BTS – бүгінгі күннің феномені. Артық айтпаған шығармыз, сірә?! Өйткені бұл топ әлемнің өнердегі сеңін бұзып-жарып, өзін табиғи дәлелдей алған бірегей ұжым. Топтың солисі Чон Джонгук биыл Катарда футболдан өткен әлем чемпионатының Dreamers аталатын әнұранын орындады. Оңтүстік Кореяның жалпы ішкі өніміне айтарлықтай табыс (2019 жылы 4,65 млрд доллар) әкеліп отырған топ туристердің корей мәдениетіне қызығушылығын арттыруға айтарлықтай ықпал еткен. Соңғы жылдары Оңтүстік Кореяға келетін туристердің үштен бір бөлігі BTS концерттеріне келген. Өнертанушы ғалымдар BTS тобының әлемге танымал болуының сырын зерттеп, том-том кітаптар шығарып үлгерді. Сондағы ең жиі айтылатын аргументтің бірі – аталмыш өнер ұжымының әлеуметтік өткір тақырыптарды қозғауы. Әдетте K-Pop (Korean) өкілдері мазмұны ауыр әндер орындаудан қашады. Олардың бағыты – көбіне-көп жеңіл, бидің қимылына ыңғайлы, қайталама сөздері көп туындылар. Ал BTS бұл таптаурынды бұзды. Топ атауының аббревиатурасы о баста Bangtan Sonyeondan болған, аудармасы – «Оқ өтпейтін барлаушылар/бойскаут». Кейін бұл өнер ұжымы топ атауын қысқартып, тек BTS деп өнер көрсетіп жүрді. Бес жыл бұрын олар BTS-тің жаңа әрі ресми түсіндірмесін ұсынды: Beyond the Scene («Сахна сыртында»). Мұнысын топ өкілдері сахнадағы өнердің сыртында қара еңбек, терең ізденіс, әртүрлі эмоция болатынымен түсіндірді. Шын мәнінде, BTS тобының ең жиі қозғайтын тақырыбы – балалар мен жастар мәселесі. 2017 жылы бұл топ ЮНИСЕФ ұйымымен бірге балалар мен жасөспірімдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықпен күрес жөнінде Love Myself жобасын жүзеге асырды. Billboard журналы BTS-тің аталмыш проблеманы кеңірек насихаттауға көмектесіп қана қоймай, қайырымдылыққа $1,4 млн қаражат жинағанын жазған болатын. Бұл өнер ұжымы БҰҰ Ассамблеясының сессиясында сөз сөйлеген алғашқы топ. 2018 жылы топтың атынан ағылшын тілін жақсы білетін солисі Намджун алты минуттық сөз сөйлеп, онда балалар мен жасөспірімдерге көрсетілетін буллинг мәселесін көтерді. BTS-тің балалар, жасөспірімдер мен жастар тақырыбына арналған әндері өте көп. Мәселен, 2017 жылы топтың Come back home («Үйге қайтар жол») деп аталатын әні жарық көрді. Ол уақытта Оңтүстік Кореяда өтпелі кезеңдегі жастардың ата-анасымен ренжісіп, үйінен кетіп қалу мәселесі өршіп тұрған. Ал аталмыш әннің мәтінінде өмірде түрлі қиындық болатыны, оны үйден қашып кетіп шеше алмайтыны және ата-ананың көңілін ойлап үйге қайту керектігі туралы айтылады. Оңтүстік Кореяның жастар ісімен айналысатын құқық қорғау мекемесі үйіне қайта оралған балалардан сауалнама алған. Сондағы жастар BTS-тің әнін тыңдаған соң ата-анамды ойладым, осы синглды тыңдап, жігерлендім деген мәнде жауап берген. Сауалнама жүргізген мемлекеттік мекеме ол уақытта енді таныла бастаған BTS-тің жастарға ықпалын сезіп, бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдірген. Бұдан өзге BTS жастардың психоэмоционалды күйі, интернетке, гаджетке тәуелділігі, білім ордаларындағы буллинг, зорлық-зомбылық тақырыбын көп қозғайды. Сондай-ақ олардың репертуарында жастарды жігерлендіретін, оларды білімге, ғылымға, өнер мен спортқа үндейтін туынды көп. Бүгінде бұл топпен көптеген халықаралық ұйым жастар мәселесі бойынша серіктесіп жұмыс істейді. Өйткені BTS – өнер әлеміндегі феномен ғана емес, жастардың амбассадоры.