Шығармашыл тұлғаның дүниетанымы қалай қалыптасса, сол идеологияға сай өнім шығарады. Сондықтан болса керек, өнер әлемінде қоғамға ой салуды көздейтін туындылар бой көрсетіп қалады. Яғни, қоғамның мұңын айту, жоғын жоқтау. Бұл орайда олардың көпке айқын ұстанымы, айтар ойы, астарлы шығармашылығы болуы керек-ті. Әлем елдерінде бұрыннан солай. Ал бізде ше? Отандық әншілер қоғамдағы құбылыстарға қалай үн қатып, қандай ұстаным танытып жүр? Бүгін біз тек ән мен әнші туралы айтамыз.
Әлемнің бізге таныс елдеріндегі әншілік өнерінің миссиясы – тереңдеу. Олар ән жазу, оны орындау, әртүрлі ғаламат шоу жасаудан бөлек, әлеуметтің проблемасын айту, қоғамдағы кейбір оқиғаларға реакция білдіру міндетін алады. Мәселен, есімі қанша ұрпақтың санасында жатталып, күні бүгінге дейін аты асқан сағынышпен айтылатын аңыз әнші Майкл Джексон шығармашылығының басым бөлігі рассизм, экология, көшедегі бұзақылық, есірткі тақырыбына арналды. Оның 1995 жылы жарық көрген Earth Song («Жер әуені») әні экология проблемасының әнұранына айналды. Жер планетасына қауіп төніп тұрғанын, табиғат ананың басты жауы – адамдар екенін айтқысы келетін бір ғана әннің дайындалуына әнші 13 жыл уақытын жұмсады, ал бейнебаянын түсіру үшін төрт локацияға барған – амазон тропиктері, Танзания алқабы, Хорватиядағы әскери база және Нью-Йорктегі өртенген орман. Міне, жауапкершілік! 1991 жылы Джексонның Black and White (Қара мен ақ) әні шықты. Әлемнің ұлтқа, нәсілге емес, тек аумақтық шекараларға бөлінетінін жеткізгісі келген әнші бейнебаянына әртүрлі ұлт өкілдерін түсіреді. Әлемді билеуге таласудың ақыры адамзатқа ұлтқа бөліп, адамгершілік құндылықтарды жойып жатқанын жырлаған ән талай халықаралық байқау-шараның шымылдығын ашқан-ды. 90-жылдардың соңында жер жаһанға әйгілі болған поп музыканың королі шығармашылығында бұдан өзге де көп әлеуметтік тақырып қамтылды. 2003 жылы жарық көрген The Black Eyed Peas тобының Where is the love (Махаббат қайда?) әні де соғысты бастан кешіп жатқан елдердің жанайқайын көрсетті. Бейнебаянында көптеген танымал тұлға жиналып, соғысқа, терроризмге, дискриминацияға қарсылығын білдірді. «Өз ұлтыңды ғана сүю – дискриминацияға жол ашады», «О, Тәңірім, өзің бәрін реттеп бермесең, адамзатты «Махаббат қайда?» деп сұрауға мәжбүрлеуде» деген мазмұндағы өлең сөздері сол уақыттағы дискриманцияға қарсылық шерулерінің лозунгіне айналды. Айта берсек, әлемдік әйгілі тұлғалардың өнерінде мұндай мысал көп.
Батыс елдерінің эстрадасындағы әйел әншілер тіпті бейсаналы түрде әйел тақырыбын, проблемасын жырлауға өзара келісіп алғандай көрінеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелді тұлға ретінде кемсіту, теңсіздік тақырыбына ән, бейнебаян арнамаған әйел кемде-кем. Мәселен, Beyonce-нің Who run the world – Girls! («Әлемді кім басқарады – Әйелдер!»), Jennifer Lopez-дің Ain't Your Mama («Сенің мамаң емеспін»), Шакираның She Wolf («Қасқырсың!») немесе The Pussycat Dolls тобының I don’t need a man («Ерлерге мұқтаж емеспін») деген туындысы және тағы басқалары.
Той әнінен ойлы әнге ойысты
Ал біздегі әнші деген кім? Оның миссиясы қандай? Көңіл көтеру, көпшілікке аса өтімді махаббат тақырыбын жырлайтынын білеміз. Ал әлеуметтік ұстанымы қандай? Соңғы 10-15 жылда эстрадада бой көрсеткен әншінің бірқатары шығармашылығы арқылы қоғамдағы әртүрлі проблемаға алаңдайтынын көрсетіп жүр. Кейінгі жылдары екі құбылысты байқадық. Бірі – қоғамда резонанс тудырған тақырыпқа әншінің жылдам реакция білдіруі, сол арқылы жеке ойын білдіргені. Мәселен, 2022 жылдың сәуірінде 18 жастағы маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай әскердегі төртінші күнінде белгісіз жағдайда көз жұмды. Оның жұмбақ өліміне қатысты Қорғаныс министрлігі де, Қарулы Күштердің жеке құрамы да мардымды жауап бере алмады. Бұл оқиға қоғамның ашу-ызасын тудырып, қызу талқыға түсті. «Ол қыз» деген жеңіл әрі вирустық әнмен танылған жас әнші Qanay еліміздің халық артисі Ескендір Хасанғалиевтің орындауындағы «Бозторғайым» әнін өзгеше стильде орындап, бейнебаянын Әлібек Қалбайға арнады.
«Бозторғайым» – халықтың аузында бұрыннан жүрген әнді жаңаша ырғақпен танытқымыз келді. О бастағы мақсат ескі һәм есті әндерге жаңа леп беріп, жаңғырту болған. Командамен ақылдасып, бұл әннің бейнебаянын түсіреміз деп жүргенбіз... 30212 әскери бөлімінде қайғылы жағдай болып, 18 жастағы маңғыстаулық бауырымыз жұмбақ жағдайда бақилық болды. Бұл оқиғаға әбден қынжылдық. Әрі бұл әскердегі сарбаздардың бірінші өлімі емес. Түрлі жағдайда өлім құшып, ата-анасымен қайта қауыша алмаған жас жігіттер қаншама? Сол үшін де «Бозторғайымның» бейнебаянын осы тақырыпқа арнағым келді. Клипті шығармас бұрын марқұм сарбаздың анасының алдынан өтіп, рұқсатын алдық. Осы оқиғаны таспалау арқылы әскерге аттанған баласымен қайта қауыша алмаған ата-ананың мұңын жеткізуге тырыстық», – дейді Qanay.
Жас әншінің пікірінше, әлеуметтік тақырыптардың көтеретін жүгі ауыр, сол үшін мұндай әндер айту не клип түсіру – үлкен жауапкершілік.
«Сүйдім, күйдім» деп жеңіл-желпі ұйқаспен ән құрастыру көп уақыт алмайды әрі көпке тез өтеді. Ал әлеуметтік тақырыпта өнер жасау көп дайындықты, терең ойлануды талап етеді. Десек те, әншілер қоғамның жанашыры болуы керек, елдің көкейіндегі ойды өз өнері арқылы көрсету, қолынан келгенше насихат қылуы шарт. Болашақта өз шығармашылығымда басқа да елді толғандыратын тақырыптарды қамтығым келеді», – дейді ол.
2019 жылы наурызда 102 операторына Атыраудағы орталық көпірден белгісіз азаматшаның өзенге секіріп кеткені жайлы хабарлама түседі. Оқиға орнына бірінші жеткен полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев өзіне қол салмақ болған азаматшаны құтқару кезінде қаза тапты. Бұл оқиғадан соң әлеуметтік желілерде 25 жастағы сержанттың сүйіктісі болғаны, оның үйлену тойын жасауға дайындалып жүргені туралы ақпарат шықты. Бұл, әлбетте қоғамның эмоциясын туғызды. Осы қайғылы жағдайға байланысты әнші Ерке Есмахан «1001 күн» әнін арнап, бейнебаян түсірді. Көптің көңілінен шыққан (Youtube-тегі қазіргі қаралымы – 16 млн) клипте Шалқар мен оның сүйіктісінің махаббат хикаясы баяндалады. Десе де, соңғы бес жылда қоғамдағы осыған ұқсас оқиғаларға реакция білдірген әншілер саусақпен санарлық. Ал өнер иелерінің шығармашылығына сұраныс тұрған жағдаяттар қаншама?!
Музасы – мұң емес, мәселе
Кейінгі әншілердің шығармашылығында байқала бастаған тағы бір құбылыс – қоғамға ой тастау. Мұны әр әнші, әр топ әртүрлі жолмен көрсетіп жүр: бірі әлеуметтік тақырыптар туралы ән жазып, ұстанымын көрсетсе, енді бірі жастарды саяси сауатты болуға шақыруда, тағы бірі позитив мәнде мейірімді мен махаббатты насихат етеді және тағы басқа.
Мәселен, 2015 жылы еліміздің шоу бизнесінде жаңалық болған топ – Ninety One әндерінің барлығында дерлік айтар ой, астарлы мән бар. Bari biled әнінде бүгінгі әлемнің көп проблемасы туралы айтылады. Соғыс, қылмыс, заңсыздық, ядролық жарылыстар, экология және тағы басқа. Әннің және бейнебаянның негізгі мазмұны ауыр болғанымен, «Неге керегін бәрі біледі, бірақ дым істемейді, махаббат ренжиді, мені іздемейді деп» деген өлең жолдарын жастар жатқа айтып жүрді. Бұл топ продюсер Ерболат Беделханнан еншісін алып, жеке шыққаннан кейін иглздарына ұсынған алғашқы туындысы – Abuse болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жырлайтын аталмыш туынды көптің көңілінен шықты. Топтың басқа тақырыптарға арнаған әндері бар.
2021 жылы дәл жаңа жылдың алдында Ирина Кайратовна тобы 5К әнін көрерменге бейнебаянымен ұсынды. Туындының атауы еліміздегі параның ең аз мөлшерін меңзейді. Орыстілді рэп айтатын топтың клипі жастардың арасында қызу талқыланды. Онда Қазақ хандығы мен Алашорда кезеңі көрсетіледі (жастарды елдің тарихын мақтан тұтуға үндеу), сондай-ақ қазіргі қоғамның басқа проблемалары да қамтылған: жемқорлық, коронавирустан адам өліп жатқан кездегі Астана күніне арналған отшашу, саясаткерлердің екіжүзділігі, саяси науқан, құрылысы бітпей қалған ЛРТ.
Әлеуметтік тақырыптарды назарынан қалдырмайтын бірді-екілі белсенді топ бар дейтін болсақ, ол – осы Ninety One мен Ирина Кайратовна. Бұл екі өнер ұжымының Taboo деп аталатын туындысы бар. Әннің бейнебаяны қарапайым дегенімізбен (топ мүшелері дөңгелек үстел басына жиналып, әртүрлі тақырыпты қаузайды), мазмұны терең. Онда цензура, телевизиядағы үгіт-насихат, мемлекеттік саясат пен шоу бизнес мәселелері көтеріледі.
Бір қызығы, өнердегі Z ұрпақтың өкілдері ішкі жан тебіренісін бөлісуде белсенді. Мәселен, 2RAR есімді әншінің «Мен ешкімді сүймеймін» атты туындысы әке-шешенің ажырасуы және сол кездегі баланың жайын баяндайды. Шын мәнінде, ересектердің дауында баланың жағдайын ешкімнің ойламайтыны, ата-ананың бірін таңдай алмай дал болатын баланың ішкі сезімі – бүгіннің өзекті тақырыбы. Сондай-ақ Садраддин Болат өзінің «Түн» әнінде әкесіз өскен балаларға үндеу жасайды. Яғни, жалғызбасты аналар қиындықпен өсірген балалар өмірге өкпелі болмай, өз орнын табуға ұмтылуы керегін сөз етеді. Саддрадин өзі әкесіз өскен бала, ол көп сұхбатында басты арманы анасының көңіліне қаяу түсіріп алмау екенін айтады. Басынан өткен ішкі сезімін әнге салып, қоғамдағы әкесіз өскен балалардың жанайқайын қозғайды. Бұдан өзге, Мархаба Сәби, Еңлік, Калифорния және тағы басқа бірқатар жас әнші бастан кешкен түрлі эмоциясын шығармашылығымен әрлеп, көпке ұсынып жүр.
Өнертану мамандары соңғы шыққан әншілердің той жыры, жауапсыз махаббат, мұң-қайғыдан басқа тақырыпта әндер орындауының себебін туындының әні мен сөзін жастардың көбіне өздері жазатынын айтып түсіндіреді. Яғни, бұрынғыша бір әннің сөзін басқа, әуенін бөлек адам жазып, енді бір адам орындамайды. Бір автор айтар ойын қағазға өзі түсіріп, қажетті мамандардың көмегімен ән қылады, сондықтан әсерлі шығады. Бәлкім, мамандардың бұл ойымен келісуге болатын да шығар. Мүмкін, қазіргі жас әншілердің арасында оқтын-оқтын пайда болған құбылыстың себебі басқа шығар... Әйтсе де, бір дүние анық – о баста айтқандай, өнер адамының дүниетанымы қалай қалыптасса, сол идеологияға сай өнім шығарады. Ал біздегі әншінің миссиясы жұртқа той көңілін сыйлап, махаббаттың жоқтаушысы болу ғана емес, сірә...