Кең-байтақ қазақ жерінің әр өңірі ен байлыққа ие, қойнауы қазынаға толы. Ұқсатып, ұтымды жарата білсе, ол әрбір қазақстандықтың бақуатты өмірінің бастауына, аста-төк ауқатының қайнарына айнала алады. Осы орайда Президент бастамасымен бұқараның тұрмысын жақсартуға, мемлекеттің ресурсын молайтуға үлес қосатын маңызды шара қабылданып жатыр. Ол елге тиесілі активтерді талан-тараж қылған олигархаттың қолды еткенін кері қайтаруды қарастырады. Әр қадам заңға бағынса игі Бұл тарихи бетбұрыс «Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан соң жасалды. Алдымен, 2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жекелеген қаржылық-өнеркәсіптік топтардың капиталды шетелге әкетуі мәселесін ашық айтты. Бұл үшін олардың жалған мәмілелер жасасатынын нұсқады. Ел Президенті тіпті белгілі бір тұлғалардың есепшоттарында «ірі қозғалыстар тіркелгенін» ескертті. Қажылық мониторинг агенттігіне, Ұлттық банкке, қаржылық реттеушіге оған тосқауыл қою шараларын күшейтуді тапсырды. Ізінше, 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке шетелге заңсыз шығарылған қаражаттарды және жатжұрттарда сатып алынған активтерді елге қайтару жөнінде 2 ай мерзімде ұсыныстар енгізуді жүктеді. Осы кезеңде құзырлы органдар халықаралық тәжірибені зерделеді, басты, қажетті ұйымдастырушылық шешімдерді түзді, құқықтық негіздерді, заңнамалық актілерді пысықтады. Ал 5 маусымда Президент №908 Жарлығымен Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияны (ВАК) құрды. 10 маусымда оның отырысын өткізген Қ.Тоқаев «халық бос уәде емес, нақты нәтиже күтетінін» нықтады.
– Біздің мақсатымыз – айқын. Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнатуымыз керек. Барлық іс-әрекет құқықтық нормаларға толық сай болуы және заңға қатаң әрі мүлтіксіз негізделуі тиіс. Бұл мәселеде қателесуге және біліксіздік танытуға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.Осы бағытта тиісті жұмыстар жалғасуда. Кеше Үкімет заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы арнайы заң жобасын қарады. Осы күні Премьер Әлихан Смайылов Президент Әкімшілігінің, орталық мемлекеттік органдардың, Ұлттық банк пен Бас прокуратура басшыларының қатысуымен Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Қатысушылар Президент қойған міндеттерге сәйкес әзірленген елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасын қарады. Құжатта активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен алғышарттарды жоюға, активті ерікті түрде қайтаруды ынталандыруға немесе мәжбүрлі түрде қайтару бастамасын көтеруге және басқасына бағытталған нормалар қарастырылған. Заң қабылданса, салада бірқатар жаңашылдық болғалы тұр. Мысалы, нақты тізімге алынған тұлғалардың жиған байлығы, жұмсаған шығыны бақылауға алынбақ. Үкіметтің хабарлауынша, уәкілетті органдардың мәліметтерін талдау қорытындысына сүйеніп, Активтер туралы арнайы декларация тапсыратын тұлғалардың шектеулі тізілімін құру жоспарланды. Егер активтердің иесі оның шығу тегін, яғни заңды түрде тапқанын растай алмаса, онда активтері «заңсыз сатып алынған» деп танылады және тәркіленіп, мемлекеттің кірісіне айналады. Осылай түсетін активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландыруға пайдалану көзделген. Әрине, бұл ХХ ғасыр басындағы байлардың дүние-мүлкін жаппай кәмпескелеу сияқты кесапаттың кебін құшпауы тиіс. Басты мақсат – әділдік. Сондықтан Министрлер кабинеті заң жобасын асығыс мақұлдауға бармады. Үкімет басшысы Әділет министрлігіне айтылған ескертулерді назарға алып, заң жобасын пысықтауды жалғастыруды тапсырды. Мемлекет осы арқылы президенттік бастаманың заңды негіздерін қалыптастыруға да баса мән берді. 2022 жылғы 26 қарашада ел Президенті «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» Жарлық қабылдады. Құжатқа сәйкес, әлгінде айтылған, Әділет министрлігі кемеліне келтіріп жатқан заң жобасы Парламент қарауына биылғы 31 наурызға дейін енгізілуі тиіс. Бұл кезде 19 наурызда сайланатын жаңа Мәжіліс жұмысқа кіріседі. Қайтқан қаржы құйылатын қор құрылады Заң күшіне енген соң заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін басқаратын арнаулы Мемлекеттік қор құрылады. Үкімет Бас прокуратурамен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен басқа да мүдделі органдармен және ұйымдармен бірлесіп, 2023 жылғы 31 наурызға дейін заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері жөніндегі бөлек консультативтік-кеңесші органды құрады. Жаңа заңда біріншіден, құқық қатынастарының субъектілері, яғни кімдердің жиған-тергені тексерілетіні анықталады. Екіншіден, заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктері регламенттеледі. Үшіншіден, активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығы қамтамасыз етілуі шарт. Төртіншіден, заңсыз мүлікті мемлекетке өз еркімен беруді ынталандыру тетіктері ұсынылады. Бесіншіден, активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен шарттарды жоюға бағытталған жүйелі шаралар қабылданады.
«Қазақстан Президенті мемлекеттік қызметтегі жаңа адам емес, тәжірибелі, тісқаққан, сыралғы саясаткер. Аппараттық астыртын ойындарды жақсы біледі. Сондықтан ол жауапты шенеуніктер тапсырмаларды көз қылып орындап, жұмыстың имитациясымен елігіп кетпеуі, толыққанды іс тындырылуы, нақты өзгерістер болуы үшін алғышарттар түзді. Ол комиссияның міндетін әу бастан айқын белгіледі: «бастысы – сотқа берілген қылмыстық істердің саны емес, экономиканың нақты сауығуы». Президент Тоқаев қазақстандықтарға уәде еткен жүйелі жаңғыруларын жүзеге асыруда бірізді, кешенді түрде қозғалып келеді. Талаптың жоғары, сұраудың тұрақты болатынын түсінген атқарушы органдар да тиімділік мәселесіне барынша мұқият мән беріп отыр», – деген пікір білдірді саяси шолушы, Кәсіби саяси кеңесшілер қауымдастығы өкілдігінің басшысы Ассоль Мирманова.Алда асқарлы асулар жатыр Ведомствоаралық комиссия (ВАК) жұмысының алғашқы нәтижелері өткен жылдың бірінші жартысында көріне бастады. Былтырғы маусымда мемлекетті «Қазақстан» санаторийіне деген меншік құқығынан айырып, 12 миллиард теңге тұратын бұл активті «Халық банкі» АҚ-ына бергізген сот актісіне Бас прокуратураның қарсылығы қанағаттандырылды. Сорақысы сол, қайтарылмаған кредиттің сомасы мемлекеттік актив құнынан 6 есе аз, 2,6 млрд теңге ғана болыпты. Бұрын әлдебір себеппен тәркіленбей қалған объектілерге түгендеу жұмыстары басталды: арасында қымбат тұрғын үйлер, коммерциялық жылжымайтын мүлік, кәсіпорындар, жер учаскелері сияқты 36 нысан бар. Мемлекеттік органдардың бастамасымен Виктор Храпуновтың отбасына тиесілі, Шығыс Қазақстанның ең шырайлы жерлерінде орналасқан 8 жер учаскесін тәркілеу туралы атқару өндірісі қозғалды. Алматыда белгілі бір олигополияға «Барыс-4» ірі көтерме базарындағы мемлекеттік үлесті өз құнынан 5 есе арзанға сату фактісі әшкереленді. Шілдеде мәмілені бұзу мақсатында сотқа талап арыз енгізілді. Қазан айында базар мемлекеттік меншікке қайтарылды. Бұған дейін Үкіметтің жеке қаулысына сәйкес, жеке фирмалардың меншігіне 629 теміржол телімі тегін өтіп кеткені де мәлім болды. Бұл тасымалдаушыларға арналған тарифтердің 10 есе өсуіне соқтырған. Сол ағат шешімнің салдарларын жою шаралары қабылданды: кірмежол және магистральді теміржолдардың көбі мемлекетке оралды, қалғандары бойынша ревизия жалғасуда. Демонополизация аясында біраз майшелпек кәсіпорынның акциялары мен ақшалай активтері мемлекетке кері тапсырылды, олардың қатарында «Қазақтелеком» АҚ (28,75%), «Центр Транспортного Сервиса» АҚ (100%), «Акмолит» ЖШС (100%) және басқалары бар. Осы активтердің құны шамамен 200 миллиард теңгеге барабар екен. Бас прокуратураның дерегінше, комиссия жұмысқа кіріскелі бергі 6 айда 631 миллиард теңгеге тең көлемде шетелге заңсыз шығарылған актив мемлекетке қайтарылды. Ведомствоның дерегінше, осы соманың 421 миллиард теңгесі қылмыстық істер аясында шығынды өтеу түрінде орны толтырылды. Таратсақ, 314 млрд теңге – ақшалай түрде, ал 107 млрд теңге – асыл тастар, атын, басқа бағалы металдар түрінде мемлекетке алып қойылды. Қылмыстық қудалау аясында 400 миллион доллар қаражат шетелден қайтарылған екен. Аты аталмаған, бірақ бұрынғы билікке жақындығын пайдаланып, заңсыз байыған бір тұлғадан 2,5 миллиард теңге тәркіленіпті. Бас прокурорының бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев Президенттің тапсырмасымен заңсыз алынған активтерді қайтару және олигополиялармен күрес жалғасқанын жеткізді. Мұның сыртында құзырлы органның күш салуымен, олигополиялар иелігінен құны 6,5 миллиард теңгеден асатын 398 мың гектар телімі алып қойылды. Бас прокуратураның қарсылығына орай Жоғарғы сот бұрындары олигархтардың мүддесі үшін шығарылған 17 сот актісінің күшін жойыпты. Бұл 600-дей теміржолды, кірме теміржолдарды мемлекет меншігіне қайтаруға, олар арқылы өту үшін тарифтерді төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл ретте пәрменді комиссияның тегеурінді түрені түсе қоймаған бұдан да кең өріс «мұрты бұзылмай» жатқаны жасырын емес. Бас прокуратура Антикормен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану ісінің барлық сатысында заң бұзылатынын анықтады. Мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасында мәліметтер бұрмаланған. Қоры нақтыланған және игеруге дайын тұрған кенорындарына барлау жұмысын жүргізуге 143 лицензия мен келісімшарт заңсыз берілген. Әкімдіктердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары құнды пайдалы қазбасы бар 87 кенішті заңсыз алған: олар тендер өткізбей-ақ, сол кеніштерді өздері қалаған жеке компанияларға су тегінге берген. Үкімет заңсыз ұсынылған кенорындарды мемлекет меншігіне қайтару шараларын қолға алып жатыр. Яғни, бұл бағытта да жұмыс ауқымы ұлан-ғайыр. Үкіметтің дерегінше, энергетика, теміржол, телекоммуникация сияқты салаларда 11 шешуші компанияны мемлекеттің меншігіне қайтаруға қол жеткізіліпті. Комиссия тағы 26 компанияны ел иелігіне оралтуға жұмыс жасап жатыр. Заңсыз алынған активтерді қайтару, демонополизациялау бағытындағы президенттік бастаманы жүзеге асыру аясында 2022 жылғы 11 айда бюджетке қосымша 900 миллиард теңгеден астам түсім түсіпті. Тоқаевтың бұл тапсырмасының тағы бір мультипликативті әсері болған: ол 2022 жыл қорытындысында ЖІӨ-ге шаққанда көлеңкелі экономиканың үлесін 19%-ға дейін төмендетуге ықпал еткен көрінеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2023 жыл соңына дейін агроалпауыттарға заңсыз берілген тағы 5 млн гектар жерді қайтару тапсырмасын орындауға кірісті. Бірқатар жеке компанияның меншік иелерінен 145 кірме теміржолды республика меншігіне өз еркімен беру туралы ұсыныстар түскен. Оларды кері қабылдау рәсімдері жүргізілмек. Бұдан бөлек, комиссия мұнай-газ саласының кейбір инфрақұрылымдық нысандарды мемлекет меншігіне қайтару жұмысын ілгерілетеді. Яғни, Президент бастамасы мемлекеттің алдына жауапты, ауқымды, салмақты жаңа міндеттер қойып отыр.