтап дауыс берді. Президент жариялаған саяси реформалар қолға алынды. Экономиканы монополиялардан, олигархтардың үстемдігінен арылту үрдісі басталды. Бір сөзбен айтқанда, 2022 жыл мемлекеттің өзін, басқару жүйесін жаңартып-жаңғыртқан, тұтас қоғамның болмыс-бітімін түпкілікті өзгерткен уақыт болды. Осы тарихи жаңарудың бәрін жетінші сайланған Мәжіліс заңнамалық қамтамасыз етіп үлгерді. Сол үшін депутаттар күндіз-түні, демалыс күндері де тынбай жұмыс істеді, түрлі жиналыс, кеңес өткізді. Жұртшылықпен кездесіп, ақылдасты. Сын-ескертпелерден қорытынды шығарып, жұртшылықтың үмітін ақтауға барынша күш салды. Ендеше сайлаушылары да өз қалаулыларына риза болса керек.