Мария Симонова. Осы есім солтүстікқазақстандықтар үшін бір-ақ күннің ішінде кеңінен танымал болып шыға келді. 19 жастағы қыз белгісіз ер адамды өрттен құтқарып қалды. Петропавл қаласының Жұмысшы кентіндегі үйлердің басым бөлігі жекеменшік жер үйлер. Солардың бірінде кешқұрым өрт шыққаны туралы хабарлама 101 телефонына түсіп, екі бөлімшенің кезекші қарауылы шұғыл келіп жеткен болатын. Бірақ сол маңайда ата-анасымен бірге тұратын 19 жастағы бойжеткен олардан бұрын оқиға орнына келіп жетіп, бір ер адамды тілсіз жаудың құшағынан құтқарып үлгерді. Өрт сөндірушілер келген кезде үй жанып жатқан. Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қызыл жалын сумаңдап көршілес орналасқан үйлер мен қора-қопсыға да қауіп төндірген. Мамандар тілсіз жаумен бір сағат арпалысып, әупірімдеп жүріп ауыздықтаған. Үй иелерінің жиһазы мен жеке заттары, үйдің төбесі өртеніп кетті. Өкініштісі, тілсіз жау үй иесінің өмірін жалмап кетті. Абырой болғанда, 32 жастағы тағы бір ер адамның өмірін сақтап қалудың сәті түскен. Бұған бар болғаны 19 жастағы бойжеткен Мария Симонова себепкер болған. Өзінің айтуынша, қою қара түтінді көрген қыз сол жерге жүгіре жеткен. Жүрек жұтқан қыз отқа оранған үйдің есігін ашып, ішке кіргенде жерде жатқан жігітті көріп, оны сыртқа алып шыққан. Содан соң ғана ол өрт сөндірушілерді шақырған. Мария құтқарған адамның қолы мен басын аздап от шалғаны болмаса, дәрігерлердің көмегіне мұқтаж емес екені анықталды. Кейін белгілі болғанындай, Мария қалалық техникалық колледждің төртінші курс студенті екен. Техник-механик мамандығы бойынша білім алып жүр. Спортпен шұғылданады. 10 жыл бойы каратэ секциясына қатысыпты. Өз күшіне сенімді болуының бір себебі осы болса керек. Жалпы, мектепті тәмамдаған соң құтқарушы мамандығына оқуға түсу туралы ойы болған екен. Бірақ жарақат алуына байланысты мұның сәті түспепті.
Мария Сергеевна ерлік жасадым деп есептемейді. «Біреулер қиындыққа тап болған кезде шетте қала алмадым. Адамдар кез келген жағдайда бір-біріне жанашыр болуы керек деп санаймын. Алмағайып жағдайда біреудің қиындығына бейжай қарауға әсте болмайды. Бұл өмірде бәріміз де көмекке мұқтажбыз!», – дейді Мария.Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшылығы өжет қызға батырлығы үшін алғыс білдіріп, оны марапаттау туралы бастама көтерген болатын. Жуырда лайықты марапат өз иесін тапты. Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Мария Симонова «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен наградталды. Салтанатты іс-шара барысында департамент қызметкерлері, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және БАҚ өкілдері алдында сөз алған департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Дмитрий Растихин бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтіп, жастарды қазақстандық қоғамның үздік дәстүрлері – жауаптылыққа, жанашырлыққа, қиын сәтте кадамдарға көмектесуге деген ұмтылысқа тәрбиелеудің мән-маңызын атап өтті. Дмитрий Иванович бір ай бұрын Марияның жерлесі, 71 жастағы ер адамның өмірін өрттен сақтап қалған кәсіпқой боксшы Евгений Павлов та марапатталғанына назар аударды.
«Мария да, Евгений де әр жылдары №42 орта мектепті бітірген. Бұл білім ошағын азаматтық құтқарушылардың ұстаханасы деп атауға болады. Менің ойымша, Мария бәрімізге азаматтық батылдықтың жарқын үлгісін көрсетті, біреудің қайғысына бейжай қарамай, оқиғаны смартфон камерасына түсіріп, өрт орнынан кетіп қалмай, түтінге толы үйге батыл кіріп, адам өмірін құтқарды. Осы үшін сізге Қазақстанның құтқарушылары мен өрт сөндірушілерінің атынан көп рақмет! Мен сізді марапаттау құрметіне ие болғанымды мақтан тұтамын!», – деді Дмитрий Растихин.Жиында сөз алған азаматтық қорғау органдарының ардагері Ерік Мәжитов пен Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Марат Сыздықов Марияға төтенше жағдайда көрсеткен батылдығы үшін шын жүректен алғыс айтып, еңбегінде табыс пен өмірдің бар игілігін тіледі. Өз кезегінде Мария Төтенше жағдай министріне, облыстық департамент басшылығына награда үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта да егер алда-жалда қиын жағдайға кезіге қалса, ойланбастан дәл осындай қадамға баратынын жеткізді.
«Дәл сол сәтте адамдардың өміріне қауіп төніп тұрды. Мен басқаша әрекет ете алмадым», – деді қарапайым қыз жай ғана.Мария бұған дейін еріктілер акцияларына ұдайы қатысқан. Бойжеткеннің батылдығы, жеделдігі мен жанқиярлығының және жедел әрекетінің арқасында адам өмірін сақтап қалудың сәті түскені бүгінде қызылжарлықтардың аузынан түспей айтатын әңгімесіне айналды. Бұған дейін дәл осындай жағдайда петропавлдық кәсіпқой боксшы 23 жастағы Евгений Павлов түн ішінде 70-тен асқан көршісін өртеніп жатқан үйден алып шығып, «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталған болатын.
Солтүстік Қазақстан облысы