«Жемқорлық – індет, жою – міндет» деген ұранға бүгінде халықтың құлағы үйренді. Әйтеуір, әр жерде ұсталып жатқан шенділер мен басшылардың бассыздығына бас шайқап қояды. Ал шын мәнінде кейінгі жылдары жемқорлардың көптеп ұсталуы нені аңғартады? Құзырлы органдар жұмысының жүйелігін бе? Әлде парақорлар санының артқанын ба? «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің берген ақпаратына сүйенсек, өткен жылы кеңестің 12 отырысы өтіп, 76 мәселе қаралған екен. Тәртіптік істерді қарау барысында 12 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылыпты. 8 азаматқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» жасалса, 1 тұлғаға қатаң сөгіс берілген. 3 қызметкер «ескерту» түріндегі жаза арқалаған. Әдеп жөніндегі кеңестің шешіміне жазаланушылар шағым білдіргенімен бірде-бір іс сот шешімімен заңсыз деп танылмаған. Десе де, тәртіптік практиканы талдау нәтижесінде кейбір мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптары өрескел бұзылғаны анықталған. Мәселен, Меркі ауданы әкімі аппаратының тәртіптік комиссиясымен Меркі ауылдық округінің әкімі Ғ.Байарыстанға Меркі ауданы прокуратурасының 2021 жылғы 15 қыркүйектегі «Заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы» ұсынуында көрсетілген заңбұзушылықтарға жол бергені үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылып, тәртіптік комиссияның шешімі аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Бегалиевке жолданған. Өз кезегінде аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы тәртіптік комиссияның шешіміне қарамастан, Ғ.Байарыстанды тәртіптік жазаға тарту мерзімдерінің өтіп кетуіне сілтеме жасап, аудан әкімінің оған қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы өкімінің жобасын мүлдем әзірлемеген. Сондай-ақ жоғары тұрған басшылыққа қате ақпарат ұсынған. Осының салдарынан Ғ.Байарыстанға тәртіптік жаза қолданылмаған. Аталған мәселе Әдеп жөніндегі кеңестің 2022 жылғы 27 қаңтардағы отырысында қаралып, Меркі ауданының әкіміне нақты ұсынымдар берілген. Нәтижесінде, Меркі ауылдық округінің әкімі Ғ.Байарыстанға және оған тәртіптік жаза қолдану барысында кемшіліктерге жол бергені үшін Меркі ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы Н.Сұраншиевке «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылып отыр. Әкімдік қызметкері бұны әдейі істемеді дейін десең, тайға таңба басқандай көрсетілген тәртіптік жазаны тағайындамағаны таңғалдырады. Бәлкім, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген осы ма? 40 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды Аудандарда да сыбайлас жемқорлық фактілері аз болмай тұр. Т.Рысқұлов ауданында былтыр 40 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылса, 31-і ескерту, 3-і сөгіс, 2-і қатаң сөгіс, 3-і қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескеру алып, 1 азамат атқарып отырған лауазымды қызметінен босатылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға да мониторинг жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілерге қатысты 15 сыни материал зерделенген. Нәтижесінде, Жамбыл ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы азамат жұмыстан шығарылса, Бесағаш ауылдық округі әкіміне «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза берілген. Дәл осындай «қатаң сөгіс» түріндегі жаза Шу мен Т.Рысқұлов аудандарында лауазымды қызмет атқарып отырған басшыларға да тағайындалған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі мамандарының айтуынша, өңірде басшылар тарапынан қызметкерлерге қысым көрсету, өз еріктерімен жұмыстан шығуға мәжбүрлеу сияқты әрекеттер көп көрініс беруде екен. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу дерегі 2021 жылға қарағанда 14,3 пайызға артқан. Мемлекеттік қызметшілердің көлікті масаң күйде жүргізу Талас пен Қордай аудандарында көп тіркелсе, дөрекілік, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық таныту облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы және Шу ауданында болған. Айыппұл арқалап, қызметтен қуылған басшылар да аз емес Өткен жылы Жамбылда қарамағындағы қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметінен босатылған басшылар да аз болмаған. Мұндай жазаны былтыр 21 басшы арқалаған. 2 азамат атқарып отырған мемлекеттік лауазымынан айырылса, 8 қызметкер қызметіне толық сәйкес емес түріндегі жаза алған. 8 азаматқа қатаң сөгіс, 3 басшысыға сөгіс түріндегі жаза тағайындалған. Ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің сыбайлас жемқорлық сипатындағы баптарын өрескел бұзған азаматтар темір торға тоғытылған. 10 қызметкер пара алу кезінде ұсталып, 366-бап бойынша сотталса, 6 мемлекеттік қызметші «сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша абақтыға қамалған. Тағы 8 қызметкер алаяқтық бабы бойынша ұсталса, 3 азамат «лауазымдық өкілеттілікті теріс пайдалану» бабы бойынша құрықталған. Дәл осындай 5 қызметкер өкілеттілігін асыра пайдаланғаны үшін қамауға алынса, 3 қызметкердің қолына пара беру кезінде кісен салынған. Бұдан бөлек, «билікті теріс пайдалану» және «қызметтік жалғандық жасау» баптары бойынша төрт қызметкердің ісі сотта қаралған. Жоғарыда аталған істердің бірқатарына тоқталсақ, Байзақ ауданының білім бөліміне қарасты №4 мектеп-лицейінің директоры А.Есжанова мемлекеттік мүлікті жымқырды деген айыппен қамауға алынған. Тергеу барысында күдіктінің кінәсі толықтай дәлелденіп, сот оған жымқырылған мүліктің 10 еселенген мөлшерінде 3 000 000 теңге түріндегі айыппұл салды. Бұдан бөлек, Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жеке кәсіпкерлерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы Е.Шымыркуловқа қатысты іс те сотта қаралып, сот үкімімен ол 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды.
P.S Жалпы, жемқорлық сипатында тіркелген қылмыстардың саны ойландырмай қоймайды. Статистикаға сүйенсек, жылда парақорлардың саны көбеймесе, азаймағаны анық аңғарылуда. Мұндайда енді қайтпек керек? Бәлкім, қолданыстағы заңды тағы қатайту керек шығар. Әйтпесе, мына қарқынмен бірер онжылдықта бүкіл мемлекеттік қызметшілер жемқор болып шығатын түрі бар.
Жамбыл облысы