Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін Президенттің тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоры құрылды. Бір жыл ішінде қор «Қаралы қаңтарда» зардап шеккендерге, ауыр дертке шалдыққан балаларға жәрдем беріп, ауылдағы мектептерді жабдықтауға да үлес қосты. Дегенмен көпшілік тарапынан қорға тағылар сын да аз емес. Қор Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес құрылды. Президент бұл қорға, әсіресе елдің қазынасынан үлес ала жүріп байыған бір шоғыр бай қаржы құюы керек екенін айтты. Осылайша, қорға халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы нақты мәселелерді шешуді жүктеді.
– Қадап айтамын: бұл Президенттің, Үкіметтің немесе қандай да бір меморганның қоры емес. Бұл – барлық қазақстандықтың қоры. Халық қоры. Бірінші Президент – Елбасының арқасында өте табысты компаниялардың тобы, тіпті халықаралық өлшеммен алғанда шылқыған бай адамдардың аз шоғыры пайда болды. Халыққа тиесіліні қайтаратын уақыт жетті деп санаймын. Қор халыққа жүйелі және ұдайы негізде көмектесуі керек. Үкімет компаниялар тізімін анықтап, қорға жыл сайын енгізетін жарнасының көлемін солармен келіседі. Бұған қоса, орасан зор қаражаты бола тұра, көлеңкеде қалған тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін, – деген еді Президент.Көп өтініш неге ескерусіз қалады? Осылайша, қоғам тарапынан «Қазақстан халқына» қорына үлкен үміт артылды. Бүгінде қоғамдық қордың қоржынына 131,7 млрд теңгеден көп қаржы түскен. Былтыр осы қаржының 25,5 млрд теңгесі игерілген. Бұл қаржыны банк депозитіне салғаннан түсетін сыйақыға ғана тең қаржы. Басқаша айтқанда, қор өзіне келіп түскен демеушілік қаржыларды бар-жоғы 19,3 пайызын ғана игерген. Оның өзінде бұл қорға қолы жетпей жүрген жан да көп. Солардың бірі – Эльвира Ғилманова. Ол баласының дерті жайлы айтып, қорға бірнеше рет өтініш жіберген.
– Қызым дүниеге келген кезде «екіжақты есту атрезиясы» диагнозы қойылды. Қазір жасы екіде. Ести де, сөйлей де алмайды. Елімізде бұл дерттің емі жоқ. Калифорнияға апарып операция жасату құны 198 мың доллар тұрады. Бірақ отбасымыздың бұл қаржыға шамасы жетпейді. Мемлекеттен арнайы квота да ала алмадық. «Қазақстан халқына» қорына да жаздық. Бірақ өтінішімізді қабылдамады. Біздің бір баламызды емдегенше, сол қаржыға 3-4 баланың өмірін құтқарған дұрыс шығар. Қордың көмек көрсететін санатына сәйкес келмейді екенбіз, – дейді Эльвира Ғилманова.Иә, қор барлық халыққа қолжетімді емес. Тек қордың бағыты бойынша белгілі бір санаттағы адамдар көмек ала алады. Ресми дерекке сүйенсек, қорға 40 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың 30 мыңнан астамы қор құрылған алғашқы айда тіркелген. Өтініштердің 40 пайызы қаржылық көмек көрсету, баспанамен қамту және басқа да қажеттіліктерді өтеу сияқты «қор мақсатына сай келмейтін» өтініштер көрінеді. Осы өтініштер негізінде 20-дан астам қайырымдылық бағдарламасы іске қосылыпты. Дегенмен қоғаммен байланыс маманы Ербол Азанбектің пікірінше, ауылды жерде спортзал жабдықтау сияқты шаруалармен «Қазақстан халқына» қоры айналыспауы керек. Қордың жұмысы шетелде емделуге, отаға ақша таппай жүрген мыңдаған адамға бағытталғаны дұрыс.
– Қазір әлеуметтік желіні, әсіресе Instagram-ды ашсаңыз, әр екінші постта көмек сұраған адам. Өз елімізде ем жоғын айтады, шетелге сұрау салса, ем бар дейді. Бірақ ақысы қымбат. Амал жоқ, туған-туыс, таныс, соңында әлеуметтік желіден көмек сұрайды. Көпшілігіне «Қазақстан халқына» қоры соңғы үміт сияқты. Өтінім жібереді, бірақ жауап ала алмайды. Спортзал ашатын мемлекет бар, жеке меценаттар бар, жүздеген қор бар ғой. Әрі спортзалды жабдықтау бірінші проблема емес. Сондықтан қор өз елімізде ем таппай, шетелде емделуге ақша таппай, күдерін үзіп, күн санап жүрген отандастарымызды қолдаумен ғана айналыссыншы. Сонда барлық қазақстандық риза болады, – дейді Ербол Азанбек.Қордан жауап алу да, өтініші мақұлданғаннан кейін қаржының түсуі де ұзақ уақытқа созылады екен. Мұның себебін қордың ресми өкілі Диас Бейсенбектен сұрап көрдік.
– Қор азаматтарға төтенше жағдайлар кезінде қолға алынған шаралардан басқа, тікелей шоттарына қаражат жібермейді. Мәселен, шетелде емдеу жүргізілсе, онда емнің қаражаты тікелей клиникаға төленеді. Егер протез берілсе, онда протез алушы азаматқа емес, протезді әзірлеуші кәсіпорынға жіберіледі. Одан бөлек, тірек мектептерді немесе спортзалдарды жарақтандыру барысында қор қаражаты мектепке емес, қызмет түрін немесе тауарды жеткізушіге тікелей жолданады. Екіншіден, кез келген бағдарлама немесе жоба бойынша қайырымдылық көрсету үшін әрбір өтінім жіті қаралып, зерделенеді. Мысалы, өтінім бүгін беріліп, ертең бірден шешімі шығарылып, қажетті қаражаты жіберіледі деген қате түсінік. Шетелдік емдеуге келсек, осы бағыттағы өтінімдер бойынша қор бейінді ұйымдардың пікіріне сүйенеді. Бұл бағытта қор онкологиялық және онкогематологиялық жағдайлары бар пациенттерге атаулы көмекті қарастыруда, – дейді Диас Бейсенбек.Оның айтуынша, пациенттерде алты республикалық ұйымның бірі берген шетелдік емдеуге арналған негіздемесі болуы тиіс. Бұдан басқа, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жанындағы жұмыс органының пациентті республикалық бюджет есебінен квота бойынша жіберу мүмкін болмаған жағдайда көмек көрсету туралы өтінімдері қаралады. Кейін емдеу бағдарламасын, емхананы таңдауды қамтитын құжаттар топтамасын қалыптастыру және емдеуді ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіледі, ол құжаттар басқарма жанындағы сараптама комитетінің қарауына шығарылады. Комитеттегі мамандар өз ұсынымдарын бұдан әрі шешім қабылдау үшін қор басқармасына жібереді. Осылайша, қор тек қайырымдылық ұйымы болған соң медициналық немесе фармацевтикалық лицензияға ие емес екенін ескере отырып, келіп түскен өтінімдерді тек бейінді ұйымдар мен сарапшылардың пікіріне сүйене отырып қарастырып, шешім қабылдайды. Қор қосымша қаржы қарастыруы керек Мемлекет басшысы «Қаралы қаңтарда» қайғыға душар болған, жазықсыз жазым болған азаматтардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қоры көмек көрсетеді деп тапсырды. Енді қордың осы оқиғаға қатысты қанша адамға көмек қолын созғанын саралап көрейік. 2022 жылғы наурызда «Қазақстан халқына» қоры Қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болған, қаза тапқан Қазақстан азаматтарының небәрі 5 отбасына қайырымдылық көмек көрсетіпті: 7 миллион теңгеден төлеген. Бұдан бөлек, Қаңтар оқиғалары кезінде жарақаттанған балалардың 3 отбасына 3 миллион теңгеден қайырымдылық көмек берді. Сәуірде кездейсоқ құрбандардың тағы 13 отбасына 7 миллион теңге, жарақаттанған балалардың 2 отбасына 3 миллион теңге қайырымдылық көмек аударған. Жаз айларында қор тек медициналық бағытта көмек көрсеткен. Тамызда Қаңтар оқиғаларында жараланған бір отбасына – 3 млн теңге, қыркүйекте 2 отбасына 3 млн теңгеден көмек көрсетіліпті. Қазан айында қаңтарда жазықсыз мерт болғандардың 60 отбасына, қарашада 11 отбасына көмек ұсынылған. Ал желтоқсанда қаза тапқандардың отбасына 7 миллион теңге жұмсалыпты. Осылайша, бір жылда қаңтарда қайғыға ұшыраған 90 отбасына жәрдем берген. Ал Бас прокуратура бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың жариялаған дерегінше, «Қанды қаңтарда» жалпы саны 238 азамат көз жұмған. Қор олардың ақталғандарына ғана көмек көрсетуді ойлап отырса керек.
– Қамқоршылық кеңесінің соңғы отырысында қаңтар құрбандарына көмек көрсету туралы мәселе қаралды. Қор қайтыс болған барлық азаматтың артында қалған балаларының орта арнайы және жоғары оқу орындарында оқуын қаржыландыру міндеттемесін алды. Бұл міндетті орындау қиын, себебі балалар әртүрлі жаста, олар өсуі керек. Әзірге Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған 238 азаматтың артында қанша бала қалғаны туралы тізім жоқ. Біздің есебімізше, шамамен 200 бала бар, оған қоса оқиға кезінде жараланған 13 бала бар. Бағдарлама тек бакалавриатқа қатысты. Оқу таңдау бойынша жоғары немесе орташа арнайы білім болуы мүмкін, – деген еді қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев.Ал сарапшы Бауыржан Мұқановтың айтуынша, Қаңтар оқиғасынан зардап шеккендерге қор тек прокуратураның шешіміне байланысты көмек көрсетеді.
– Бір жыл ішінде қаржының басым бөлігі қаңтар құрбандарына көмек беруге, ауылды жерлерге спортзал салуға жұмсалған. Қордың ресми мақсаттары әлеуметтік бағытта. Осы мақсаттарынан ауытқып кеткен жоқ. Дегенмен Қаңтар оқиғасында зардап шеккен кейбір азаматтар әлі де қордан көмек ала алмай жүр. Ауыр науқасқа шалдыққандардың да қолы қорға жеткен жоқ. Сондықтан қор негізгі мақсатын толыққанды орындап жатыр деп айта алмаймын.Көмек алуда қағазбастылық бар. Қор өте баяу жұмыс істеп жатыр. Сондықтан қордың кейбір ережелерін өзгертіп, қағазбастылықтан арылу керек. Сосын қордың төрағасы тек Президенттің тапсырмасын күтіп отырмай, ірі кәсіпкерлерге, еліміздегі шетелдік компанияларға қор жұмысын түсіндіріп, қосымша қаржы тартуы керек. Барлық қайырымдылық қор осылай жұмыс істейді,– дейді Бауыржан Мұқанов.«Қазақстан халқына» қоры ең алғаш құрылған кезде көмекке мұқтаж көп халықтың жүрегінде үміт оты оянған еді. Дегенмен қордың шамасы барлық жұртты жарылқауға жетпей отыр.