Ертең «Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдаудың бірінші кезеңі аяқталады. 2023 жылдың алғашқы конкурсы 9 қаңтарда басталды, биыл төрт мерзімді қамтып отыр. Бұрын-соңды жұмысы көктемде басталатын бағдарламаның биыл ерте іске кіріскенінен де өзге бірқатар жаңалығы бар. Мәселен, қоян жылы ауылдан тапсыратын үміткерлерге ғана емес, инженерлік-техникалық қызметкерлер мен медицина мамандарына да жеңілдік көп. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ануар Жангозинмен «Болашақ» бағдарламасының жаңалығы туралы тілдескен едік.
– «Болашақ» бағдарламасының биылғы жаңалықтары қандай?
– Соңғы жылдары үміткерлерге тең мүмкіндік, іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету, бюрократияны қысқарту мақсатында «Болашақ» бағдарламасы ауқымды жаңғыртудан өтті. Стипендия тағайындау конкурсына қатысудың басты талабы – бағдарлама ұсынатын шетелдік жетекші ЖОО тізіміндегі оқу орнынан шақырту алу. Ал ЖОО тізімге халықаралық үш рейтингте алдыңғы қатарда тұрған 250 университет енді.
Екіншіден, биыл жаңа квоталық санаттар енді. 2023 жылғы 9 қаңтарда үміткерлерден құжат қабылдау процесі басталды. Мемлекет басышысының тапсырмасымен инженерлік-техникалық кадр даярлауға басымдық беріледі, осы атаумен жаңа жеңілдік санаты енді. Салалық министрліктер және Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен медициналық қызметкердің квоталық санаты бекітілді. Кемінде 1 жыл жұмыс өтілі бар медицина мамандарына шетелдік конкурсқа ЖОО-дан шартсыз шақыру ұсыну талап етілмейді. Сонымен қатар олар стипендияға ие болғаннан кейін шет тілінен тілдік дайындық курсынан өтеді. Бұған дейін іріктеуге жеңілдетілген шартпен ауылды жерлерден үміткерлер ғана қатыса алатын. Бұл – үлкен мүмкіндік. Инженерлік, техникалық, IT және медициналық мамандардың конкурсқа қатысуға ынтасы мен жігерін арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын.
Үшіншіден, биыл біздің бастамамызбен конкурстық іріктеу процесін жетілдіру және тиімділігін арттыру мақсатында кандидатқа қойылатын талап күшейді. Жаңа ережеге сай, үміткерлер шет тілінің сертификатын тек шетелдік ЖОО-ға тапсырмай, бізге де ұсынуы шарт.
Сондай-ақ бүгінде «Болашақ» стипендиясы аясында қоса қаржыландыру тетігін енгізіп жатырмыз. Яғни, үміткер шетелдік жоғары оқу орнынан грант ұтып алса, бағдарлама тұру, тамақтану, ұшу, оқулықтар сатып алу сияқты қалған шығынды өтейді. Бұл бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге, жоғары оқу орындар географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұндай стипендиаттар үшін еңбек өтілі 1 жылға дейін қысқартылады. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында еңбек өтілі 5 жылдан 4 жылға, өңірлерде 3 жылдан 2 жылға қысқартылады.
– Стипендиатқа қойылатын талапты күшейту бағдарлама үшін қаншалықты тиімді болды?
– Біздегі деректерге назар салсақ, талаптардың күшейгеніне қарамастан «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсуге ниет білдіргендер саны 20 пайызға өсті. Былтыр комиссия кандидаттардың 1 700 өтінімін қарап, оның 461-і грант алды. Сонымен қатар әлемдегі ең пайызы беделді университеттерде оқуға ниет білдіргендердің қарқыны да жоғары. Мысалы, бүгінде Ұлыбританиядағы стипендиаттардың 70 пайызы Оксфорд университеті сынды беделді жоғары оқу орындарынан тұратын Russel group-та білім алып жатыр. 50 қазақстандық АҚШ-тағы Гарвард, Принстон, Йель секілді әлемдегі үздік оқу орындарының Шырмауық лигасында білімін шыңдауда. Бұл еліміздің аумағында да үздік шетелдік жоғары оқу орнына түсуге сапалы түрде дайындалуға болатынын көрсетеді.
– «Болашақ» бағдарламасының грантын иеленген адам енді ағылшын тілінің дайындық курсын оқи алмайды (ауыл тұрғындарын есепке алмағанда). Ағылшын тестілерінен қанша жерден жоғары балл алсаң да, шетелде академиялық білім алу, ол ортаға бейімделу оңай емес. Не себепті мұндай шешім қабылданды?
– Биыл инженерлік-техникалық және медициналық кадрлар үшін де тілдік дайындық курстары енгізілді. Мұның себебі – осы бағытта оқуға түсетін студенттердің шет тілін білу деңгейі көбіне төмен, ол шетелге түскенде айтарлықтай кедергі келтіреді. Ал білім беру, әлеуметтік ғылымдар бағыты бойынша оқуға түсетіндердің әдетте шет тілін меңгерудің деңгейі жоғары болады. Оған қоса, инженерлік-техникалық және медицина саласының ерекшеліктерін, күрделі кәсіби терминологиясын ескерсек, бұл саладағы мамандар үшін сапалы тілдік дайындық өзекті. Жаңа ережеге сай, олар «Болашақ» бағдарламасының іріктеуіне қатысу үшін шет тілінің деңгейі орташа екенін дәлелдесе жеткілікті. Кейін олар білімін шыңдау үшін еліміздің аумағында 6 айға дейінгі, шетелде 3 айға дейінгі тілдік дайындықтан өтеді. Мұндай курстар үздік шетелдік университет жанындағы, ұлттық немесе халықаралық аккредитациясы бар беделді ұйымда өткізіледі.
– Бір кездері шетелде білім алған стипендиат оқуын бітірген соң оған тәжірибе жинау үшін шетелдік компанияларда 1-2 жыл жұмыс істеуге рұқсат ету туралы ұсыныс болған еді. Бұл ұсыныс қолданысқа енді ме? Енбесе, осындай ұсыныстар қарастырылып жатыр ма?