«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты өткен жартыжылдықтағы қызметін қорытындылап, атқарылған жобалардың ауыз толтырып айтарлық нәтижелерімен бөлісті. Осы уақыт ішінде мыңнан астам іс-шара өткізіп, жаңа жобалардың жемісті жүзеге асуына мұрындық болған жастар қанаты алдағы күннің жоспарын да бірге талқылады. Жүз мыңнан аса рухтас жандарды бір қанаттың астына жинаған елдегі ең ірі ұйымдардың бірі «Жастар Рухы» былтыр шілде айында кезектен тыс VI съезін өткізіп, оның барысында трансформация бағдарламасын қабылдады. Сөйтіп, ұйымның атауы «Жастар Рухы» деп өзгертілді. Оның құрамында білімге ұмтылған, еңбекқор, патриот жастар жиналған. Соның арқасында ұйымның жарты жылда атқарған жұмысы да ұшан-теңіз десе болады. Есепті кезеңде жас рухтастар ірі әлеуметтік, экологиялық, патриоттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, сондай-ақ қайырымдылық акцияларға бастамашылық жасады. Барлығы 1 000-нан астам іс-шара өткізіліп, елдегі саяси науқандардан бастап аймақтарда қиын жағдайда қалған тұрғындарға да қолқабыс етті. Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айуынша, осы жүзеге асырылған жобалардың ішінде Qaisar әскери-патриоттық жобасы, ТазаLike экологиялық тәрбие жобасы, Dombyra Party, AMANAT CUP бірінші республикалық шахмат турнирі, Bir Tolqynda және «Рухтастар Cases» диалог алаңдары, Республика күніне арналған «Менің елім – менің туым» акциясы, Jaidarman ойындары сияқты көптеген бастама көпшілік көңілінен шықты. Сонымен қатар ол Қостанай облысындағы өрт пен Екібастұз қаласындағы төтенше жағдай кезінде жастардың атқарған волонтерлік қызметіне жеке тоқталды. Оның сөзіне сенсек, 1 300-ден астам ерікті бүкіл ел аумағы бойынша гуманитарлық көмек жинаған. Әулиекөлдің өзінде 300 белсенді үйінділерді аршуға, аумақты тазартуға, мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен қажетті тауарларды таратуға қолғабыс етті. Ал Екібастұз жылусыз қалған кезде ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырып, жалғыз тұратын зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар туралы ақпарат жинау үшін аулаларды аралап, өз үлестерін қосты.
Сондай-ақ ребрендингтен кейін өтіп отырған трансформация бағытындағы жиынды ұйымның белсенді жастары Instagram, Facebook және Tik Tok әлеуметтік желілері арқылы онлайн режимде де көруге мүмкіндік алды. Ондағы мақсат – алдағы атқарылар істерді де жастардың өзімен ақылдаса отырып, жаңа жобаларды бірге талқылау. «Өйткені «Жастар Рухы» еліміздегі ең ірі, ең белсенді жастар ұйымы. Сондықтан бізге жүктелген жауапкершіліктің жүгі ауыр. Бүгін де онлайн форматта мыңдаған жасқа ұйымның 2023 жылға дейінгі жоспарлары мен сол азаматтармен бірге атқарған жұмыстарымызды түйіндейміз» деп атап өтті Нұрлан Жетпісбаев.Жастар қанатының «Жастарға жұмыс» жобасы негізінде 100 мыңнан аса жас жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, «Жастарға кеңес» жобасының да игілігін көрген жастар жетерлік. Мәселен, студенттердің жатақханаға қол жеткізуіне, жастардың құқығын қорғауға қатысты мыңнан астам маңызды шаралар ұйымдастырылды. Аймақтарда және республика көлемінде өткізілген іс-шаралар да бар. Айталық, ұйымның мұрындық болуымен елімізде алғаш рет төл өнеріміздің бірі – домбыраны кеңінен насихаттау, жастардың шахматқа қызығушылығын арттыру мақсатында өткізген жобалары да жемісін беріп келеді.
«Сәтті іске асқан жұмыс көп. Бірақ біз осы атқарған жұмысымызбен тоқталып қалмаймыз. Сол үшін біз осындай есеп беру жиынын өткізіп, алдағы уақытта атқарылуы тиіс жобаларды да жастардың өзімен талқылап, ақыл-кеңестері мен ұсыныс-тілектерін тыңдау үшін жиналып отырмыз. Жастардың негізгі сұранысы – жұмыс, тұрғын үйге қол жеткізу болса, студент жастар жатақхана мәселесін, отандық білім сапасын жақсарту бойынша ұсыныстарын айтып жатыр. Осы тақырыптарды негізге ала отырып қолға алынуы тиіс жобаларға маңызды мәселелерді жоспарлап отырмыз. Бұл өте маңызды. Мысалы, біз осының алдында да жастардың өзімен кеңесіп Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға күш жұмсадық. «Жастарға жұмыс» жобасы аясында жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдармен бірге жастарға 2,5 пайыздық несие беруді жастар арасында кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өйткені көптеген жастар осындай жақсы жобалар туралы хабарсыз қалғандықтан, мемлекет беріп отырған мүмкіндікті қолдан жіберіп алады. Тау-кен өндірісін байытудан бастап ірі ұлттық компанияларға тағылымдамалар ұйымдастыру арқылы жастарды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Біз де өз кезегімізде осындай игілікті істердің атқарылуына мұрындық болып, бастауыш партия ұйымдары арқылы таныс-тамыры жоқ жастарды таңдап тәсілі арқылы жұмысқа алуды көздейміз», – дейді «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.«Менің елім – менің тілім» жобасы туралы айтқан белгілі блогер Яков Федоров биыл еліміздің 12 облысында «Жастар Рухы» өңірлік филиалдарының базасында «Сөйле» тілдесу клубтарын ашу туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Оның айтуынша, клубта сабақтар ғана емес, қазақ мәдениетімен танысу үшін қазақ киносын көру, театрларға, мұражайларға бару сияқты басқа да түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Сондықтан жас рухтастар өз қатарына қосылып, қазақ тілін үйренетіндердің көп болғанын қалайды.