«Болашақ» қауымдастығы «Болашаққа сеніммен» жобасы арқылы 11-12-сынып оқушыларына мамандық таңдауға көмектеспекші. Бұл туралы қауымдастық кеңесінің мүшесі Мұхтар Манкеев айтты.
– Біз ресми түрде «Болашақ» қауымдастығының атынан жаңа жобаны бастағалы отырмыз. «Болашаққа сеніммен» жобасы мектеп бітіріп жатқан түлектерімізге өзінің кәсіби бағдарын, жолын таңдай білуіне арналған нақты жоба болмақ. 2022 жылы біз пилоттық негізде 40-тан астам мектепте кездесу өткізіп, 3 мыңнан астам оқушыны қамтыдық. Оның бәрі 10,11,12-сыныптағы болашақ түлектер. Мамандық таңдау кезінде оларда қандай триггерлер, қандай стимулдар болу керегін «Болашақ» менторлары арқылы үйретеміз, – деді қауымдастық өкілі.Мұхтар Манкеевтің айтуынша, бұл жоба науқандық шара болып қалмау үшін жүйелі түрде дамытуға күш салынбақ. Жоба аясында «басты менторлар» деген топ жасақталып жатыр. Осылайша, осы жобаға қатысқысы келетін азаматтар ұсыныс білдіре алады. Ұйымдастырушылар берген мәліметтер бойынша кері хабарласып, көмек береді. Сондай-ақ «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі 2030 жылға қарай трендте болатын ТОП-7 мамандықты атады.
– World Economic Forum 2025-2030 жылдары сұранысқа ие болатын ТОП-7 мамандықты атады. Солардың ішінде бұрын болмаған екі кәсіптің бірігуінен туындаған ІТ дәрігер деген мамандық шығып жатыр. Бұрын блогерлер, SMM менеджерлер дейтін едік. Оларды ешкім оқытпайтын да. Қазір солардың басын біріктіретін «тренд бақылаушысы» деген кәдімгі кәсіби бағыт дамып келе жатыр. «Биоинженер», «деректер талдаушысы» немесе «data-аналитик» деген мамандықтар сұранысқа ие болмақ. «Урбаинст-экологтерге» де сұраныс артып келеді. Бұрын тек архитекторлар жұмыс істесе, қазір экологияны бірге алып жүретін гибрид мамандық пайда болды. «Жоба менеджері», «жасанды интеллект және машиналық оқыту саласындағы маман» деген сияқты жаңа-жаңа бағыттар дамиды, – деді ол.Сарапшының айтуынша, бұл мамандықтарға 2025 жылдан кейін мектеп бітіретін оқушылар бағдарлануы керек.
– Әрине, қазіргі түлектерге алдағы 5-10 жылда қандай мамандықтар трендте болатынын жеткізуіміз керек. Сондай-ақ қазір 1-сыныпқа келіп жатқан балаларды да ұмытпауымыз қажет. Оларға кәсіби бағдар бойынша бөлек пән, пән кабинеттері ашылып жатыр. Біз соларға 100-ден астам жойылып келе жатқан мамандықтың тізімін де қалдырып жүрміз. Сол арқылы олар қай мамандықтың керек болатынын, қай мамандықтың керексіз болып қалатынын біліп отырады. Оның бәрін ойымыздан шығарып жатқан жоқпыз. Нақты ғылыми деректер негізінде қорытынды шығардық, – деді Мұхтар Манкеев.Статистика бойынша, еңбекке қабілетті халықтың 60 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сондай-ақ мектеп оқушыларының 80 пайызы ата-анасы мен мұғалімдердің ықпалымен мамандық таңдайды. Бұл ретте ата-аналардың 25 пайызы балаларының қандай мамандық таңдағысы келетіні туралы түсініктері жоқ екенін мойындайды. Осы сияқты басқа да статистикалық мәліметтер аталмыш жобаны қолға алуға ықпал еткен.