Сарбаз болу, әскерге бару бұрын әр жігіттің арманы еді. «Отан алдындағы борышын өтеп келді» деп ата-аналары да мақтан ететін. Ал қазір жағдай керісінше. Әскерден суық хабар келген сайын әр отбасы ержетіп келе жатқан баласы үшін уайымдайтын болды. Себебі де түсінікті. Ал кеше Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде қаза тапқан сарбаздың өліміне қатысты тың дерек шықты. Жағамызды ұстадық. Ізін суытпай Қорғаныс министрлігінің департамент басшысының пара алғаны жайлы ақпарат тарады. Осыған орай, сенатор Нұржан Нұрсипатовпен тілдестік. – Жақында Астана маңында парашюттен секіру кезінде сарбаз қаза болды. Соңғы кезде әскердегі сарбаздардың мерт болуы жиілеп кетті. Мұның себебі неде? – Сарбаздардың қаза болуы жиілеп кетті деп айту – қате. Себебі барлық жағдай бір бөлімшеде болып жатқан жоқ. Сондықтан бұлай деу халықты дүрліктіреді. Ал Астанадағы оқиға тағы да командирлердің кінәсінен болып отыр. Олар парашюттен секірер алдында сарбаздарды дұрыстап дайындықтан өткізуі керек еді. Нұсқаушылар алдын-ала сарбаздардың парашютті қалай қолданатынын, жинайтынын тексеріп, емтихан алады. Жас сарбаздың оқыс оқиғаға ұшырауына түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Парашют секірген кезде ашылмай қалуы да, бекітетін аспаптардың ақауының да болуы мүмкін. Мұны ұшақ экипажы және нұсқаушылар бірлесіп тексеруі керек еді. Сосын кіші командирлер әр сарбаздың қалай парашютті жинағанын тексеріп тұруы қажет. Ұшақтан секірген кезде де нұсқаушылар бақылап тұруы керек. Сондықтан сарбаздың қазасы осы мамандардың кінәсі деп ойлаймын. Жас сарбаз өзін ажалға қиып парашюттен секіре қоймайды. Тек қана кінә басшылардан, кіші, үлкен командирлерден. Бұл жердегі жағдай – оқыс оқиға. Әлімжеттік те, төбелес те емес. Сол әскердегі басшылардың салғырттығынан деп есептеймін. – Ал былтыр 19 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген азамат асылып тұрған жерінен табылды. Дегенмен адвокаты тергеуге қысым жасалып жатқанын, тергеу көп нәрсені байқағысы келмейтінін ашық айтып, нақты фактілерді БАҚ-қа жариялады. Сонда әскердегі әлімжеттік әлі де тиылмаған ба? Неге тергеу әділ жүргізілмейді? – Тергеуді тексеретін, қадағалайтын орган – прокуратура. Бас прокурордың орынбасары әскери прокурор осы сұраққа нақты жауап беруі керек. Олар тергеушінің қандай қадам жасағанын, қандай іс-шаралар жүргізіп жатқанын, қандай сараптамаға жібергенін уақытымен, суретімен ашық халыққа жариялап отыруы керек. Әскери прокурорлар сол үшін отыр, сол үшін еңбекақы алады. Әр жедел қызметкердің, әр тергеушінің іс-қимылын тексеретін прокурорлар. Адвокат тергеудің ұзаққа созылып кеткенін, қысым жасалып жатқанын айтты. Енді тергеуді әскери прокурор қадағалауы керек. Әскери прокурор нақты уақытымен, тергеудің қалай жүргізіліп жатқанын айтып беруі қажет. Адам баласы болған соң, мейлі ол әскери форма кисе де, басқа мамандық иесі болса да өздерін қорғап қалғысы келеді. Сондықтан тергеу барысында командирлердің неше түрлі қитұрқылыққа барып, өтірік айтуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені тек прокуратура ғана емес, Президент әкімшілігінің құқық қорғау органдарын қадағалайтын бөлімі қадағалауға алса деген өтініш бар. Бүкіл Қазақстан халқы осы жағдайға алаңдап қарап отыр. Ертең барлық ата-ананың баласы әскерге барады. Сондықтан әділдік ашылуы және басқа бөлімшелерге сабақ болуы қажет. Бас прокуратура өкілдері брифинг өткізіп, тергеудің барысын халыққа жариялауы керек. Одан кейін әскери прокурор әлеуметтік желілерге орын алған қылмыстар мен тергеу процестерін жазып, дер кезінде жариялап отыруы тиіс. Егер шынымен де, адвокат айтқан жағдай болса, бұл шектен шыққандық. – Қорғаныс министрлігінің департамент басшысы 20 000 доллар пара алды деген күдікпен қамауға алынды. Сонда жемқорлық әділдікті ту еткен әскери азаматтарға да жеткен бе? – Қоғам қандай болса, адамы да сондай болады. Жемқорлық құқық қорғау органдарында да, прокуратурада да, әскерилердің арасында да болуы мүмкін. Отыз жылдың ішінде қаншама генерал сотталды. Олардың көбісі жемқорлықпен істі болып отыр. Дегенмен бұлай таңғалуға да болмайды. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күресті күшейту керек. Бұл тек сөзбен айтылып қоятын мәселе емес. Үш жыл сайын әскерде аттестация болады. Сонда полиграф бойынша да тексерістен өткізу керек. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде аттестациядан өткен кезде: «Параға қанша теңге алдың?» деген сұрақтар бар. Полиграф арқылы тексеруді барлық мекемелерге енгізу керек. Командирлер немесе қызметкерлер кішкене болсын пара алуға бейім деп анықталса жұмыстан босату қажет. Олар адаммен емес, техникамен жұмыс істесін. Кейін 3-4 жылдан кейін пара алуға деген ойы дұрысталса, қайта командирлікке қоюға болады. Жүйеге осындай өзгерістер керек. Алтын көрсе жолдан таятын әскерилер бар. Олардың ішінде мемлекеттік тапсырыс мәселелерімен айналысатын, тамақ сатып алатын, қару-жарақ сатып алатын, құрылыс салдыратын азаматтардың арасында жемқорлық көбірек кездеседі. Сондықтан осы саладағы адамдарды бақылауда ұстау керек. – Осындай жағдайлар халықтың қарулы күштерге деген сенімін азайтпай ма? – Осы мәселелерді дұрыстап анықтамаса, дұрыстап қадағаламаса қарулы күштерге халық сенбейтін болады. Әрбір тергеу ашық болса, бас прокурор соңғы он жылдағы қылмыстық тергеулерді әлеуметтік желілерге жариялап отырса, әр құрылымдағы баспасөз хатшылары апта сайын есеп берсе халық та сенеді. Ал жауапты органдар үндемей отырса, халықтың көңілінде күдік туады. Шұғыл, күрделі, кешенді шаралар қолданылу керек. Әр апта сайын әскери прокуратура әрбір іске талдау жасап отыруы керек. Сонда халықтың да сенімі оянады. – Әңгімеңізге рақмет!